1350 теңге жегені үшін әкім жұмыстан кетті

/uploads/thumbnail/20170708200523175_small.jpg

Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданы, Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі Ерсайын Данабек өз орнын еркінен тыс босатып отыр.

            Себеп тағы сол – қоғамды жегі құрттай жеп жатқан жемқорлық. Алайда маңдайдың соры болған миллиондар желінбеді бұл жолы. Бар болғаны 1350 теңге. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Мой Город» порталына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

            Даудың басы балабақшадағы унитаздан шығып отыр. Биыл жазда болған жөндеу жұмыстары барысында басшы мердігерге 29 мың теңге артық төлегені анықталған. Алайда басшы бұл қаражатқа екі унитаз және төрт раковина алғызғанын, кейін құбырдың жоқ болуына байланысты оның құрылмағанын мәлімдеген.

            Қайта тексеру барысында 1350 теңгенің жетіспейтіндігі белгілі болған. Сөйтіп, Ерсайын Данабектің ісін Шалқар аудандық әкімдігіндегі тәртіптік кеңесте қарауға шешім қабылданады. Қысқасы соған бола ауыл  әкімі өз орынынан айырылып қалған. Қазір ол өз құқығын қорғау үшін тәртіптік  кеңеспен соттасып әлек.

            «Бұл уақытта аудан әкімі демалыста болатын. Жұмыс орнын босатсын деп үкім шығара салғаны болмаса, оның орынбасары назарын бұрып та қарамады. Мен мұнымен келіспеймін. Өйткені, ешқандай жемқорлық фактісі орын алмаған. Оның үстіне, прокурорлар да өз құжаттарында көптеген мәліметтерді жалған жазды. Қазір олармен соттасып жатырмын. Өзімді заңсыз жұмыстан шығарып жібергенін дәлелдеймін», - дейді экс-шенеунік.

            Ерсайын мырза бүгінге дейін екі соттан ұтылып тынған. Енді ол жоғарғы сотқа дейін барамын деп отыр.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар