Мұхтар Мағауин: Назарбаев жөнінде орнында отырған кезде айтқанмын

/image/2024/01/05/crop-25_5_564x1002_2024-01-05_22-12-11.png

Жазушы Мұхтар Мағауин "Халық үні" порталының журналисі Ая Өміртайға берген сұхбатында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір білдірді. 

"Назарбаев жөнінде мен орнында отырған кезде айтқанмын. 1995 жылдан бастап талай рет айтылды. Айтқандарым жазылды, басылды. 1995 жылы академиядағы кездесуде қатты айттым. Сол кезде алғаш рет Сағадиев сайланған кезде "Академияны жаптырады", деп айтқанмын. Бұл – ешқандай көріпкелдік емес. Мен өз құрдасымды жақсы танимын. Сол кезде "Қасқыр қойды жек көргеннен жемейді. Таудағы резиденцияларыңыз өте жақсы екен.  Соны алу үшін академияны таратады", дедім. Бұл сөздерімнің бәрі жоғарыға жетіпті. Кейін таратты ғой. Ал Назарбаев туралы бұған дейін "Ұлтсыздану ұранында" айттым. Әлемде нешетүрлі патша болды. Данышпан патшалар болды. Қолбасшы патшалар болды. Саясаткер патшалар болды. Ақымақ патшалар болды. Психологиялық жағынан ауыратын патшалар болды. Бірақ халқын, елін жерімен қоса сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды", дейді Мұхтар Мағауин сұхбатында. 

Бұдан бөлек жазушы заманында кей зиялы қауым өкілдері Назарбаевты мақтап есіртіп жібергенін айтты. 

"Басында үміт еттік, әрине. Кездейсоқ келген адам еді. Алайда ол – отарлық үкіметтің одан әрі отарлай беру үшін қойған адамы. Әуелбеков болды, басқалары болды. Алайда Гарбачев деген өте зұлым адам ғой. Бірде жазғаным бар, соқыр Николайдан өткен мисыз Михаил. Ол қазақты жаншып тастау үшін Желтоқсанды ұйымдастырды. Әуел бастан қазаққа қарсы жұмыс жасады. Қазіргі жемқорлық жеу деген ол бір ғана нәрсе. Назарбаев қазақты тоздырды, аздырды. Голощекин  кезінде қазақтың үштен екісін қырып тастаса, Назарбаев бүкіл қазақтың жан дүниесін жоқ қылды. Бұзылды. Халық бұзылды. Бұл жөнінде кейінірек арнайылап жазатын шығармын.  Назарбаев отарлық заманның жалғасы, сол бұрынғы отарлау үкіметінің резиденті. Әрине, белгілі бір мөлшерде қазақтың, өзіміздің де кінәміз болды. Зиялы қауым Назарбаевты Нұх пайғамбарға да, Мұса пайғамбарға теңеді. Оның бәрі сақталып тұрған шығар. Сондықтан белгілі мөлшерде есіртіп жіберген өзіміз", дейді жазушы. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар