Халықтың келісімінсіз лауазымдарын пайдаланып зорлық жасау арқылы жерге заңсыз иелік етіп, оны сату жөніндегі опасыз шешімі билік тарапынан екінші рет қайталанып отыр. Олар жердің иесі - халықпен санаспай олардың сыртынан кеңсе жағдайында қабылдаған осынау жерді сату жөніндегі әміршіл-әкімшіл әдіске салған зорлық шешімінің өмір шындығымен сәйкес келмеуі, қазақ халқының объективті, субъективті қажеттіліктерінің ескерілмеуі, олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соғып отыр.
Жер дегеніміз киелі ұғым. Ұлттың-ұлт, мемлекеттің тәуелсіз болуының өзі олардың өздері мекендеген жеріне, онда жасалатын игіліктерге байланысты екендігін түсіндірудің қажеті бола қоймас. Олай болса жерге деген иелік мемлекеттің тәуелсіздігі үшін, әсіресе ол Қазақстан Республикасы сияқты саяси тәуелсіздігіне қолы жеткеніне аз ғана уақыт болған мемлекет үшін өмірлік қажеттілік.
Бүгінде билік басындағылар мемлекеттің саяси тәуелсіздігін баянды етіп, қазақ ұлтының дүниежүзілік адамзат санатындағы халықтар мен ұлттардың қатарында терезесі тең өмір сүруі үшін, ауадай қажетті төмендегідей екі белгісіне ерекше мән беріп, оларды көздің қарашығындай қорғаулары тиіс. Ол қазақты тұтас ұлт етіп отырған оның АНА ТІЛІ мен, ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан ата мекені-ЖЕРІ.
Өткен тарихқа үңілсек жерге қатысты мына бір тарихи деректі оқиғаны шығыстанушы ғалым Л. Н. Гумилев б.з.б. 209 жылы болған деп көрсетеді. “Көрші ел Дунху елшілері ғұндарға (ғұндар-біздің бабаларымыз) әскерінің көптігін пайдаланып үстемдік көрсетіп, алғашқыда Мөденің әкесінен мұра болып қалған сәйгүлік атын беруді талап етеді. Мөде көрші елмен қан төгісті қаламай сүйікті сәйгүлігін беруді бұйырады. Елшілер екінші рет келіп, Мөденің ең сүйікті сұлу әйелін беруді талап етеді. Мөде көршілермен бейбіт өмір үшін әйелін де қиып береді. Елшілер үшінші рет келіп, шекаралық біраз жерді беру талап етеді. Бұл жер мал жаюға қолайсыз, бос жатқан жер болатын. Алайда сұраған жерді беру-бермеу мәселесін шешу үшін ақсақалдар кеңесін шақырып жер бермеу туралы өз ойын айтады. Кеңсеке қатысушылар алғаш осы көршілер атыңды, әйеліңді сұрағанда бізбен ақылдаспай беріп жібердің енді бұл әрекетіңді қалай түсінеміз дейді. Мөде ашуланып: ат пен әйел өз жеке меншігім, ал жер халықтың меншігі сол себептен жерді беру бермеуді халық шешеді депті. “Жер дегеніміз – мемлекеттің негізі, оны қалай береміз?” - деп Дунхудың өзін шауып талқандап, олардың жер аумағын өздеріне қосып алады”.
Қытай жылнамасында б.з.б. 4 және 3 ғасырларда ғұн тайпалары бірлестігінің құрылғандығы туралы жазылған. Аумағы – Қытайдың солтүстігінде Байкалдан Ордосқа дейінгі аралық. Олар көрші халықтарды басып алумен қатар, Қытай жеріне де жиі шабуыл жасап отырған. Ғұндар мен Қытай елі арасындағы соғыс 300 жылдан астам уақытқа созылды. Б.з.б. 3 ғасырдың соңында Цинь патшалығы шекарасын ғұндардан қорғау үшін Ұлы Қытай қорғанын салды. Ұзындығы – 4000 шақырым, биіктігі – 10 метр, әр 60-100 метр сайын күзет мұнарасы қойылған. Ғұндар Енисейдің жағалауларында және Алтай тауларында мекендеген, көрші тайпаларды бағындырған. Қытай билеушісін алым-салық төлеуге мәжбүр еткен. Қытай билеушісі жыл сайын көшпелілерге жібек маталар, мақта, күріш, әшекей заттар жіберіп тұрған.
Ал бертінгі тарихта Қазақстанды түпкілікті иемдену мақсатын көздеген патшалы Ресей үкіметі, кейінен Кеңес өкіметі де өз тараптарынан отаршылдық озбырлыққа жол беріп, оның ата-бабасынан қалған жерін қайта бөлу үшін қолдан жасанды науқан ұйымдастырып, жерді саясат құралына айналдырғаны туралы ақиқат бүгінде мұрағат декректері негізінде мәлім болып отыр.
Біз одан күні кеше отаршылдықты басынан кешкен үш жүз жыл ішінде Қазақстан тарихында өз жерінің тағдырын өзі шеше алмай, кейін соның зардаптарынан «бармақ тістеп» опық жеген кездері аз болмағандығын біліп отырмыз.
Жер мәселесі - қазақ халқы үшін ежелден-ақ өмірлік маңызы бар ерекше мәселе. Бұл жерлер сонау ерте заманнан келе жатқан, ата-бабалары қан төгіп найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған қасиетті мекені, олардың сүйектері жатқан жерлер киелі топырақ деп бағаланды. Қазақтар туған жерде ата-бабаларының ізгілікті ізі, пірлік киесі, даңқты тарихы мен өнегелі өмірі және келешегі жатыр деп біледі. Бұл қасиетті ұғымдар қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқандығына ежелгі Әз-Тәуке хан тұсындағы "Жеті-Жарғы" заңының ең алғашқы тарауы болып жазылған "Жер дауы" бөлімі айқын дәлел болады. Ата-бабасының қыстауы, жайлауы, күзеуі, мал-мүлкі, құдық-бастауы, қорасы қазақ халқының өмір салтында атадан балаға мирас қып қалдыратын еншісі болған. Өйткені жер-ата мекен, кіндік жұрт, отан, жер тіршілік етер орта, бабалар қорымы, қасиетті тұрақ деген ұғымды бейнелеген. Міне, сондықтан да қазақтар үшін жерден киелі ештеңе болмаған. Осы себептен де сонау ерте кезден бастап қазақ үшін "Жер дауы" өмірінің басты намыс шақыратын өткір мәселесіне айналған еді.
Әккі саясатпен қаруланған патша самодержавиесі осылай қазақтың кең байтақ қасиетті жеріне сұқтана көз салып, шекараны нығайтуды сылтауратып, бекіністер салып, бұл даланы жайлай бастады. Сол жылдары сауда-өнеркәсіп мүддесі үшін деген желеумен қазақ жерін отарлау әскери-әкімшілік тірек бекеттерін салу арқылы жүргізілді. Бұл әскери қоныстану біртіндеп Қазақстанның ішкі аймақтарына да бойлап ене бастады. Сөйтіп, ХVІІІ ғасырда Омбыдан Орынборға қарай казак бекіністерінің ұзын дәлізі қалыптасып үлгерді.
Ал ХІХ ғасырдың 1831 жылы Аякөз өзенінің жағасында айрықша орталық ашылып, 1847 жылы Қапал бекінісі қаланды. 1855 жылы Лепсі, Үржар станциялары пайда болды. 1854 жылы Іле бекінісі, 1855 жылы Верный форты ашылды. /1, 321-б./.
Қазақстанға қоныстану, әсіресе, 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін жалпы сипатқа ие болды. Патша өкіметінің Қазақстанның оңтүстік аймағына ынтасы ерекше ауды. 1910 жылы 19 желтоқсандағы заңнан кейін Сырдария қоныстанушылар басқармасы 100 мың десятинадан астам жер дайындап, оны екіге, хуторлық және үлестік участоктарға бөлді. Ал 1917 жылдан кейінгі кезде Сырдарияда 190 поселкеде 72,5 мың, Шымкент уезінде 69-22 мың, Ташкент уезінде 28-8,5 мың, ал Перовск уезінде 7 шағын поселкеде 1600 келімсек тұрса, Әмудария бойында 2 поселкеде 600 қоныс аударушы орыс мекендеді./2, 65-68-бб./.
Жоғарыда келтірілген фактілерден байқағанымыздай, орыс самодержавиесінің отаршылдық саясаты негізінде қазақ шаруаларының ең шұрайлы жерлері тартылып алынып, олардың өздері шөлейттерге ығыстырылған. Осы күнге дейін Қазақстан аумағында жоғарыда аталған бекініс-қалалар төңірегіндегі орысша аталып келген Антоновка, Николаевка, Маховка, Георгиевка, Семеновка және т.б. осыған ұқсас жүздеген орыс поселкелерінің ең шұрайлы, сулы жерлерде орналасқаны-сол солақай саясаттың салдары екендігі-тарихи шындық. Кеңестер дәуіріндегі ұлттарға берілген социалистік қоғам жариялаған құндылықтарға қарамастан, жергілікті халықты "бұратана" деп кемсітушілік пен жерді пайдаланудағы түрлі қысастық әрекеттер, патша самодержавиесі кезіндегі отаршылдық пиғыл, орыс большевиктері тарапынан да іштей қолдау тауып, одан әрі жымысқы әдістермен жалғастырылды. Мұндай бағытты сан алуан құйтырқы тәсілдермен жүргізген Кеңестер өкіметі қазақ даласындағы сол атадан мұра болып ауысып келе жатқан жер иеліктерін әділетсіз бөлінген деп танып, жерді бұлай пайдалану әлеуметтік теңсіздікті тудырып, байлардың кедейлерді қанауының көзіне айналған деп біліп, оны өз қалауларынша қайта шешуге кірісті.
Байлардың экономикалық күшінің негізі олардың малдары мен жер иеліктері дей келіп, Кеңестер өкіметі кедейлерді қанаудан құтқарудың бір жолы байлардың жерлерін тартып алып, оны еңбекші қазақтарға бөліп беру деп білді.
Жер иесі ру басынікі-байдікі болғанымен, бұл иеліктерді сол руға кіретін адамдардың бәрі пайдаланатындығы есепке алынбады. Осы жерді пайдаланудың дәстүрге айналған тәртібін кеңестік заман тұсында большевиктер өз мүдделеріне сай қайта бөлуге кірісті. Оны тартып алу үшін, байлар бұл жерлерді қанаудың көзіне айналдырып отыр деген сылтау ойлап тауып, оны өз қалауларынша "заңдастырды". Мұның ақыры Қазақстанда 20 жылдары большевиктер зорлықпен жүргізген көп науқандардың бірі - "Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлумен" ұласты.
Қазан төңкерісінен кейін-ақ қазақтар бұрынғы патша үкіметі тартып алған жерлерін қайтаруды талап ете бастады. Бірақ мемлекеттік билік тізгінін ұстап отырған Орталық пен оның Қазақстанға арнайы жіберген өкілі Ф.Голощекин бұл мәселеде көпе-көрнеу өзгеше бағыт ұстанып, әділетсіздікке барды. Ол жерлер әртүрлі құйтырқы әдістер қолданылып, қазақтарға берілмеді. Бұдан өрбіген дау-дамай олардың арасында бір-біріне деген өшпенділігін туғызып, ұлт араздығының тұтануына түрткі болды. Осы наразылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан бойынша жерге орналастыруды мұқият жүргізу қажеттігі туындады. Байларды экономикалық жағынан әлсіретуді көздеген шарамен қатар патша самодержавиесінің отаршылдық саясатының зиянды зардаптарын жойып, Қазақстан аумағын тұрақты түрде егін егетін, мал бағатын уақыт талабына сай иеліктер ету міндетін шешу тұрды.
Қазақстандағы жерге орналастырудың міндеті патша самодержавиесінің отаршылдық саясатының барысында тартып алынған иеліктерді қайтару мен жерді пайдаланудағы рулық сарқыншақтарды жою болды. Жерді бөлуді ұйымдастыру арқылы ауыл шаруашылығында өндіргіш күштерді дамытып, оны социалистік жолға бағыттау; осы арқылы байдың, кулактың экономикалық күштерін шектеп, кедейлердің материалдық жағдайын жақсарту болды. Ауыл кедейлерінің сана сезімін ояту арқылы таптық күреске көтеру басты мақсат деп есептелді. Жерге орналастыру туралы мәселе шабындық және егістік жерлерді қайта бөлуден бұрын 1925 жылы сәуір айында өткен Кеңестердің Бүкілқазақтық V съезінде қаралған болатын. Съезде Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы Меңдешовтың баяндамасы тыңдалып, төмендегідей қаулы қабылданды: "ҚазАССР-нің барлық территориясын мал шаруашылығына қолайлы ету мақсатында табиғи-тарихи және экономикалық белгілері бойынша 3 ауданға бөлу қажет. Бірінші, егін және мал шаруашылығы үшін, ондағылар егін егіп, мал өсірумен айналысатындар, сондай-ақ, мал шаруашылығы мұнда интенсивті болуы тиіс. Екінші, мал шаруашылығы басым дамытылатын және егістікпен де айналысатындар. Үшінші, таза мал шаруашылығын жүргізуге лайықты жерлері бар аудандар болуы керек. Съезд жер құрылысы жұмысын 10 жыл мерзім ішінде аяқтауға нұсқау берді. Ол 1925 жылы басталуы тиіс болды./3, 7-б./.
Отырықшы жер шаруашылығымен айналысатын аудандарға барлық орыс және украин поселкелері енді. Қазақстан бойынша отырықшы аудандарға жататын жер көлемі 11,5 млн. гектар болып, ол жерлерде 167 мың шаруашылық орналасқан еді. Қазақстанның қалған жері көшпелі және жартылай көшпелі аудандарға жатты. Бұл жерлер 230 млн. гектар жер болып, олар миллионнан астам шаруашылықты біріктірді./4, 162-б./.
Бұл территорияның барлығы мемлекеттік жерге орналастыру қорына жатқызылды. Съезд белгілеп берген жерге орналастыру жөніндегі шаралар қазақ халқының көпшілік бөлігін қамтуы тиіс болатын. Осыған қарамастан жаппай қоныстандырудан көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда орналасқан отырықшы жер иелері-селолардағы (орыстар) алынып тасталды. Жерді бұлай бөлудегі әркелкілік ұлттар арасындағы араздықты қоздырды. Сол 1925 жылы өткен Бүкілқазақтық V партия конференциясының ҚазАКСР-індегі жерге орналастыру жөніндегі шешімінде: "Жерді пайдаланудағы тұрақсыздық пен осы саладағы кемшіліктер Қазақстандағы ауыл шаруашылығында өндіргіш күштердің дамуын тежеуде" - деп көрсете келе, конференция Қазақстандағы жерге орналастыруды таптық негізде емес, ұлттық негізде жүргізу қажеттігін ескертті. Партияның жер туралы саясатының кезек күттірмейтін міндетінің бірі, осы мемлекет тарапынан жүргізілетін жерге орналастыруда қазақ еңбекшілерін жермен қамтамасыз ету болды. Сөйтіп, конференция қазақ халқын жерге орналастыруды бірінші кезекке қойды да, қалған ұлттардың өкілдерін де назардан тыс қалдырмау керектігін тапсырды"./5, 32-б./. Жерге орналастырудың бұл тәсілі Орталықтың стратегиялық бағытына қайшы келгендіктен, Қазақстанда жер иеліктерін меншіктену құқығы болмаса да, келімсектерге жергілікті халықпен бірдей етіп жер үлесін беруді заңдастырып, оны тікелей өзі бақылауға алды. Бұл дегеніңіз кезінде патша самодержавиесі жүргізген отаршылдық саясатпен үндес келіп, соның жалғасын тауып жатқандығын көрсетті.
Жер иемденуден туған ұлтаралық араздықты бүркемелеп, оның себебін басқа жақтан іздеп жасырып, бай-кулактардан көріп, соларды кінәлап, ұлтшылдыққа салынды деп айыптады. Сонымен бірге асқынып бара жатқан наразылықтарды реттеу мақсатында Бүкілодақтық Атқару Комитеті Қазақ Орталық Атқару Комитетіне дереу шара қолдануға тапсырма береді. Бірақ жағдайға сай келмейтін, нұсқаумен жүргізілген бұл шаралардан дұрыс нәтиже шықпады. Осы бағытта істелген шаралардың бірі-жерге өзара таласқан ауылдар мен селоларды назарда ұстаған губерния мен уездің қызметкерлерінің бақылауларынан мардымды ештеңе болмады. Мұндай қазақ ауылдарында жүргізілген тәрбие жұмысының түпкі мәні келімсектерге де жер үлесін иеленуге жол ашу еді. Осындай әдістермен араздықты жоймаққа талпыныс жасалды. Алайда ұлтаралық араздықты шешуде мұндай тәсілдер қауқарсыз болып, нәтижесіз аяқталып жатты.
1927 жылы қараша айында өткен Бүкілқазақтық БК(б)П-ның VІ партия конференциясына қатысқан БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы А.А.Андреев өз сөзінде өткен V партия конференциясының жер жөніндегі шешімін дұрыс емес деп сынады. Сондай-ақ, ол жерге орналастыруды ешқандай кезексіз, таптық негіздегі принципті ұстап жүргізуді талап етті. Ол орыстарды, да қазақтарды да жерге бір мезгілде орналастыру керектігін баса айтты. Бұлай ету арқылы қазақтар үлесінің есебінен орыс келімсектеріне "интернационализмді" желеу етіп, жер иеліктерін әперді. Тек ғана ұжымдастыру кезінде бес жүз мыңға жуық кулактар мен орта шаруалар батыс аймақтардан жер аударылып, көбі Қазақ жеріне орналастырылды. Сөйтіп, Орталықтың Қазақстанда "интернационализмді" желеу етіп жүргізген саясаты V партия конференциясының жерге орналастырудағы кезектілік принципі туралы шешімін жойып тынды. Ал мұндай сыңаржақ шешім шығару ұлттар мүддесіне мүлде қайшы келді. Қазан төңкерісі жеңістерінен туған ұлтаралық теңдікті кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйенің өзі осылай жоққа шығарды.
Бұдан былай Қазақстанды мекендеуші халықтарды жерге орналастыру ұлтына қарамай бір мезгілде жаппай жүргізілуі керек деп шешілді. 1928 жылы 19 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанның VІ партия конференциясының шешімін қуаттады. Сонымен бірге бұдан былай Орталық Комитет Қазақстанның партия және кеңес органдарына жерге орналастыруды жүргізгенде, ең алдымен, барлық ұлттардың кедейлері мен орташаларының таптық мүдделерін ескере отырып жүргізуді және оларды бай-кулактарға қарсы күреске топтастыруға міндеттеді. Осы шешіммен қаруланған Қазақстанның БК(б)П Өлкекомның бюросы 1928 жылғы 8 ақпандағы отырысында республика партия ұйымдарын БК(б)П Орталық Комитетінің шешімін дереу орындауды міндеттеді. БК(б)П Орталық Комитетінің нұсқауы және VІ Бүкілқазақтық партия конференциясының шешімдері бұл жолы да іс жүзіне асырылмады. Ал оның бұлай іс жүзіне асырылмауын жер бөлу органдарының қызметкерлерінен, ұлтшыл-ауытқушылардан көрді.
Орталық Комитетке жолдаған арыздарында Сұлтанбеков пен Нұрмақовтар өздерінің жерге қатысты бір-бірімен тығыз байланысты төрт мәселемен келіспейтіндерін хабарлады. Ол мәселелер: Қазақстанға қоныс аударушылар туралы; жерге орналастыру нормасын белгілеу; жерге орналастырудағы кезектілік; жер саясатындағы басшылық./6, 200-201 пп./. Бұл өзекті мәселелерді шешуді Орталық өз құзыретінен шығармады. Жергілікті ұлт өкілдері осындай республика үшін маңызды мәселелерді шешуден көпе-көрнеу шеттетілді. ҚазОАК-тің ІІ сессиясы жүргізіліп жатқан жерге орналастыру ісі ешбір ұлтқа артықшылық жасамай-ақ, барлық халықты бір мезгілде кезексіз орналастыру барысы талапқа сай емес екендігін ескертті./7, 3-4 б./.
Осылай ІІ сессияның бұл нұсқауынан кейін-ақ Қазақстандағы жерге орналастыру аталған бағытпен жүруі тиіс еді, бірақ олай болмай шықты. Бұл қаулы да іс жүзіне асырылмай, сол қағаз күйінде қала берді. Сессияның қаулысын, ең алдымен, Қазақстанның Жер ісі Халкомында істейтін шенеуніктердің өздері түрлі сылтау тауып, оны орындаудан бас тартты. Сондықтан кейбір тұстарда жерге орналастырудың сынға ұшыраған кезектілік жүйесі өмірде одан әрі жалғасын тауып жатты. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің Төралқасы 1928 жылы 29 наурызда арнайы шешім қабылдап, жер мәселесіндегі өзара қатынастарды және ұлтаралық араздықты жоюды реттеу жағдайын жаңаша қойды. Онда:
1. ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетіне, Бүкілодақтық Атқару Комитеті Төралқасының 1926 жылғы 30 тамыздағы және 1927 жылғы 28 ақпандағы қаулыларына сәйкес Қазақстанға 1925 жылғы 14 қыркүйекке дейін көшіп келген және ауыл шаруашылығындағы келушілерді жергілікті халықпен бірдей жерге орналастыру ұсынылды.
2. ҚазАКСР-дегі жерге орналастыру ісі ұлтына қарамастан, бұрынғыдай кезекке қойылмастан, бірден-бір мезгілде жүргізілуі керек деп шешілді.
3. ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетіне жерге орналастаруда, ең алдымен, кедей және орташа шаруаларды ұлтына қарамай, жермен қамтамасыз ете отырып, оларды бай-кулактарға қарсы күреске топтастыру тапсырылды./8, 110п./.
Жер мәселесінен шыққан ұлт араздығы мына губернияларда-Жетісуда, семейде, Ақмолада толастамады.
Осы уақытқа дейінгі Орталық Комитет пен Ресей Федерациясы үкіметінің жерге орналастыру жөніндегі атап көрсеткен қателіктері дер кезінде түзетілмеді. Сылбырлыққа жол берген Қазөлкеком сынға алынды. Орталық Комитет республиканың партия органдарынан кеңестер аппаратындағы жауапты қызметкерлердің құрамын дереу тексеруді, жат элементтерден тазарту жөніндегі тапсырманың орындалуын талап етті.
Алайда жергілікті халықтың өз елінде жерді пайдалану құқығын әр түрлі ойдан құрастырылған сылтаулар арқылы саналы түрде шектеу ұлт наразылығын тия алмады. Тексеру барысында жер ісі органында істеуші бұрынғы орыс мамандары Компартия мен Кеңестер өкіметінің саясатын мойындамады, олар ұлыдержавалық шовинизм рухындағы адамдар болды. Осының бәрі қазақ халқын жерге орналастыру жөніндегі жұмысты тежеп бақты дегенге келтірілді. Жер ісі органдарының қызметкерлерін тексеру барысында 6 губерния мен округтен 116 адам немесе 19,5 пайызы орнынан алынды. Ал, Жер ісі халкомының аппаратында 28,5 пайызы жат элементтер ретінде қызметтерінен кетірілді./9, 22п./.
Жерге орналастыру іс жүзінде мардымсыз болды. Жерге орналастырудың бірінші сатысында барлық шаруашылықтың 360000-ы немесе 33,1 пайызы жаппай жерге орналастырумен қамтылды. Бұл-Қазақстандағы жаппай жерге орналастыруға жататын жерлердің 10,8 пайызы. Жерге орналастырудың екінші сатысында оған 162000 шаруашылық тартылды немесе ол - барлық шаруашылықтың 14,5 пайызы, бұл дегеніңіз-Қазақстандағы жаппай жерге орналастыруға жататын жердің 3,3 пайызын құрайды./10, 42п./.
Күн тәртібінен түспеген бұл мәселенің нәтижесі айтарлықтай көзге көрінбесе де, ҚАССР-ді мекендеуші барлық ұлттардың кедейлері мен орташаларының мүдделеріне сай шешілді деген тұжырым жасалды. Сөйтіп, жер ісі мәселесіндегі ұлтшылдық пиғылдар жойылды деп, большевиктер өздері ойлап тапқан "ұлтшылдықты" өздері жойған болды. Буржуазиялық ұлтшылдарға олардың жер ісін жүргізудегі бұрмалаушылықтары мен астыртын қастандықтары ашылмастан бұрын-ақ соққы берілді деп айыптауы-бұл істегі тарихи шындықты өз пайдаларына шешуге тырысқан билік басындағылардың зымияндық әрекеті болды. Ұлттық принципке сай кезек арқылы жүргізілмек болған талпыныс та жерге орналастыруда қазақ еңбекшілерінің жерге деген мұқтажын шеше алмайтын еді. Оның басты себебінің бірі-жерге орналастырудағы ұлттық ерекшіліктермен бірге, өзге халықтың мүддесіне немқұрайды қарап, билікті бір қолға жинақтаған Орталықтың, яғни КОКП-ның теріс саясаты еді. Екіншіден, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне жауапты қызметкерлердің көбі орыс ұлтының өкілдері болды. Жергілікті халықтың мұң-мұқтажын түсінгісі келмейтін олар жерді пайдаланудағы ұлттық ерекшеліктерді есепке алмады. Осы орайда қазақ шаруаларының мүдделерін жақтағандар түгелімен дерлік "ұлтшылдар" деп айыпталды. Алайда жергілікті халықтың өз елінде жерді пайдалану құқығын әр түрлі ойдан құрастырылған сылтаулар арқылы саналы түрде шектеу ұлт наразылығын тия алмады.
Кеңес өкіметі тұсындағы саясаттың басты мақсаты - әуелі келімсектерді қоныстандыру, сонан соң қазақтарды орыстандыру болған. Осы мақсатқа беріле қызмет етіп "кіші Қазан" бағытын жүргізу науқанына белсенді ат салысқан Бақытжан Қаратаев секілді ел азаматтары, ұлт мүддесін қара басының қамына айырбастап туған еліне опасыздық жасауға дейін барған. Ол: "Шелек ауданының Қорам тоғаны бойында 24 мың гектар жер, Оңтүстік Қазақстан уәлаятында 5 мың қожалық орналастыруға болатын 30 мың гектар жер, Шу өзені алқабында-Қордай ауданында 100 мың гектар, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан уәлаяттарында 200 мың қожалық сиятын 3 миллион гектар жер бар екенін көрсете келе, Қазақстан бойынша "91 миллион гектар бос жатқан жер бар" /11, 520 б.233б ./. деп хаттап мәлімет берген. Міне сол кездегі республика басшылығындағы азаматтардың көбі сұрқия саясаттың ығына жығылып, орыстардың қазақ жеріне баса-көктеп келіп орналасуына өздері осылай жол ашып отырған. Ал мұндай "интернационалист" басшылардың ағат қадамынан бүгін тұтас бір ұлт зардап шегіп отыр…
Төңкерістен кейінгі қазақтың "Жер туралы Декретінің" негізінде республикадағы барлық қоныстарымен қатар бүкіл жер иеліктері де халықтық меншікке айналды деп түсіндіріліп келуі де сол баяғы отарлау саясатының тікелей жалғасы еді. Оған дәлел қазақтың игі жақсыларын кәмпескелеу мен тап ретінде жоюдың соңы олардың иелігіндегі жайылымдық, шабындық, егістік жерін келімсектер үшін аршу болып, ал жер-су реформалары "кетпейтін қонақтарымыздың" жер мен суды пайдалану құқығын мемлекеттік тұрғыдан заңдастыру болып шықты. Осы "жер-бүкіл халықтық меншік" деген алдамшы қағида келімсектердің пайдасына, автохонның зиянына ғана сөйледі. Жер әманда жергілікті халықтың ұлттық меншігі екендігі ескерілмеді.
Осы қағида бүгінгі тәуелсіз ел тұсында да билік тарапынан ескерілмей жер сату әрекетіне ұласып, өткен тарихтағы өзек өртер қателіктерден сабақ алмай оны қайталап, мемлекеттің тәуелсіздігіне өздері қауіп төндіріп отыр.
Қазақ жерінің қалай талан-таражға түскенін көздері көрген «Алаш» партиясының қайраткерлері қазақ үшін «Алаш» идеясын ұсынған.
«Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр», - дейді белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ол идеялар мыналар:
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Россия». Біздің Отанның толық географиялық сипаттамасы» 19-том. Санкт-
Петербург,1913. Б-321.
2. Қожақов Ө. //Ақиқат, 1993. № 6, Б.65-68.
3. Резолюция V съезда Всеказахского съезда Советов.- Кызыл-Орда,1925.7-б
4. Кучкин А.П. Советизация казахского аула. 162-б
5. 101. V-я Всеказахская конференция РК(б)П. Стенографический отчет и
резолюций . Кызыл-Орда, 1925. 32 б.
6. ҚР ОММ, 2963 іс. 200-201 пп.
7. ҚазОАК-тің алтыншы шақырылған ІІ сессиясының қаулысы.
Қызылорда.1928, 3- 4бб.
8. ҚР ОММ, 1235 қ., 43 т., 62 іс. 110 п.
9. ҚР ПМ, 141 қ., 1-141 т, 2201 іс. 22 п.
10. ҚР ПМ, 141 қ., 1 т., 1677 іс. 42 п.
11. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы-Алматы: Қайнар-Т-2-1999.-520 б. ,233б.
Авторы: Есенғазы Қуандық
тарих ғылымдарының докторы, профессор