«Шүкіршілер» туралы немесе жария түрде ақыл айту қарсылық туғызады

/uploads/thumbnail/20170709005920659_small.jpg

Ат қойып, айдар тағуда алдына қара салмайтын ағайын "шүкіршілер" деген атауды айналымға енгізіп, әлжеліде жерден алып, жерге салуда. Нақты адамдардың атын атап, түсін түстемесе де, даулы мәселе кезінде жұртты сабырға шақырғандарды меңзеп, дүниедегі батпақтың бәрін жапсырып бағуда.

Өзім шүкіристке жатам ба, жоқ па, білмеймін, бірақ, сол желіде жұртқа басу айтқан бірқатар шүкіристтің офлайнда да жарғақ құлақтары жастыққа тимей, ұсыныстар әзірлеп, оны тиісті орынға жетуіне күш салып, бұқара мен билік диалогын жүзеге асуыруға барынша тырысқанын нақты білем. Сол ұсыныстар ішінде мораторий туралы да, бақылауды күшейту туралы да тармақтар болған. Тек, ол жігіттер жасап жатқандарын жария етпеді.

Әсілі, әдеп бойынша, лауазым иесіне насиxат оңаша жасалады. Өйткені, жұрт көзінше айтқан ақыл ақыл емес, айыптауға айналады. Оны естіген лауазым иесі кеңесті құп алуға емес, өзін ақтап алуға кірісіп кетеді. Қала берді, жария айтылған насиxатты жұрт түсінбей, наразылық ұлғаюы мүмкін.

Әлбетте, бүгінгі жетістік солардың жұмыстарының нәтижесі деп асылық айтудан аулақпын. Тек көз алдымызда, таныс, біліс, сыйлас адамдардың аяқ асты досты дұшпан тұтып, қолдан жау жасап жатқандары жанға батты. Оларға жанашырлық әркез жариялылықтан тұрмайтынын жеткізгім келді.

"А так", былай, шүкірші деген жаман ат емес. Алла Тағала Құранда: «Құлдарымның ішінде лайықты түрде шүкір етушілер өте аз» (Сәбә сүресі, 13-аят) дейді. Сол аздың ішінде болғанға не жетсін.

Мұрат Есжанның «Фейсбуктегі» парақшасынан алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар