Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлаудың алдын ала қорытындылары бойынша үш саяси партия өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының алдын ала қорытындысын жариялаған ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осылай мәлімдеді.
«20 наурыз күні елімізде үлкен саяси науқан өз мәресіне жетті. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен мәліметтерге сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда сайлаушылар дауысы жария етіледі», - деді ол.
Сонымен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша:
«Нұр Отан» партиясы - 82,15;
Қазақстан Коммунистік халық партиясы - 7,14;
Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық партиясы - 7,18;
«Бірлік» Саяси партиясы - 0,29;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 1,18;
«Ауыл» Халықтық-демократиялық партиоттық партиясы - 2 пайыз дауыс жинаған.
«Осылайша, Парламент Мәжілісіне өз үміткерлерін ұсынған 6 саяси партияның үшеуі сайлау туралы заңда көрсетілген 7 пайыздық межеден өтті. Олар: «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы мен Қазақстан коммунистік халық партиясы»», - дейді ОСК басшысы.
Қ. Тұрғанқұловтың айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлаудың соңғы қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары хаттамаларының негізінде 2016 жылғы 26 наурыздан кешіктірмей белгілеуі тиіс.
Кеше еріктілер өткізген Exit poll нәтижелері жарияланып, ол бойынша «Нұр Отан» партиясы – 82, ҚХКП – 7,17, «Ақжол» ҚДП – 7,22, «Бірлік» партиясы – 0,35, ЖСДП – 1,21, «Ауыл» партиясы – 2,05 пайыз дауыс жинағандығы хабарланған еді.
Сөйтіп, ОСК таратқан ресми мәліметтер де Exit poll нәтижесінен алысқа ұзай қоймады.
Пікір қалдыру