Жазушы Мұхтар Мағауин елдегі діни ахуалға қатысты пікір білдіріп, қазақтың діннен арылуы керегін айтты. Бұл туралы жазушы "Халық үні" порталының журналисі Ая Өміртайға берген сұхбатында айтты.
"Дін деген апиын деген. Сол дұрыс сөз. Оның мәнісін ұғынып жатқан жоқ. Апиын аз қолданса ем, көп қолданса ауру. Мен солай ұғынамын. 19 ғасырдағы қазақтың зиялылары, оқығандары неге қарсы күресті? Отарлыққа қарсы әрекет жасап, дінге қарсы күресті. Дін деген қараңғылық. Әсіредіншілдіктің түкке керегі жоқ. Мәдениет пен ғылым-білімді жеткізетін дін емес. Мешіт емес, мектеп. Бізге арабтың не керегі бар? Оның бәрі біздің табиғатымызға жат нәрсе. Жалпы діншілдікті азайту керек. Қазақ діннен арылу керек. Кәдімгі зиялылыққа жету керек. Зайырлы мемлекеттік санаға жету керек. Әсіресе, балаларды бұзып бара жатыр. Жазатын да, айтатын да нәрсе көп. Енді ойламаған жерде, дін қазаққа қайшы болып шықты. Діндарлар қазақтың салты мен дәстүріне қарсы. Киіміне қарсы. Тіпті, қазақтың тілін бүлдірді. Соңында бейіт тұрғызуға қарсы шығып, келін сәлем бермеу керек деді. Осының бәрі қазақты құртатын нәрсе. Біразына заң жүзінде шара қолдану керек. Кешегі сәләфиттердің насихатшылары бар көрінеді. Назарбаевтың інісінің баласы қазір түрмеде отыр. Оларға мемлекет тарапынан, Назарбаевтың тарапынан қолдау болды. Өйткені ол қазақты екіге бөледі. Насихаты үкіметке қарсы болмаса болды. Мемлекеттік ұлттық санадан айырады. Сондықтан бұл қазаққа қарсы жасалған қылмыс болатын", дейді Мұхтар Мағауин.
Пікір қалдыру