Ресейлік танымал әнші Валерий Меладзе Астанада өткізген концертінде жұбайының қазақ екенін айтып, жанкүйерлеріне ерсі қылықтар жасамауды, әншінің бетінен сүйіп тұрған суреттерді желіде жарияламауды өтінді.
Астана тұрғындары Меладзені құшақ жая қарсы алды. Әсіресе, нәзік жандылардың әншіге деген ықыласы ерекше байқалды, деп хабарлайды Qamshy.kz Stan.kz -ке сілтеме жасап.
Десе де, Меладзе өзімен суретке түскісі келіп, бетінен сүюге ниет білдіргендердің бетін қайтарған жоқ. Тек: «Әйелім – қазақ. Сүйіп тұрған суреттеріңізді желіге жарияламаңыздар», – деп ескертті.
Екі сағат бойы ресейлік әнші талмай, шаршамай, тек жанды дауыста ән айтты. Айта кететін жайт, Меладзе 25 жылдан бері өзімен бірге сахнаға шығатын музыканттарды ауыстырған емес.
Концерт барысында Валерий Меладзе грузин тілінде ән орындады. Сөз арасында әнші қай елге барса да өзін шетелдік сезінетінін, алайда Қазақстан оған екінші отанындай болып кеткенін айтты.
«Қазақстанда өзімді шетелдік сезінбеймін», – деді ол.
«Три реки» әнін орындау үшін Меладзе көрермендер арасынан үш аруды сахнаға шығуға шақырды. Алайда ниет білдіргендер саны 3 емес, 33-тен асты. Маэстро таңданысын жасырмады:
«Қыздардың көптігі мұхиттай», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Валерий Меладзе алғашқылардың бірі болып Батырхан Шүкеновтің ұлына көмек қолын созған. Ол кіші Шүкеновтің оқу ақысын төлеп берді. Ал марқұм болған Батырханмен ол жақын дос болған. Жуырда ғана Алматыға келген Меладзе Шүкеновке арналған фотокөрмеге атбасын бұрды.
Пікір қалдыру