Белгілі исламтанушы Мұхиддин Исаұлы некенің шариғаттағы шарттарын түсіндіріп, қоғамда жиі кездесетін қателіктерге тоқталды.
Шариғат бойынша некені мешітте қию – міндетті емес. Екі адам куәлік етсе, неке қиыла береді. Бірақ біз зайырлы елде, қоғам болып өмір сүріп жатқандықтан, мүфтияттың бекіткен тәртібі бар. Яғни мешітте неке қию үшін заңды түрде тіркелген неке куәлігі болуы керек және ата-анасының келісімі қажет, – дейді теолог.
Оның айтуынша, мемлекеттік тіркеусіз қиылған мешіт некесінің шариғат бойынша күші бар, бірақ бұл заң жүзінде отбасы деп танылмауы мүмкін.
Неке – жай ғана қол қою емес. Оның шарттары бар: екі жақтың келісімі, куәгерлердің болуы. Ал бізде кейбір ағымға еріп кеткен азаматтар мешітке бармай-ақ, біреуді некелеп жатады. Кейін айырылысып кетеді. Бұған себеп – ретсіз, жауапсыз қадамдар, - деді Исаұлы.
Исаұлы "азаматтық неке" желеу екенін айтады.
Яғни екі жас "бірге тұрып көреміз" дейді. Бірақ бұл отбасылық өмірге соққы. Кейін салдары ауыр болады. Менің ойымша, мемлекет осындай заңсыз некеге тыйым салуы керек сияқты..., - деді ол.
Осыған дейін белгілі исламтанушы, теолог Мұхиддин Исаұлы еліміздегі ажырасу деңгейінің артуын үлкен трагедия деп атаған еді.