Қала басшысы лауазымына 21 адам үміткер болған. Олардың арасынан бұрынғы Қорғаныс министрі Юрико Коикэ 2 миллион 912 тысяч дауыс жинап, басып озды. «NHK» таратқан ақпаратқа сүйенсек, сайлауға қатысушылардың саны 59,73 пайызға жеткен. Бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жоғары. Юрико Коикэнің басты қарсыластары бұрынғы жалпыұлттық істер жөніндегі министр Хироя Масуда мен тележүргізуші журналист Сюнтаро Торигоэ. Олар 1,93 миллион және 1,35 миллион дауыс жинаған.
Токио мэрі 2011 жылдан бері төртінші рет өзгеріп отыр. Соңғы екі басшы қаржылық даудан кейін қызметтерінен кеткен. Ақпарат құралдарында Токионың жуырда қызметінен кеткен бұрынғы басшысы Йоичи Масудзоэ қызметтік көлікті өз мақсатына пайдаланғаны туралы мақалалар шыққаннан кейін орнын босатқан. Жұрт қала мэрін қызметтік көлікті дачасына мініп барғаны үшін сөккен. Сондай-ақ бұрынғы басшының отбасымен демалысқа саяси қор қаражатын пайдаланғандығы туралы да жазылған.
Сайлаудағы жеңісінен кейін алғашқы ресми мәлімдеме жасаған Юрико Коикэ қала әкімшілігін реформалайтынын және балаларға күндіз қарайтын мекемелер мен қарияларды бағуға арналған мекемелердің аздығы мәселесін шешкісі келетінін айтты.
Шарафат Жылқыбаева