Бұл туралы 90-маусымның ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатында Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл мәлімдеді. Онда жұртшылыққа өткен маусымдағы театр жұмысы мен жаңа жоспарлар таныстырылды. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
- Театр жаңа маусымға зор жетістіктермен жетіп отыр. Биыл ұжым республикалық ауқымдағы бірнеше мәдени іс-шараларға қатысты. 11- қыркүйек күні елуден аса актеріміз Елорда төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Мәңгілік ел» театрландырылған қойылымына қатысса, күні кеше Тараз қаласында өткен мерейтойлық салтанатта Ж. Ерғалиевтің «Қилы заман» шығармасы желісіндегі жаңа қойылымды жұртшылық назарына ұсынды. Шығармашылық ұжымның бұл еңбегі мемлекет басшылығы, қалың көрермен тарапынан зор бағаға ие болды, - деді журналистерге театр басшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл.

Театрдың биылғы маусымы режиссер, ҚР халық әртісі Е. Обаев сахналаған «Абай» трагедиясымен ашылды. Қойылымдағы Абай рөлін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Е. Біләл, Әйгерім бейнесін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Д. Жүсіп сомдады.
Баспасөз мәслихатында, сонымен қатар, жыл соңына дейін «Қилы заман» қойылымының сахналық нұсқасы көрермен назарына ұсынылатыны айтылды. «Қамшы» ақпараттық порталы тілшісінің Алашорда үкіметінің алда келе жатқан 100 жылдығына дайындық барысы, осы датаға орай театрдың шығармашылық жоспары туралы қойған сауалына театр басшысы, Е. Біләл:
- Академиялық театр ұжымы мемлекеттік маңызды мұндай шаралардан шет қалған емес. Тарихи тақырыптар біздің театр репертуарының басым бөлігін құрайтынын барлықтарыңыз білесіздер. Алашорда тақырыбында жазып жүрген драматургтармен жұмыс істеу жоспарымызда бар. «Алаш» партиясының 100 жылдығы қарсаңында мемлекеттік деңгейде қолдау жасалып, қаржыландыру мәселесі ойдағыдай шешіліп жатса, көрермендерге ондай қойылым ұсынатын боламыз, - деп жауап берді.
Академиялық театр ұжымы қазан, қараша айларында Минск қаласында өтетін Балтық жағалауы және ТМД елдері жас театр қайраткерлерінің ІІ Халықаралық форумына, Қырғыз Республикасының «Арт Ордо» Халықаралық фестиваліне, Атырау қаласында ұйымдастырылатын белгілі драматург, жазушы Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестиваліне қатысатынын айта кеткен жөн.
«Қамшы» сілтейді