Қызылордада кәмелетке толмаған бала тісін жұлғаннан кейін мүгедек болып қалған

/image/2024/08/23/crop-18_8_657x1168_1200xauto_upj9w6qqx8qei0b9qqu55uj9ww5pchtagqv7wkol.jpg

Жоғарғы сот тісті дұрыс жұлмағанның салдарынан бала мүгедек болып қалған жағдайға байланысты мәлімдеме таратып, сот стоматологиялық емханадан моральдық шығын мен материалдық шығын үшін 1,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндіргенін хабарлады.

Жоғарғы сот мәлімдемесінде оқиға төмендегідей баяндалады.

Қызылорда қаласының тұрғыны баласының тісі ауруына байланысты орталық қалалық емхананың балалар стоматологиясына барып, тіс дәрігері баланы емдеп, тісін жұлып тастаған. Емдеуден кейінгі келесі күні баланың жақ сүйегі ісініп, денсаулығы нашарлаған. Кейін балаға облыстық көпсалалы аурухананың жақ-бет бөлімшесінде «Сол жақ төменгі жақтың жедел іріңді одонтогенді флегмонасы, 7,5 тісін жұлғандағы жағдайы» диагнозымен екі рет ота жасалған.

Арада алты ай өткенде баланың жақ сүйегі қайта ісіп, іріңді жарасы жазылмағандықтан, олар Алматы қаласында ақылы негізде хирургиялық араласу арқылы ауруханада емделуге мәжбүр болған.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті жүргізген тексеріс қорытындысына сәйкес, емхана тіс дәрігері кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық диагностика және емдеу хаттамаларын сақтамаған.

Оның тісін орта медициналық білімі бар стоматолог алып тастаған, емдеу алдында жақ сүйегінің рентгенографиясы объективті тексерілмей, асқынулар - төменгі жақтың қабыну процесі болған.

Баланың анасы стоматологиялық емханадан өзіне келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеуді сұрап, сотқа жүгінген.

Ол емхана медицина қызметкерінің салғырттығы мен алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеуінен ауру асқынып, бала 2 жылға жуық ұйықтай алмай, дәрігерлердің қорытындысы бойынша мүгедек болып қалғанын көрсеткен.

Сондай-ақ ақылы негізде үш операция жасауға, тісті емдеуге және дәрігерлерден кеңес алуға мәжбүр болған.

Сот стоматологиялық емханадан моральдық шығын мен материалдық шығын үшін 1,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп берген.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар