15 наурыздан бері Жезқазған мен Қызылорда аралығында қатынайтын жолаушылар пойызы жүре бастаған болатын. Көптен күткен бұл пойыз екі өңір халқы үшін де қуанышты жағдай еді. Алайда, көптің қуанышы ұзаққа созылмады.
Жезқазғаннан шығып Арқа төсінен Сырға бет алған жолаушылар пойызы Қарсақбай, Қоскөл, Байқоңыр сынды орталықтан жырақта орналасқан елді-мекендерді басып өтеді. Автокөлік жолының жайсыздығынан ұзақ жыл қиындық көріп келген ауыл тұрғындарына бұл пойыз іздегенге сұраған болған. Бастапқыда пойыз 1 купе, 2 плацкарт және 2 жалпы типтегі бес вагонмен жолаушылар тасыды. Енді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы сол бес вагонды көп көріп, біреуін қысқартып отыр. Қысқартқанда да елдің сұранысына ие әрі билет құны арзан жалпы типтегі бір вагон алынып тасталды. Тасымалдаушы компанияның бұл әрекеті өңір тұрғындарының нарызылығын туғызуда.
«Жалғыз қалған жалпы вагонға билет жоқ. Плацкартқа да жоқ. Купеге алыңдар дейді. 6 сағаттық жерге купеге мініп баратындай халық асып-тасып отырған жоқ», - дейді өңір тұрғындары.
Осы жерде тасымалдаушылардың шығынға батуының бір себебі қылаң беріп отыр. Пойыз өтетін жаңағы ауылдарда билет кассалары жоқ. Ауыл арасына, Қоскөл аулынан Жезқазғанға қатынайтын жолаушылар билет құнын жолсеріктерге төлеп пойызға мінеді. Ол ақша әрине жолсеріктің қалтасында қалады. Бірақ, бұл жерде тиімсіздіктің төркіні жалпы типтегі вагонда емес, билет сату жүйесінде екенін ескерген ешкім жоқ.
Қалтасын қаққан теміржол басшылығына наразы ауыл тұрғындары енді жергілікті басшылықтан ауыл мен қала арасын жалғайтын тас жолды жөндеп беруді талап етуде.
Айсұлтан Ойбас
Пікір қалдыру