Жемқорлық жайлаған Астана: Қасымбек қайда қарап отыр? (Видео)

/uploads/thumbnail/20250513143812799_big.webp

Астанадағы әкімдік ғимаратында не болып жатыр? Бұл сұраққа жауапты мемлекеттік мекемеде қарапайым қызмет атқарып жүрген Жұлдызай Аянқызы беріп отыр. Ол "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығында орын алған бассыздықты әшкерелеп, қала басшылығына – әкім Жеңіс Қасымбек пен тиісті министрлік өкілдеріне ашық үндеу жолдады. Айтуынша, мекеме ішіндегі жемқорлық пен кландық басқару жүйесі белең алып, оған қарсы шыққан қызметкерлер қудаланады.

"Жұмыс істемейтіндер жалақы алып отыр"

Жұлдызай Аянқызының мәліметіне сүйенсек, орталықта жұмысқа тіркелгенімен, мүлде келмейтін «өтірік қызметкерлер» тізімі бар. Бұл "қызметкерлердің" басым бөлігі — директордың туыстары, бухгалтердің құрбылары, директор орынбасарының күйеуі мен әкімшілікке жақын адамдар т.б.

Жұлдызай Аянқызының айтуынша, бұл заңбұзушылық тек "Жанұя" орталығымен шектелмейді. Сол сияқты Мансап орталығы мен басқа да басқару құрылымдарына да таныс-тамыр арқылы кіріп алғандар бар. Бұл — бюджеттік қаражаттың ашық түрде тоналуы деген сөз.

Ал мұның бәрін әшкерелемек болған Жұлдызай Аянқызының өзі қазір қудалауға ұшырауда. Бұл – мемлекет қызметкерінің адал еңбегі мен азаматтық ұстанымы үшін жазалануы. Әрі әділетті қоғам орнатамыз деген биліктің бетіне шіркеу.

Әкім Жеңіс Қасымбек қайда қарап отыр?

Әкімдік бюджетінен қаржыландырылатын, халыққа қызмет көрсетуі тиіс мекемелер кландық клубтарға айналып бара жатса, Астана әкімі неге үнсіз? Қала әкімінің міндеті – қаладағы жүйені әділ басқару. Ал қазіргі жағдай – "Астана – сыбайластықтың астанасына" айналып бара жатқанын көрсетіп тұр.

Бюджет есебінен жалақы алып, жұмыс істемейтін "адамдарды" тіркеу – ұлттық ресурстарды ұрлау. Бұл – қылмыс. Мұндай жүйені бүркемелеу – тек қана әкімдіктің емес, орталық биліктің де беделіне нұқсан келтіреді.

Жемқорлықпен күрес – тек сөз жүзінде емес, нақты әрекетпен дәлелденуі керек. Бұл үндеуге жауап бермес бұрын, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаның тек кабинеттегі баяндамалармен шектелмей, қарапайым қызметкерлердің де уәжіне құлақ асып, олардың мәселесіне тереңірек үңілгені орынды болар еді. Әйтпесе, Астананың әдемі келбеті – әділетсіздіктің бояуымен жуылып, ел сенімінен түбегейлі айырылады.

    

Қатысты Мақалалар