Өтедiсiмен күттiрген Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасы да келiп жеттi. Сарша тамызда жер жүзiнiң спортшыларын жинайтын Бразилиядағы ұлы аламанға қосылатын саңлақтардың iшiнде шоқтықтысы аз емес. Сол шоғырдың iшiндегi шоқтықты спортшы – Ичоу Каори. Еркiн күрестен сынға түсетiн бұрымды балуанның бұл – төртiншi жазғы Олимпиадасы. Бiр мүшел уақыттан берi ешкiмге есесiн жiбермеген балуан өзi қатысқан үш жазғы Олимпиада ойындарында 10 әлем чемпионатында олжа салды. 32 жастағы балуан қыз төртiншi рет жазғы Олимпиада ойындарында белдесуге түседi. Әйгiлi балуан жайлы ақпараттарды жапон тiлiнде тарайтын басылымдардан түзiп, жариялағанды жөн көрдiк.
Ичоу Каори – еркiн күрестен 2004, 2008, 2012 жылдары өткен жазғы Олимпиада ойындарында һәм 2002-2015 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарында топ жарған саңлақ. 2014 жылдан берi 58 келiге дейiнгi салмақ дәрежесiнде күрескен қыз оған дейiн 63 келiге дейiнгi салмақта сынға түсiп, жапон халқының мәртебесiн байрақты сайыстарда биiктеттi. Каоридiң әпкесi Чихару да балуан, әйелдер күресiмен шұғылданып қана қоймай, 2004 жылы Афины Олимпиадасының финалында украин қызы Ирина Мерлениге есе жiберiп, күмiс медальдi қанағат тұтты. 2008 жылы Бейжiң Олимпиадасының финалында да Чихару жол берiп, канадалық Кэрол Хвиннан ұтылды.
Ичоу Каоридi жапон халқы қалай құрметтейдi? Әрине, олимпиадалық спорт түрлерiнiң, оның iшiнде жекпе-жек спортында 10 дүркiн әлем чемпионы, 3 дүркiн Олимпиада ойындарының чемпионы атанған спортшы жоқ. Мақтаулы Александр Карелиннiң де, Бувайсар Сайтиевтiң де Олимпиада ойындарында олжалаған алтын медалi үшеу болғанымен, әлем чемпионаттарында жеңiп алған алтыны Каоридiң көрсеткiшiмен шендесе алмайды.
1984 жылы Аомориде туған Каори Денсаулық спорт академиясының магистрi, Шигаккан университетiнiң құрметтi магистрi. Шюджюхоушйоу Құрмет медалiмен марапатталған. Афины олимпиадасында алтын медальға қол жеткiзгенi үшiн оған Аомори префектурасының халық құрметi жүлдесi берiлдi. Бұл марапатты тек жапон халқының игiлiгiне еңбегi сiңген тұлғаларға ғана бередi. Каори 2008 жылы Бейжiң Олимпиадасында да алтын медаль иеленiп, екi дүркiн Олимпиада чемпионы атанғанда Аомори префектурасының халық құрметiнiң Ұлы жүлдесi берiлдi. Сондай-ақ Хачинохэ қалалық халық құрметi жүлдесi, Хачинохэ қалалық халық құрметi Ұлы жүлдесi сияқты марапаттары да Итоудiң төрiнде iлулi тұр. Лондон Олимпиадасында алтын медаль алғаны үшiн екiншi рет Аомори префектурасы халық құрметi Ұлы жүлдесiн және Хачинохэ қаласының ерекше құрмет Ұлы жүлдесiн Каориге табыстады.
Жапон елiнiң атағын аспандатқан Ичоу Каоридi спортқа алып келген – ағасы мен әпкесi. Бауырларының ықпалымен Аомори префектурасының Хачинохэ клубында еркiн күрес үйiрмесiне қатысудан бастаған. Айчи префектурасы Шигаккан университетi жанындағы жоғары мектеп пен әйелдер арасындағы еркiн күрестiң орталығы саналатын Шигаккан университетiнде бiлiм алған. 2004 жылы Афины Олимпиадасында әпкесi Чихару күмiс медальдi еншiлегенде Каори: “Әпкем Чихарудiң жiберген есесiн мен қайтарамын”, – деп өзiне-өзi ант бередi. Финалға дейiнгi қарсыластарының барлығын қоғадай жапырған Каори финалдық белдесуде америкалық Сара Макманды да жұмарлап-жұмарлап, алып ұрады. 2008 жылы Бейжiң Олимпиадасында Каориге бiрде-бiр балуан тең келмейдi.
Одан кейiн әйгiлi жапон қызы Канадада бiр жылдай оқыған соң спортты жалғастырып, 2010 жылы әлем чемпионатында алтыншы жеңiсiне қол жеткiзедi. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын алып, 2013 жылы әлем чемпионатын ұтады. 2014 жылы 58 келi салмақта әлем чемпионатында ресейлiк балуаннан басым түседi. 2015 жылы әлем чемпионатында жеңiске жеткен Ичоу Каори есiмi еш жеңiлмейтiн балуан деген атпен тарихқа қашалады. Жалпы, Каори 2002 жылы 18 жасында алғаш рет әлем чемпионы атанады. Сол жылдан берi 10 рет әлем чемпионатында топ жарады. 2016 жылдың 29 қаңтарында Ресейде өткен Иван Ярыгин атындағы гран-при додасының финалында Каори Итоу моңғол қызы Орхон Пуэрвдоржға есе жiбередi. Каори халықаралық сайыстарда бiрде-бiр рет жеңiлмей 158 белдесуiнде жеңiске жетiптi.
Бразилияда өтетiн жазғы Олимпиадаға әйелдер күресiнен Жапония құрамасы сапында алты балуан бар. Сол алты бойжеткеннiң бiрi – Итоу Каори. Итоудан өзге Тоусака Эри, Йошида Саори, Каваи Рисако, Дошйоу Сара, Ватари Рио алты салмақ дәрежесi бойынша (48, 56, 61, 63, 69, 75 кг) бақ сынамақ. Бұл спортшылардың барлығы – бiр университеттiң түлектерi. Рио Олимпиадасының қатысушысы Йошида Саори журналистерге берген сұхбатында былай дейдi: “Шигаккан университетiн бiтiрген алты спортшының олимпиадаға қатысуы алғашқы және соңғы болуы мүмкiн. Алтын медаль алу үшiн бәрiмiз күшiмiздi аямаймыз”. Ичоу Каори сияқты Йошида Саори да спорт тарихында үш олимпиадаға (Афины, Бейжiң, Лондон) қатысқан. Ал қалған төрт қыз олимпиада дуына алғаш рет қосылмақ. “Шябондаманюсу” ақпарат порталының жазуынша Йошида Саоримен салыстырғанда Ичоу Каори журналистерге сұхбат беру, теледидар бағдарламаларына қатысуды, өзiн көпшiлiкке БАҚ арқылы жарнамалауды ұнатпайтын көрiнедi. «Никканспоцу» басылымының жазуына қарағанда, Ичоу Каори маусым айында сол иығын жарақаттап алып, ұзақ уақыт емделген көрiнедi.
Жапонияның еркiн күрес ассоциациясы шiлденiң 24-i күнi Токиода ұлттық қыздар құрамасының жаттығуын өткiздi. Бұл Риоға қатысатын спортшылар үшiн соңғы жаттығуға Ичоу Каори бастаған алты ойыншы да қатысты. Жаттығудан соң ғана сұхбат берген Каори 2012 жылы Лондон Олимпиадасында күрестiң ойдағыдай өткенiн бұл жолы одан да жоғары деңгейде өнер көрсетуге күш салатынын жеткiздi.
Жапон басылымдарынан аударған
Шарафат Жылқыбаева