Қоғамды дүр сілкіндірген Есентаева оқиғасы орын алғалы міне, тұп-тура 1,5 ай. Бұл уақыт аралығында Баян Есентаева жұмысында да, әлеуметтік желілерде де "үзіліс" жариялады.
Баянның кіші қызы Айару отбасындағы оқиғаны көтере алмай жүргенде, денсаулығы қалыпқа келген анасы оған өз ата-анасымен бірге шетелге демалып қайтуды жоспарлап отыр.
"Жаз нағыз демалатын уақыт. Айару ата-анаммен бірге Rixos Premium Belek кешеніне демалуға барып, “The Land of Legend” саябағында көңіл көтермек. Демалысы туралы Айарудың өзі толығырақ айтып береді. Оның парақшасын жіті бақылап отырыңыздар. Ол жерде позитивтің көп болары анық!", – дейді Баян Есентаева инстаграм парақшасында.
Сондай-ақ, продюссер қызу жұмысқа кіріскенінен хабар беріп, "Лашын" тобының керемет ән дайындап жатқанын хабарлады.
Продюссердің тілекші жанкүйерлері мен желі қолданушылары оған денсаулық тілеп, жұмысына кіріскеніне қуанышты екендерін жеткізуде.
Естеріңізге сала кетейік, оныншы маусым күні Құлжа тасжолының бойында Баян Есентаеваны күйеуі ауыр соққыға жығып, пышақтап тастаған болатын.
Белгілі болғандай, Бақыт Есентаев сол күні мас болған. Ол уақытша оқшаулағышқа қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 99 бабы бойынша әйелін өлтірмек болды деген күдікке ілінді.