Елімізде Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» әңгімесінің негізінде көркем фильм түсірілмек

/uploads/thumbnail/20250512132706479_big.webp

Премьер-министр Олжас Бектенов қазақы ит тұқымын сақтау, өсімін молайту және дәріптеу мәселелеріне қатысты депутаттық сауалға жауап берді.

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңды іске асыру шеңберінде үкімет тазы мен төбет тұқымын сақтау және өсімін молайту саласында шаралар қабылдады. Мәселен, 2025-2035 жылдарға арналған қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі жол картасы бекітілді, ол аталған ит тұқымдарын қорғауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған», - деп мәлімдеді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ премьердің айтуынша, қазақы ит тұқымының тиісті стандарттары қабылданып, «Қазақ тазысы» тақырыбына ғылыми зерттеулер жүргізілді. «Қазақ төбеті» тұқымы бойынша осындай жұмыс 2025 жылы аяқталады.

«Қазақы ит тұқымының тазалығын қорғауға қатысты мәселені қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен талқылау қорытындысы бойынша қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заң шеңберінде қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы құрылған», - деді үкімет басшысы.

Бұл орталық қазақтың таза тұқымды иттерін өсіруді бақылауды, иттерді сынап көруді, олардың көрмелерін, байқаулары мен жарыстарын ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын болады.

Ол сонымен қатар, тазы мен төбет күні неге 3 қыркүйекке белгіленгенін де түсіндірді. 

«Бұл мәселе бойынша 3 қыркүйекті осындай күн ретінде белгілеу аталған қоғамдық ұйымдармен, кинологтармен және тазы мен төбет селекционерлерімен талқыланғанын хабарлаймыз. Бұл осы күні қазақы ит тұқымының халықаралық деңгейде алғаш тіркелуіне, сондай-ақ «қазақ тазысының» алдын ала ресми халықаралық деңгейде танылуына байланысты», - деп жауап берді премьер-министр.

Сондай-ақ Бектеновтың мәлімдеуінше, белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» атты әңгімесінің негізінде көркем фильм түсіруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасы негізінде көркем фильм түсіру мәселесі бойынша қазіргі уақытта қолайлы сценарийлерді іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтеміз», - деді премьер депутаттық сауалға жауап бере отырып.

Қатысты Мақалалар