«Қамшы.кз» порталында «АҚЫСЫЗ ВИЗА ҮШІН 68 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕГЕН ҚАЗАҚ ӘДІЛДІКТІ «ҚАМШЫДАН» ТАПТЫ» атты мақала жарияланғаннан кейін, редакциямызға этникалық қазақтарға визаны тегін ұзартуға қатысты сауалдармен хабарласқандардың саны артты.
Сондықтан, «Қамшы» порталы визаны беру және ұзарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құзыретінде болғандықтан қоғам көкейінде жүрген сауалдарды министрлікке жолдады.
Көп күттіртпей жауабы да келді. Оған сәйкес, этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының визаларын берген, қалпына келтірген немесе ұзартқан кезде баж төлеуден босатылады деп тасқа таңба басқандай көрсетілген.
Яғни, Қазақстан Республикасының салық салу және кедендік әкімшелендіру мәселелеріне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 30 қарашадағы № 26-VI ҚР Заңының 544-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының визаларын берген, қалпына келтірген немесе ұзартқан кезде мемлекеттік баж төлеуден этникалық қазақтар босатылады. Осындай қызметтер үшін этникалық қазақтар ешқандай ақы төлемейді.
Визаны тегін ұзарту үшін қолыңызда қазақ екеніңізді дәлелдейтін құжат болуы қажет.
Көші-қон заңын білместікпен визаны ұзартуға төленетін 68 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік бажды төлеп қойған жағдайда, қолма-қол немесе аударым арқылы төлем жүргізген екінші деңгейде банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жазбаша түрде арызданады деп жазылған хатта.
Бұған дейін де біз Солтүстік Қазақстан облысының көші-қон полициясына хабарласып, визаны ұзартуға төленген қаржыны қалай қайтарып алуға болатыны білдік. Солтүстік Қазақстан облысының аға инспекторы Рашид Жүсіпбеков ол үшін көші-қон басқармасына барып, «Түбіртек қолданылмады» деген анықтаманы алып, онымен салық департаментіне баруы қажет екенін және сол кезде ақшасы қайтарылып берілетінін жеткізді.
ҚР Ішкі істер министрлігіне және көші-қон полициясының берген мәліметіне сәйкес этникалық қазақтар визаны тегін ұзартады. Көші-қон басқармасында визаны ұзартуға төленетін 68 мың теңгені сұрауға ешқандай құқығы жоқ. Егер аталмыш сомманы төлеп қойған жағдайда, қаржыңызды оңай қайтарып ала аласыз.
Дайындаған: Әсем Әлмұханбет
Пікір қалдыру