Ақ Ордада Үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізген Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды жаңа шындықпен, яғни, энергия тасымалдау мен экспорттық тауарлардың қазіргі бағаларымен өмір сүруге үйренуге шақырды.
«Қазір «жаңаша қалыпты жағдай» деу сәнге айналды. Бұның несі қалыпты жағдай? Ешқандай да қалыпты жағдай емес? Бұл біз өмір сүріп отырған реалдылық. Өмір сүруді үйрену керек. Бұл сөздің мәні осында. Қазір энергия тасымалдаушылардың, экспорттық тауарлардың жаңа бағасын көріп отырмыз. Осы реалдылық жағдайында өмір сүру керек. Молшылық кезде халық та, Үкімет те шалқып өмір сүруге дағдыланып алған. Қазір біз мемлекеттік шығындарды 1,5 триллион теңгеге қысқартып отырмыз. Осыншама қаражатты шығындап келгенбіз. Қажет болса, шығындарды тағы да қысқартуға болады, әрине» деді Президент.
Сондай-ақ, Президент 20 миллион тонна астық жинаған аграрлық сектор еңбеккерлеріне алғыс білдірді. Бұл салаға алда да ерекше назар аударылатынын жеткізді.