Нан бағасын төмендетуге мемлекет мүдделі емес

/uploads/thumbnail/20170708203123601_small.jpg

ҚР-ы Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков еліміздің әр аймағында күн санап өсіп бара жатқан нан бағасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы «Қамшы» порталы total.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, нан бағасын нарық реттеуі керек. Ол үшін мемлекет осы салаға бөлінетін субсидияларды қысқартып, сол арқылы өндірушілер арасында бәсекелестікті күшейтуге мүдделі екен.

«Соңғы 5-6 жылда 1 сортты ұннан пісірілген 600 грамдық бөлке нан бағасын төмендету үшін 6-8 миллиард теңге шамасында қаражат шығындаған. Бұл көрсеткіш кей жылдары 12-15 миллиардқа дейін жетіп отырды. Бір жарым жыл бұрын субсидия нормативтерін төмендету туралы шешім шығарылды. Яғни, нан бағасын мемлекет реттемеуі, ол нарыққа сай болуы тиіс. Біз бәсекелестік есебінен нарықтық баға қалыптастыруымыз керек» деген пікір білдірген Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Министр мұндай шешім қабылдаудың себептерін де тәптіштеп түсіндірген:

«Біріншіден, нан бағасын төмендету нақты бір топтарға бағытталған саясат емес. Арзандатылған нанды бай да, кедей де алып жейді. Бұл мемлекетке үлкен шығын әкеледі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің есебінше, нан бағасын төмендетуге 1,5 миллиард теңге қаражат қажет. Яғни, біз бюджет қаражатын шамадан тыс жұмсаймыз. Байлардың арзандатылған әлеуметтік нанды жеуі – әділетсіздік» дейді министр.

Сонымен қатар, бұл механизмнің өте күрделі әрі жемқорлыққа жол беру қаупі жоғары екенін айтады Мамытбеков мырза. Өйткені, бұл мәселе жергілікті бюджет есебінен шешілетіндіктен арзандатылған ұн тиісті жеріне жетіп жататынына министр сенімді емес. Арзан ұнды пысықайлар еркін нарықта сатып, пайда тауып жүргені туралы мәліметтер министрлікке жеткен сыңайлы.

«Егер көмектессек, бюджет қаражатын тиімді жұмсайтын механизмдермен нақты көмек жасау керек. Нан бағасын қолдан арзандату мен бұл нарыққа мемлекеттің тұрақты түрде араласуы осы саланы модернизациялауға да кедергі келтіруде. Көптеген қалаларда кеңестік кезеңнен келе жатқан ескі нан комбинаттары тұр. Жаңа инвестициялар мен технологиялар жоқтың қасы. Соның кесірінен біздің әлемдегі ең жақсы ұнымыз сапасын жоғалтуда. Бәсекелестік жоқ болғандықтан нан өнімдері саласына инвесторлар да бармайды. Өйткені, кез-келген сауатты бизнесмен мемлекеттің нан бағасын қалаған уақытында төмендетіп отыратынына келіспейді» деп мәселенің мәнін түсіндіреді министр.

Сондай-ақ, министр нан бағасы тек ұнға тәуелді емес екендігін, көлік тасымалы, электр энергиясының бағасы да өз әсерін тигізбей қоймайтынын айтқан.

Асылжан Мамытбеков нанды тұтыну нормаларының да кеңестік кезеңнен бері қайта қаралмағанын айтқан.

«Кеңестік стандарттар бойынша бір адамға жылына 120 келі бидай есептеледі. Оны кейін қайта қарастырған ешкім болмады. Біз мұны 2010-2012 жылдардағы құрғақшылық кезінде арнайы есептедік. Халық тұтынушылық мақсатта жылына біз айтып жүргендей 2,4 миллион тонна емес, бар болғаны 1 миллион тонна бидай пайдаланады екен» деген министр қазіргі уақытта адамдардың тамақтану рационында нанның орны әлдеқайда азайғанын айтады.

Елдегі қымбаттап бара жатқан нан бағасына қатысты түсінік берген Асылжан Мамытбековжұртты бұл мәселені тым саясиландырмауға шақырған.

«Бұл – таза экономикалық мәселе, сондықтан бұл пікір-таласты доғару керек. Белгілі-бір мұқтаж топтарға әлеуметтік жәрдем жасалуы керектігін жоққа шығармаймыз» дейді министр.

Қазына қаражатына Америкадан сыйыр тасып маманданған Мамытбеков мырзаның нан бағасына қатысты пікірі де өзінше ерекше пікір болды. Оның бұл айтқандарынан «Онсыз да нанды көп жеп жүрген жоқсыңдар. Неменеге шулай бересіңдер?!» дегенді ғана ұқтық.

Дархан Мұқан 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар