Сейсенбі күні Иордан өзенінің Батыстық жағалауында палестиналықтар мен израильдық қауіпсіздік күштері арасындағы ірі қақтығыстар болып өтті. Бұл туралы «Қамшы» порталы euronews.com-ға сілтеме жасай отырып хабарлайды. Палестиналық топтар бұл күнді «Ашу-ыза күні» деп жариялады. Манифестанттар көлік дөңгелектерін өртеп, полиция қызметкерлеріне тас атты. Бұған жауабы ретінде полиция қызметкерлері көзді жасаурататын қышқыл газ бен резеңке оқ пайдаланды. Зорлық-зомбылықтың бұлай күшеюіне палестиналық үкімет қайтадан Израильге кінә тақты.
«Біздің халыққа қарсы әскери қылмыстар мен зорлық-зомбылықтың, хаостың, экстремизм мен қан қантөгістің қазіргі толқынына израильдық үкімет толық жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Бүгін, Палестина президенті Махмуд Аббастың өкімімен, біз Израильдің премьер-министріне, сонымен қатар Қорғаныс министріне және Қауіпсіздік күштерінің басшыларына қарсы Халықаралық қылмыстық сотқа арыздану туралы шешім қабылдадық», - деді, «Палестинаны азат ету» ұйымының Атқару комитетінің мүшесі Саид Арикат.
Соңғы екі апта ішінде аталмыш қақтығыстар барысында палестиналық халықтың 30-ға жуығы көз жұмып, жүздеген адам ауыр жарақат алған. Сейсенбі күні израильдық жауынгерлер жандырғыш затты әскери көлікке қарай бағыттамақ болған палестиналықты атып өлтірген болатын.
Пікір қалдыру