"Иә, қызметтік тергеу жүргізілді, көптеген қызметкер, соның ішінде лауазымды тұлғалар жазаланды", деді Бауыржан Сыздықов.
Бірақ ол қай қызметкер жазалғанын, оларға қандай жаза қолданылғанын нақты айта алмады.
"Енді ол арада әртүрлі жаза бар, сондықтан ресми түрде хабарлассаңыздар, біз кейінірек нақтылап береміз", деді вице-министр.
Сыздықов Алматыдағы жер сілкінісі туралы алдын ала құлақтандыру жүйесіне бөлінген ірі қаражат мәселесіне қатысты түсініктеме бере алмайтынын жеткізді. Өйткені аталған мәселемен бүгіндері прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысып жатқан көрінеді.
"Бұл арада мынаны айта кеткен жөн, құлақтандыру жүйесі, егер алдын ала хабарландыру жүйесін алатын болсақ, онда екі жыл ішінде, айталық, 28 датчик қойылды. Жалпы, Алматы бүгінде 100%-ға қамтылған, дабыл, құлақтандыру қондырғыларымен 100% қамту жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бұл жүйе жұмыс істеп тұрғанына өздеріңіздер куәсіздер", деді ол.
Ол сатып алынған 28 датчик қазір сынақ режимінде жұмыс істеп тұрғанын айтады.
"Олардың барлығы мамандар белгілеген орындарға орнатылып, қазір сынақтан өтіп жатыр. Ал тестілеу мерзімі бір жылға созылады. Яғни, біз оларды бір жылдан кейін ғана өндіріске шығарамыз... 2022-2023 жылдар барысында екі жылда сатып алынды, бірінші жыл, менің ойымша, 11, екінші жылы 17 датчик алынды", деді Бауыржан Сыздықов.
Пікір қалдыру