«Арақ - Алланың адал тағамы». Мұны түркістандық Нұрәлі Әмірәлиев айтты. 51 жасар Түркістан тұрғынының ойынша арақты арам қылатындар - құранды түсінбей оқитын молда, ішіп алып, әйелді ұрып, жәбір көрсететін адам және көшеде ішіп, жататындар.
Нұрәлі Әмірәлиев құранда жұмақта шарап бұлақтары болатынын және оны хор қыздары жәннәтқа түскен адамдарға шелектеп құйып береді деп жазылғанын алға тартты.
Бұған дейін де ол шулы мәлімдемелер жасап, халыққа танылған. Осыдан біраз уақыт бұрын Нұрәлі Әмірәлиев қала әкіміне Алламен тілдесіп, пайғамбарлық дәрежесін алғанын, биліктің онымен санасып, мойындауын талап етіп хат жазған.
"Алла тағаламен тікелей тілдескен үшінші пайғамбармын, маған бұл үкім Жаратушыдан уахи болды" деп әлі күнге дейін айтып келеді. Оның әкімге жазған хаты ғаламторға шығып, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен хабарласушылар көбейген. Оның ішінде "өлтіремін" деп қорқытқандары да болған. Алайда бұл қорқытып-үркітулер 51 жастағы Нұрәлі Әмірәлиев есімді азаматты тоқтатпайтын секілді.