Маңғыстау облысында тек алтын бұйымдарды ұрлаумен айналысқан кезбе-ұрылар қолға түсті. Қызылорда облысынан келген баукеспелер үйлерге терезеден оп-оңай кіріп отырған, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Гастролерлер ылғи жер үйлерді тонапты. Форт-Шевченко, Жаңаөзен, Жетібай, Құрық, Шетпе кенттерінен 27 үйдің мүлкін үптеп кеткен. Үш ұры алдымен ауылдарды аралап жүріп, ауқатты дегендерінің есігін қағып көрген. Үйде ешкім болмаған соң терезеден кіріп ақша, алтын бұйымдарын алып шығыпты. Сөйтіп зергерлік заттарды Ақтаудағы орталық базарда сатқан. Әлі өткізіп үлгермегендерін полиция тәркіледі. Небәрі жарты айдың ішінде кезбе-ұрылар 15 миллион теңгенің заттарын қолды еткен. Тінту барысында 2 миллион теңге мен Канада доллары табылды. Қазір оңай олжаға кенелмек болған үшеу тергеу абақтысында отыр.