ӘЙЕЛДІҢ АРТЫНА ТЫҒЫЛҒАН CАЯСАТКЕРЛЕРДІҢ ОЙЛАҒАНЫ НЕ?

/uploads/thumbnail/20170708224612450_small.jpg

Ертең «Хабар» арнасынан Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс көрсетіледі. Ол туралы кеше Орталық сайлау комиссиясы хабарлағанын жазған болатынбыз. Бүгін бұл бағдарламада саяси партиялардың намысын қорғайтын спикерлердің есімдері де белгілі болды.

Сәрсенбінің сәтінде елдің басты телеарнасында депутаттықтан дәмелі алты саяси партияның өкілі сөз таластырады. Билік партиясының намысын партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов қорғаса, Қазақстан халықтық комунистер партиясынан аталған партияның бұрынғы төрағасы, алдыңғы шақырылмдағы Мәжілістегі ҚХКП фракциясының жетекшісі Владислав Косарев, «Ақжолдан» партия жетекшісі Азат Перуашев, «Бірлік» партиясынан үміткер Роза Қуанышбаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан экс-сенатор Зәуреш Батталова, «Ауыл» атынан партия төрағасы Әли Бектаев сөз таластырмақ.

Кезектен тыс мәжіліс сайлауын өткізу туралы әңгіме шыққанда «Қамшы» порталы саяси партиялар арасында теледебат өткізу мүмкіндіктерін қарастырып, пікірсайыс өте қалған жағдайда қай партиядан қандай саясаткерлер шығады деген сауалға жауап іздеген еді. Сол мақалада саяси пікір таласқа «Нұр Отаннан» партия жетекшілігіне былтыр тағайындалған Асқар Мырзахметовтың өзі шығатынын айтып, оның себебін саясаткердің екі тілде бірдей еркін сөйлейтінімен, мемлекеттік билік жүйесіндегі ұзақ жылғы тәжірибесімен түсіндірген болатынбыз. Егер теледебатқа әр партиядан екі спикер қатыстыруға рұқсат етілсе Асқар Мырзахметовке партия тізіміне енген жырау Бекболат Тілеухан тамаша жұп бола алатынын да сол мақалада айтқан едік.

«Ақжолға» қатысты да болжамымыз айна қатесіз келіп, партия атынан ертеңгі теледебатқа Азат Перуашевтің өзі шығатын болды. Асқар Мырзахметовке қарағанда Азат Перуашев мырзаның жағдайы біршама қиындау. Өйткені, қазақ тілін ауызекі сөйлеу деңгейінде меңгеру бас телеарна төрінде пікір таластыруға жеткіліксіз болуы мүмкін. Ұйымдастырушылар теледебатқа қос спикерден қатыстыруға рұқсат бергенде бұл олқылықтың орнын партия тізіміне енген ақын, журналист Қазыбек Иса оп-оңай толтыра салар еді. Хош. Тағдыр жазбаған екен, екі тілде «көсілу» міндеті енді Перуашевтің өзіне артылады.

Мәжіліс мандатынан дәмелі партиялар «Ауыл» мен «Бірлік» те аталған пікір сайысқа қатысатыны туралы айтқанымыз бар. Алайда, сайлау алдында ғана едел-жедел құрылымдық өзгерістерге ұшыраған бұл саяси ұйымдардың күмәнді тағдырына қарап, пікірсайысқа кімді ұсынатындарын дөп басып айтпадық. Ол кезде бұлардың құрамындағы саясаткерлер түгілі, тұтастай партиялардың өзін де танымалдыққа ие дей алмайтын едік. Сонымен, «Хабардағы» пікір таласқа кезіндегі «Әділет» пен «Руханият» партияларының қосылуынан пайда болған «Бірлік» партиясы депутаттықтан үміткер Роза Қуанышбаеваны қосқалы отыр. Ал, Патриоттар партиясын құрамына қосып алған «Ауылдан» ұйым жетекшісі Әли Бектаев сөз таластыратынын айттық.

Өздерін елдегі «жалғыз оппозициялық партия» және қазіргі билікке шынайы қауіп төндіретін саяси күш санайтын ЖСДП-ның намысын ертеңгі пікрсайыста оппозициялық ұйымдар сапында тәжірибесі мол саясаткер, экс-сенатор Зәуреш Батталова қорғамақ. Осы жерде былтырғы президент сайлауы қарсаңында бірқатар тәуелсіз саясаткерлер З. Батталованы біріккен оппозициялық күштер атынан президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсыну бастамасын көтергенін де айта кеткен жөн.

Осы орайда бір сұрақ туындайды. Осы уақытқа дейін қанша пікірсайыс өтті, оның ешқайсысына «Нұр Отанның» төрағасы, іс басындағы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан емес, жақын аралықта қатыспайтын да сияқты. Алайда, басқа партиялардың жетекшілері үгіт-насихат жұмыстарынан, әсіресе, осындай пікірсайыстардан шет қалған емес. Бұл жолғы пікір таласқа «Бірлік», ҚКХП мен ЖСДП төрағалары қатыспайтын көрінеді. Алдыңғы екеуінің жағдайы белгілі. Билікке айтар дау-шары жоқ, біртоға ұйымдар. Тіпті, ноқталы партия екендерін өздері де жасырмайды. Ал, елдегі наразы көңіл-күйдегі электораттың сенімін арқалаған ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзаның өздері әншейінде экранына шығармайды деп айыптайтын «Хабар» мінберінен сөйлеу мүмкіндігінен бас тартқаны қалай? Сайлаудан сайлауға дейінгі аралықта жиналып қалған өкпе-ренішін елдің басты телеарнасынан айтып-айтып тастауына, бүгінгі билік пен оның жетекшісін аямай сынауына не кедергі? Әдетте «Ойбай, «Нұр Отанның» төрағасы Назарбаевты пікірсайысқа шақырамыз, айтатын датымыз бар!» деп кіжінетін оппозициялық партия жетекшісінің оппоненттерімен сөз таластыруға әйелді жіберуі қалай? Бұл жерде Зәуреш Батталованың саясаткер ретіндегі қасиеттерін жоққа шығармаймыз. Ел арасында сүйкімі, саяси ұйымдар ішінде беделі зор тұлға. Дегенмен «Алаш» пен «Алашорданы» қиындықпен ажырататын Азат Перуашевке қарағанда Жармахан Тұяқбайдың ертеңгі теледебатта сөзі де салмақты шығып, өзінің де шоқтығы биік тұрар еді ғой. Біз жауабын таба алмаған сұрақ - осы.

Әзірге ертеңгі пікірсайыс қандай тақырыптарды қамтитыны, спикерлерге сөйлеу үшін қанша уақыт берілетіні, сөз таластың басқа да ереже-қағидалары белгісіз болып отыр. ОСК тек спикерлерге жеке басқа қатысты, ар-намысты таптайтын шабуылдарға бармауды, партиялардың бір-бірінің беделіне нұқсан келтіретін сөздер айтпауын, жалпыға бірдей этикалық нормаларды сақтауын, конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді, мемлеке қауіпсіздігіне қатер төндіретін, әлеуметтік, ұлтаралық, дінаралық, рулық алауыздық туғызатын, жеке басқа табынушылықты насихаттайтын сөздер айтпауды ғана қатаң талап етіп отыр. Теледебатқа қатысатын партиялар тарапынан да осы шараны ұйымдастыруға қатысты арыз-шағым, қандай да бір ұсыныс-тілек те жоқ. Соған қарағанда қос тарап та бұл саяси оқиғаға аса маңызды шара ретінде қарап отырмаған сыңайлы.

Осы ретте саясаттанушы Ерлан Саиров ертеңгі өтетін теледебаттың сайлау додасында алар орны туралы пікірін білдірді.

«Кез келген сайлау – қоғамның саяси мәдениетін өсіретін тетік. Сайлауалды процестер азаматтардың саяси көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етіп, партия ұйымдастырушыларын да шыңдай түседі. Ал, ертеңгі өтетін теледебат сияқты саяси пікірсайыстар саясаткерлер үшін де, сайлаушылар үшін де керек. Онда әрбір партия өздерінің саяси бағдарламаларын таныстыруға, көтеріп жүрген өзекті проблемаларға елдің назарын аударуға, өздерінің саяси бейнесін ашып көрсетуге мүмкіндік алады. Сол себептен мұндай пікірсайыс бізге керек деп ойлаймын. Оның үстіне бұл сайлауға елдегі саяси партиялар біршама жаңарған күйде келіп отыр. Мысалы, «Ауыл» партиясы ұлттық құндылықтарды, халық дәстүрлерін насихаттау, ауылды көркейту, халықтың әл-ауқатын артыру сынды мәселелерді көтерген өзіндік бағдарлама ұсынып отыр. Ол бағдарламаны насихаттау үшін «Хабар» арнасынан көрсетілетін пікірсайыстың маңызы да жоғары болады деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы.

Сонымен, ертең «Хабар» арнасынан алты саяси партияның «мүдделер қақтығысын» тамашалаймыз. Қандай мәселелер көтерілу керектігі алдын ала ашылып айтылмаса да, ОСК «конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, ұлтаралық, дінаралық, әлеуметтік алауыздық тудыруға шақырмау» туралы ескертуімен теледебатта нені айтуға болмайтынын емеурінмен жеткізген сияқты. Cоған қарағанда көгілдір экраннан шыңғырған шындықты естиміз деген үміттен аулақпыз. Алайда, азуы алты қарыс билік партиясы мен оны ашық қолдайтындардың талауына тасталған жалғыз оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова ханымға сәтілік тілейміз.

Дархан Мұқантегі

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар