Жақсылықты асыруды үйрендім
Жамандықты жасыруды үйрендім
Жауласқанға ат құйрығын кесісіп
Жақсыларға қосылуды үйрендім.
Анда-санда ашығуды үйрендім,
Ашудан соң басылуды үйрендім
Қабағымнан қар жаудырып лезде
Күндей болып ашылуды үйрендім.
Жылағанды жұбатқанды үйрендім
Орынымда тұрақтауды үйрендім,
Дүниенің шешпесем де жұмбағын
Жауабы бар сұрақтарды үйрендім.
Бақта гүлді өсіруді үйрендім
Отты отпен өшіруді үйрендім
Қарсы шыққан досым түгіл дұшпанды
Бір-ақ сәтте кешіруді үйрендім.
Алғанымды қайтаруды үйрендім
Арызымды айта алуды үйрендім
Дүниені шыр айналып ойыммен
Өлеңге кеп жай табуды үйрендім.
Жақсыларды сағынуды үйрендім
Тағдырыма бағынуды үйрендім
Жақын түгіл алысыма іс түссе
Жаным жасып қамығуды үйрендім.
Кей сәттерде үндемеуді үйрендім
Кім болсаң да күндемеуді үйрендім
Азды көпті адамдарды таныдым
Біліп тұрып "Кім?" демеуді үйрендім.
Кейбір кезде құбылуды үйрендім
Көпшілікпен жұмылуды үйрендім
Кертартпаның кердеңіне келіспей
Кері қарай бұрылуды үйрендім.
Авторы: Сәнді Ақылай