Обама-Путин сөйлесті. Украина енді кімнің қолында?

/uploads/thumbnail/20170708151251721_small.jpg

Ресейдің РИА Новостей ақпарат агенттігінің 22.02.2014 жылғы таңғы сағат 04.43 минут өткендегі жедел хабарына қарағанда,  осы сәтте АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Владимир Путин соңғы уақытта Украинада қалыптасқан саяси жағдай, ол елдегі президенттік және парламенттік сайлаулардың мерзімінен бұрын өтетіні, Украинаның 2004 жылғы Конституциясына қайта оралатыны, осы төңіректегі көптеген өзекті мәселелер турасында екеуара бір сағат телефонмен әңгімелесіпті.

Бір қарағанда, алып екі державаның басшылары өзара ортақ пікірге келген сияқты көрінгенімен де, енді ғана өз қорасына айдап кіргізе қойғысы келген Украинадан айрылып қалу - Путинннің қабырғасына қатты бататын сияқты. Әрине, ол онысын сездірмеуге тырысады. Бүгін - Украина, ертең - Қазақстан немесе Беларусь елі аналар сияқты бүйректен сирақ шығарып жатса, қайтпек? В.Путинді күндіз - күлкіден, түнде - ұйқыдан айырған осы бір ауыр ойлар екені рас.

«Мен сіздің құзырыңызға өз еркіммен кірем!» деп елпілдеп тұрған қазақтардың орысқұл шенеуніктеріне де сенім жоқ. Олар қайдан мол пайданың иісін сезсе, солай қарай қисая салады. Сатқындар - қашан да сатқын! Осы орысты төрт жүз жыл билеген қахарлы Шыңғыс хан отанын сатып, өзіне қызмет еткен орыс княздарын жеңістен кейін өлтіріп отырған екен. Бұл ұлы қағаннның ешқашан да сатқындарға мейіріммен қарамағанын көрсетеді. Ал, Путин олай істей ала ма?

Бұл қазақтар алдымен қораға кірсінші, сосын, ар жағын көре жатады. Кімнің көзін жояды, кімнің жанын сақтап қалады? Оны сонан кейін шешеді...

Мына Америка мен Батыс ақыл айтып, миын шірітетін болды.Оларды тыңдамаса, тағы да болмайды. Олар ертең Ресейдің өз ішінде бүлік жасап жіберуден де тайынбайды. Ана татарлар, башқұрттар, тіпті, шешендер, т.б. бұратаналар - бүгін момын кейіп танытып отырғандарымен, ертең басқаша сайрап шыға келулері әбден мүмкін. Сондықтан да Батыспен абайлап сөйлесу керек. Ана Ангела Меркель деген неміс қатының тілі майда көрінгенімен, діні қатты ма қалай? Мұның ана жылдары Алманияды тыңшы болып қызмет істеп, неміс тіліне судай екенін жақсы білетін сол қатын мұнымен тым еркін сөйлеседі. Ай-шайға келтірмей, оның бетін қайтарып тастайын десе, «үй артында кісі тұр...».

Шеттерінен орыс болып кеткен, өздері де орысқұл қазақтармен де байқап,байқап сөйлеспесе, оларға да сенім жоқ. Беларустің Лукашенкосы да бүгін былай, ертең олай, ауытқи беретін және аузына келгенді айтып салып қарап тұратын бір «мықты» екенін бүгінде жұрттың бәрі біледі. Сонда қайтпек, бәріне қолды бірақ сілтеп, жайына қарап отыра бермек пе?

Оған қанында бар орыстық және империялық асқақтық жіберер емес.

Айтпақшы, ана украин ұлтшылдарын басында бұл онша менсіне қоймаған. Сөйтсе, қатты қателесіпті. Кеңес империясы кезінде орыстар бұл хохолдарға не жақсылық жасамады? Ана қазақтарды үнемі шөміштен қағып, бар ақшаны осы Киев қаласын гүлдендіруге жұмсамады ма? Ал, ана украин ұлтшылдары аз уақыттың ішінде сол Киевтің тас-талқанын шығарды.Қарап тұрып ішің удай ашиды. Босқа кеткен қайран орыстың мол қаржысы десеңші!..

Хохолдар «Біздің ішімізге Путиннің баскесерлері кіріп алды. «Бүркіттің» жартысы - орыс жансыздары. Олар украин патриоттарын аюандықпен өлтіріп жатыр. Путин орыстың осы заманғы қаруларын тегінге беріп, ұлтшылдарды аямай қырыңдар» деп олардың қолтығына су бүркіп отыр...» деген уәж айтуда.

Орыстың жан досы, оның ана жылы билікке келуіне үлкен көмек жасаған Януковичтің де кісі қызығарлық ештемесі қалмаған сияқты. Әйтеуір, ақырғы демі біткенше, украин билігін қолдан жібермеуге уәде берген. Енді ол сонысында тұра ала ма, жоқ па? Бұл да басқа әңгіме?..

Басында үлкен қателік жіберді. Неде болса, өздері құл болуға құлшынып тұрған орысқұл қазақтарды толықтай ішке кіргізіп алу керек еді. Өйткені, олардың қазба байлықтарының өзі Ресейді пәленбай жыл асыруға жетіп қалар еді. Енді ол қадамға бару - аса қауіпті. Ана АҚШ, Батыс - бөрінің артынша шулап шыға келеді. Олардың да жанына батып отырған қайбір демократияның орнамауы дейсің, шынына келгенде, олардың да аузының суын ағызып отырған –онсыз да жабайылардағы мол шикізат қоры, мол пайда... Сонда енді не істемек?

Бағана ана АҚШ-тың президенті Обамен бір сағат телефонмен сөйлесті. Оның да тілі майда, діні қатты біреу сияқты. Сөйлегенде бұның адымын аштырмады ғой. Орыстың жуан жұдырығына салайын десе, өзі түсінде көретін  Кеңес империясы келмеске кеткен. Сонымен бірге барлық айбат пен қахар да өз сесінен айрылған. Сонда не істемек? Әзірге білмейді?..

Жұмаш КӨКБӨРІ

22.02.2014 жыл

Қатысты Мақалалар