Депутат Қарақат Әбден мәжіліс отырысында 2024 жылды зорлық-зомбылықпен күресу жылы деп жариялауды ұсынды. Бұған елдегі әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық пен харассмент оқиғаларының көбеюі себеп болып отыр. Депутаттың айтуынша, соңғы 10 айда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 85 әйел қаза тапқан.
"Мемлекет басшысы өз жолдауында «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыруды тапсырды. Сондықтан қоғамда орын алып жатқан істерге біріміз бірдей әсер етуіміз қажет. Көршінің үйіндегі дау-дамайға, әйелдің, студент қыздардың көмек сұраған жанайқайына бей-жай қарасақ, әріптес келіншектің бет-әлпетіндегі көгерген іздерге жанашырлық танытпасақ, заңда құдірет қалмайды. Айтылған ойымды қорытындылай келе, келер жылды зорлық зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынамын!!!", деді депутат.
Сондай-ақ Қарақат Әбден харассментке қатысты заң қатаң қаралып, заң жобасына түзетулер мен өзгертулер енгізілу керегін айтты. Депутатқа харассментке ұшыраған студенттерден 100-ден аса хат келген.
"Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындап отыр.
Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Еш қорықпастан болған жағдайды жайып салды. Тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Бірақ, біз – мұндай мәселені әрқашан студенттің – батылдығына, басшының – әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Жүйелі, кешенді шешімдер керек.
Кеше ғана мектеп бітіріп, ауылынан шығып көрмеген ақүрпек балапандай жап-жас қыздарды қорғауымыз керек. Ибалы, кей-кезі тым ұялшақ, мүмкін, жасқаншақ қазақ қызы – өз басынан өткен осындай жағдайды айта бермейді", деді Қарақат Әбден.
Пікір қалдыру