Осыдан екі апта бұрын, шілденің 15-нен 16-сына қараған түні Түркияда жүзеге аспай қалған әскери төңкеріс Реджеп Таийп Ердоған режимінің шынайы бет-бейнесін ашып тастады. Егер ол шынымен құдай деген адам болса қателескендерге кешіріммен қарар еді. «Таспен атқанды аспен ат» дегендей өзінің имани биіктігін көрсетер еді. Іс жүзінде ол өте кекшіл, мақсатына жету жолында ешнәрседен тайынбайтын, мұсылманшылықтан алыстау жан екендігін байқатты. Тіпті оның кейінгі әрекеттері тап осы бүлікті асыға күтіп жүргендей әсер қалдырады.
Ердоғанның көздегені қалайда билігін сақтап қалу болып шықты. Ол өзінің саяси қарсыластарын былай қойып жағымпаздануды білмейтін барша ақыл-парасатты адамдарды жазалауға кірісті. Кейбір жерлестері оны «Ібіліс» деп бекер айтпайды екен. Ойлаймын, әскерилер оның биліктен өз бетімен кете қоймасын біліп амалсыз «төңкеріс» жолын таңдаған-ау сірә. Бұған дейінгі әскери төңкерістер реакцияшыл сипатта болса, дәл осы жолы әскерилер демократиялық өзгерістерге қолдау көрсетпек болған сияқты. Халық болса алданып қалғанын кеш ұғып жатыр. Әскерилердің басты айыбы –төңкеріс жолымен демократиялық қоғам орнатуға болмайтынын ескермеген.
Төңкеріске талпыныстан соңғы тергеу кезінде 18 мың адам тұтқындалды. 50 мыңдай адамның паспортының күші жойылды яғни олар шетелге шыға алмайды, шыққандары қайта алмайды. 66 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер атқарып жүрген жұмыстарынан шығарылды. Оның ішінде 43 мыңнан астам мұғалім қызметінен қуылған. Ішкі істер министрлігінен 8800 адам, Денсаулық сақтау министрлігінен 5600 адам, Қаржы министрлігінен 1500 адам, Дін істері жөніндегі басқармадан 1100 адам жұмысынан босатылды, бәрі қаңғырып далада қалды. Жоғары сынып шәкірттерін мектептен шығару туралы деректерді елемей-ақ қоялық. Үш ақпарат агенттігі, 16 телеарна, 23 радиостанция, 45 газет, 15 журнал жабылды, 300-ден астам журналист аккредитациясынан айырылды. Бұл демократияға жасалған ауыр соққы. Енді режимге қарсы кім аузын аша алады?! Сөйтіп Ердоған-бей демократия қазанының қақпағын бұрандалап жапты. Өзі қазан астының отын қағыстырып жатыр. Қазанның жарылуы енді тек уақыт еншісінде.
Кейбір деректерде бүкіл елде 80-90 мыңдай адам жұмыстан қуылғаны айтылады. Егер оқыған-тоқыған соншама жан қарсы болса, онда ел интектуалдық қауымының режимге наразылығы ақиқат болғаны ғой. Яғни олар жанталаса жасырып-жапқанына қарамастан Ердоғанның $1 млрд доллар көлеміндегі коррупциялық дауға тікелей қатысы барын сезіп-біліп отыр деген сөз. Әйтпесе, ұрпақты оқу-білімге шақырғаны үшін айдаладағы Феткуллах Гүленге тиісуі ақылға қона ма?
Енді режим «Ұлттық қорғаныс университеті құрылады» деген желеумен елдегі күллі әскери училищелерді жаппақ. Бұл Түркия қорғаныс саласы үшін қауіпті қадам. Жалғыз игі хабар Ыстамбұл соты бүлікке қатысы болуы ықтимал деп тұтқындалған 758 әскери адамды қамаудан босатқан. Арасында Ыстамбұл әскери академиясының 62 курсанты бар.
Менің байқауымша, түрік халқы жалпы өз тарихының ең бір ауыр кезеңіне аяқ басқан тәрізді. Өкінішке қарай тарихта ақты – қара, қараны – ақ деп көрсететін кездер болып жатады. Бірақ Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) жүзігіндегі жазу тәрізді «Бәрі де өтер!». Сол кезде асыра сілтеуге жол бергендер сотта жауап беретін күндер де туар.
Ыстамбұл мэрі Қадыр Топбаш өткенде бүлік кезінде қаза тапқан әскерилер жерленетін «Сатқындар зираты» үшін жер бөлінгенін хабарлаған болатын. Енді ойлаймын, сол «Сатқындар зираты» күндердің күнінде «Қаһармандар зиратына» айналып кетуі ықтимал-ау деп. Әйтеуір бауырлас түрік халқы аман болсыншы! Халық аман болса бәрі де ретке келер.
Марат Тоқашбаевтың Фейсбуктегі парақшасынан алынды