Бәсекелестік термині қанша ғасырдан бері қолданылып келеді, кім білсін. Бір анығы тіршілік бар жерде бәсекелестік бар екендігі. Жер бетіндегі кез-келген тіршілік иесі бір-бірімен бәсекелесе, бірін-бірі шарт етіп, қарама-қарсылықтың бірлігімен күн көріп келеді. Өсімдіктер де, жануарлар да солай. Олай болса, күллі тіршіліктің ардақтысы саналатын адамдар арасында бәсекелестіктің орнауы мен дамуы басты табиғи әрі қажетті дүние. Бір сәт ой жүгіртіңізші, егер адамдар арасында бәсекелестік болмаса, қоғам қалай дамиды? Ұлт пен ұлттың, ел мен елдің арасында бәсекелестік болмаса, адамзат қалай өркендейді.
Бәсекелестіктің сипатын тойымсыздықпен, шүкірсіздікпен шендестіруге келмейді. Бәсекелестік адам баласының ең түпкі мақсаты мен міндетінің орындалуының қозғаушы күші. Адам баласының түпкі мақсаты - дүниені және өзін тану. Түпкі міндеті - өзі және басқалар үшін игіліктер жасау. Ал бұларға жету үшін ізденіс, еңбек, жасампаздық және нәтиже керек. Осылар үшін бәсеке қажет. Ал енді бәсекенің қарама-қарсы жағын бәсекелестіктің болмауы деп қарасақ ол дұрыс болмайды. Бәсекенің қарсыласы - күншілдік. Себебі, күншілдік адам баласының түпкі мақсаты мен міндетіне қарсы жұмыс жасайтын рухани күй. Алайда, бәсекелестік те, күншілдік те адам баласының бойындағы нәпсілер. Бірақ екеуінің сипаты бөлек. Бізде құлағымызға сіңіп, етіміз үйренген бір сөз бар, ол - нәпсі құмарлық. Қоғамдағы ілгері кетуді де, кері кетуді де осы сөзбен бейнелейміз. Шындығында нәпсі атауының бәрі жаман емес. Егер нәпсінің қалауы мен талабы болмағанда адам баласының өркениеті бүгінгі белеске шықпас еді.
Бәсекелестік адамзат өмірінің әр сатысында, әр саласында кездеседі. Бәсекелестік ортасы жоқ жер мүлде болмайды. Сондықтан "бәсекелестікке" анау айтқандай кесіп-пішіп, бәсекелестік мынау деп анықтама беру қиын. Әркім өз мамандығы мен қызметі, тұрмысы мен білімі тұрғысынан түрлі анықтама беруі мүмкін. Алайда, жалпыға ортақ бір сипаты - әріптестерінен қорғану, үзеңгілес жүру және басып озу. Осы үш түрлі сипат бәсекелестіктің қай саласында да өміршеңдігін жоғалтпайтын құндылықтар болып қалуы мүмкін.
Бәсекелестік заманға, мекенге сай өзгеріп, дамып отыратын адамдық өмірге тән, табиғи және мәңгілік тоқтаусыз үрдіс. Ол қарапайымдықтан күрделілікке, жекеліктен ортақтыққа қарай түрлі дәрежеге бөлінеді. Азаматтар арасындағы білім, қызмет, табыс және басқа да жақтардағы әріптестік бұлар бәсекелестіктің ең төменгі сатысы, одан жоғары отбасылар арасындағы, ұлт пен ұлыстар арасындағы. Аймақтар мен аймақтар арасындағы, ең үлкені мемлекеттер мен мемлекеттер арасындағы бәсекелестік керегесін кеңге сала береді. Осы елдер арасындағы бәсекелестікте қалған бәсекелестіктердің мүдделік тұстары толығымен топтасқан болып табылады. Мемлекеттің әріптестерінен қорғану, үзеңгілес жүру және басып озу сипатын бәсекелестік қабілет деп бағамдасақ артық етпейміз.
Дүниежүзі елдерінің бәсекелестік қуатын саралайтын Бүкіләлемдік экономикалық форум, Дүниежүзлік банк және Халықаралық менеджмент және даму институты (Лозанна қаласы, Швейцария) тарапынан ұсынылған әлем елдерінің бәсекелестік қуатының өлшемдері негізінен мыналар:
- Институттар сапасы;
- Инфрақұрылым;
- Макроэкономикалық тұрақтылық;
- Денсаулық және бастауыш білім беру;
- Жоғары білім және кәсіптік даярлық;
- Тауарлар мен қызметтер нарығының тиімділігі;
- Еңбек нарығының өнімділігі;
- Қаржы нарығының дамуы;
- Техникалық жапдықталу;
- Нарықтың көлемі;
- Компаниялардың жетілу деңгейі;
- Инновациялық әлеуеті.
Осыларға көз жүгіртсеңіз мемлекеттің бәсекелестік қабілетінде егемендікті сақтау, өзге елдермен қатар даму және мүмкін болса қара озу ниетінің жатқанын аңғарамыз. Осы бәсекелестік өлшемдерді орындайтын кімдер? Олар - елдің әр бір азаматы. Солар құрған отбасы мен қоғамы. Демек, мемлекеттер ара бәсекелестік түптеп келгенде азаматтар арасындағы бәсекелестік. Біздің ел үкіметінің бәсекелестік қабілеті дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз дегенін ел азаматтарын дамыған елдер азаматтарымен бәсекеге түсуге шақыру деп қабылдау тиіс. Мұнда әркім өзінің мамандығы және қызметі бойынша дамыған елдердің сол саладағы, сол қызметтегі тұлғасымен әріптес болуы дегендік. Бұлай қарасақ, өз жауапкершілігіміз бен иығымыздағы жүгіміздің қаншалық ауыр екенін бірден сезінеміз. Ал егер бәсекелестікті тек ғана мемлекеттің еншісіне қалдырсақ, онда ол бізге жеңіл тиері анық. Біз әріптес болатын азаматтар кімдер екен, соларға қарайық. Жоғарыдағы үш құрылымның әр жылғы анықтауы бойынша 2015-2016 жылғы әлемдік бәсекелестікке қабілетті 30 ел мыналар:
1. Швейцария 5.76
2. Сингапур 5,68
3. АҚШ 5.61
4. Германия 5,53
5. Нидерланды 5.50
6. Жапония 5.47
7. Гонконг 5.46
8. Финляндия 5.45
9. Швеция 5.43
10. Ұлыбритания 5.43
11. Норвегия 5,41
12. Дания 5.33
13. Канада 5.31
14. Катар 5.30
15. Тайвань 5,28
16. Жаңа Зеландия 5,25
17. Біріккен Араб Әмірліктері 5.24
18. Малайзия 5,23
19. Бельгия 5.20
20. Люксембург 5.20
21. Австралия 5.15
22. Франция 5.13
23. Австрия 5.12
24. Ирландия 5.11
25. Сауд Арабиясы 5,07
26. Оңтүстік Корея 4.98
27. Израиль 4.98
28. Қытай 4.89
29. Исландия 4,83
30. Эстония 4.71
Қандай алпауыттармен бәсекелес болып отырғаныңызды байқадыңыз ба? Жүрек шайлығардай. Мынадай бір фраза бар: Үш қытай бір корейдің, үш корей бір жапонның жұмысын істейді-деген. Ал қанша қазақ бір қытайдың жұмысын істейді? Басы ашық сұрақ. Сол алып Қытайыңыздың өзі 28-орынды місе тұтып отыр. Демек, әлемдік бәсекелестік біреулер ойлап жүргендей ойыншық дүние емес. Дүниежүзі елдерінің бәсекелестік қуатын әр жыл сайын бағалап отыратынын айттық. Енді соңғы жылдарға көз жүгіртейік. Ол үшін бәрін емес, алдыңғы бесдікті қана мысалға алайық. Үш тұғырлы тіл саясатының жемісі ретінде түп нұсқасын көрейік:
2010-2011 жылдар арасы:
1.
Switzerland 5.63
2.
Sweden 5.56
3.
Singapore 5.48
4.
United States 5.43
5.
Germany 5.39
2011-2012 жылдар арасы:
1.
Switzerland 5.75
2.
Singapore 5.63
3.
Sweden 5.61
4.
Finland 5.47
5.
United States 5.43
2012-2013 жылдар арасы:
1.
Switzerland 5.72
2.
Singapore 5.67
3.
Finland 5.55
4.
Sweden 5.53
5.
Netherlands 5.50
2013-2014 жылдар арасы:
1.
Switzerland 5.67
2.
Singapore 5.61
3.
Finland 5.54
4.
Germany 5.51
5.
United States 5.48
2014-2015 жылдар арасы:
1.
Switzerland 5.80
2.
Singapore 5.65
3.
United States 5.54
4.
Finland 5.50
5.
Germany 5.49
2015-2016 жылдар арасы:
1.
Switzerland 5.76
2.
Singapore 5.68
3.
United States 5.61
4.
Germany 5.53
5.
Netherlands 5.50
Басты ел ретінде Швейцария, Сингапур, АҚШ, Германия, Нидерланды, Финляндия елдері талдалған. Біз таңдай қағып тамсанатын Жапоноия да, Ұлыбритания да бестіктің ішінде жоқ. Біріншілікті бермей көш бастап келе жатқан ел - Швейцария. Ауызын айға білеген АҚШ та, Еуропаның жүрегі саналатын - Германия да оған жете алмай "пұшайман" күй кешіп отыр. Олай болса, бәсекелестікке қабілеттілік деген – мемлекеттің алыптылығы, ресурстарының молодығы немесе әскери-техникалық қуатының жоғары болуы емес. Ол - Жалпы ішкі өнімнің пайыздық өсімі, жан басына шаққандағы үлестің көбейуімен бірге, тұтас қоғамның әлеуетінің жан-жақты артуы. Оған экономика да, экология да, саяси тұрақтылық та, әлеуметтік игіліктер де, өнер де, мәдениет те, ғылым мен білім де, тұрмыс деңгейінің жақсаруы да, спорт пен салауатты өмір салтының қалыптасуы да, денсаулық сақтау мен инфрақұрылымның жабдықталуы да, қаржылық және банктік жүйенің тұрақтылығы мен сенімділігі де, ғұмыр жастың ұзақтығы да, жұмыс пен баспанамен қамтылудың деңгейі де, кәсіпкерліктің ашық әрі заңға сай жүрілуі де, сөз бостандығы және адамдық құқықтың асқақтауы да, адамдар арасында өзара сенім мен құрметтің шынайы көрініс табуы да, жалпы қоғамның дүниедегі ең басты байлықтың -адам екендігін терең түсінуі де тағы басқа толып жатқан адам және оның өндірісі мен өміріне қажетті құндылықтардың дәурендеуі жатады. Міне осы дүниелердің барлығының бір қоғамда шоғырлануы - бәсекеге қабілеттілік болып табылады. Бір сөзбен айтқанда бәсекелестік қабілет тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, ол тұтас қоғамдық сана мен әлеуеттің жаңаруы мен дамуы. Ал оны жаңғыртушы - мына біз бен сіз секілді азаматтар. Әркім өз жұмысын адал әрі жоғары кәсіби деңгейде жауапкершілікпен атқаратын болса, ол үшін үнемі ізденісте, жасампаздықта жүретін болса, отыз елді ойсырата отырып, ортасынан орын аларымыз анық. Бірақ, сол 30 ел біз үшін тек алға жылжыудың нысаны ғана. Ал бізге керегі жан-жақтылы даму, өркениет. Ол үшін біз басқалардың артықшылығын өзімізге үлгі ете отырып, өзімізбен өзіміз үнемі бәсекеде жүріуіміз қажет. Сол арқылы бойымыздағы түрлі мінездік кесапаттардан арылып, шынайы бәсекелестік қабілетке ие боламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: үлкен жиһат сол болмақ.

Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ
Елтану және туризм кафедрасы
доценті