Украинада оқып жүрген «Болашақ» стипендиаттары Қазақстанға оралды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-дан хабарлады.
Айта кетейік, «ХБО» АҚ Қазақстандағы «Болашақ» бағдарламасының негізгі операторы болып табылады.
«Киев қаласында Украина Ұлттық техникалық университетінде, Киев политехникалық институтында 7 стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Тәртіпсіздіктер орын алып жатқан кезеңде оларға тұратын жерлерінен шықпауға кеңес берілген болатын. Қазіргі уақытта студенттер Қазақстанға оралды және міндетті өндірістік тәжірибеден өтуде», - делінген хабарламада.
«ХБО» АҚ мәлім еткеніндей, 7 студенттің барлығы 2009 жылы бакалавриат бойынша оқуға барған. Қазақстан Консулы Денис Кимнің берген ақпараты бойынша, Украинада 177 қазақстандық студент оқып жүр. Жалпы қазіргі уақытта Украинада 1287 Қазақстан азаматы тұрақты мекенжай бойынша тұрып жатыр.
"ҚазАқпарат"