АЛАШ АРЫСЫ ЕЛДЕС ОМАРҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫН ШЫҒАРУ ҮШІН ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

/uploads/thumbnail/20170709232043815_small.jpg

Наурыздың 15-інде, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне арналған ғылыми конференцияда Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет Қостанайдан арнайы келіп Байтұрсынов мұрасы туралы баяндама жасады.  Біз төменде жариялайтын баяндамасынан соң конференцияға жиналған жұртқа Алаштаншуы ғалым Тұрсын Жұртбай Ақылбек Қожаұлының Алаш қайраткері Елдес Омарұлының немерелес немересі болып келетін туыстығын айрықша айтып таныстырды. «Қамшы» тілшісі баяндама ішінде айтылған Елдес Омарұлының жарық көрмей жатқан еңбектері туралы Ақылбек Қожаұлынан сұрап білді.

Биылғы жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толатыны белгілі. Сонымен қатар бірқатар Алаш қайраткерлерінің де мерейтойы қатар келе жатыр. Олардың бірі Қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш арысы Елдес Омарұлының туғанына да 2017 жылы 125 жыл толады.

Ақылбек Қожаұлының қолында көлемі 342 бет Елдес Омарұлының шығармалар жинағы баспаға дайын тұр. Елдес Омарұлының шығармалар жинағын (құрастырған Ақылбек Шаяхмет және Марат Шуақаев) шығару туралы Ақылбек Қожаұлы жоғары жақтағы тиісті мекемелерге дерлік хат жазып, сауын айтқан. Бірнеше жылдан бері мән берілмей келе жатқан мәселе үшін тіпті Алаш туралы жиі айтып жүретін «Ақ жол» партиясына да өтінішін айтқан. Онда ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасап, Алаш арысы туралы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуге ұйтқы болса деген үлкен өтініші де болған. «Министрлік тарапынан мемлекеттік тапсырыспен шығатын әдебиеттер тізіміне ене алмай қалған жағдайда «Ақ жол» партиясы қаржылық көмек жасап, осы кітапты шығаруға үлес қосса, Алашорданың 100 жылдығына лайықты тарту болар еді», - дейді Ақылбек Шаяхмет. Алайда Парламентте үлесі бар Партиядан да әлі ресми жауап келмеген.

Ақылбек Қожаұлы Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы өткізген «XXI-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауында Елдес Омарұлы туралы жазған деректі ғылыми-зерттеу еңбегі «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша  жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Алаштың ақ жолы» байқауының лауреаты» төсбелгісімен де  марапатталған.

Алаш ардақтысы Елдес Омарұлының шығармалар жинағына оның қазақ және орыс тілдерінде жазылған шығармалары енгізілген. Бірақ, ғалымның еңбектері бұл кітапта түгел қамтылмаған. Көптеген туындылары әлі жинастырылмаған немесе араб және латын әрібінен кирилл әрпіне көшірілмеген. Бұл туындыларды мұрағаттан тауып, жариялау келешекте ғалымдардың үлесінде. Әзірше қолда бар шығармалар ғана оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

Айта кететін болсақ, Елдес Омарұлының 100 жылдығы кезінде бұдан 25 жыл бұрын Қостанайда атап өтілген. Алайда, жеке бір кітабы жарық көрмепті.2011 жылы оның өміріне арналған «Тайбағар» атты Ақылбек Шаяхметұлының деректі хикаяты Астанада "Фолиант" баспасында басылып шықты. Ал өткен жылы А.Байтұрсынолв атындағы ҚМУ-нің  баспаханасында Елдестің шығармалар жинағы аз ғана таралыммен (небәрі 50 дана) жарық көріпті.

«Қамшы» порталы алдағы уақытта Ақылбек Шаяхмет жинақтаған Алаш қайраткері Елдес Омарұлының шығармалар жинағын жариялайтын болады.

Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет

Оқырманға таныстыра кететін болсақ, Белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылы туған.

              Ахмет Байтұрсынов атындағы  медальмен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы, 2007 және 2008  жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. 2008 және 2009 жылдары өткен «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Жазушы «Қазақ тілінің жанашыры» құрметті белгісімен марапатталды, өмірбаяны «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енді. 2010 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ақ бата» республикалық жабық жыр мүшайрасында екінші орынға ие болды. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Атамекен» республикалық конкурсында прозалық шығармалар арасында өткен әдеби байқауда екінші орын алcа, «Тәуелсіздікке тарту»  республикалық ашық жыр мүшайрасында  ынталандыру сыйлығына ие болды. 2012 ж. жаңа пьесаларға арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» деп аталған республикалық жабық байқауда жазушының  көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровқа арналған драмасы бірінші орынға ие болды.

Тұңғыш жинағы 1977 жылы жарық көрген. Республика баспаларынан 30 кітабы басылып шыққан. Солардың ішінде «Гүл мен бидай», «Шынар», «Күлімдейді күніміз», «Біздің бақшада», «Әдемі», «Аяз және Қыдыр», «Бағдаршам» атты кітаптары балаларға арналған. Автордың өлеңдері орыс және шет ел тілдеріне аударылған.

«Есте қалар ел тарихы», «Ел есіндегі есімдер», «Тыңда туған»,    «Пирамида», «Көзімді ашып-көргенім», «Жұлдызды дәуір», «Жер-бесік», «Мөлдір бұлақ» деп аталатын  прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленді. Драматургия саласында да қалам тербеп келеді. Ақсұлу Орысбайқызына арналған «Ақсұлу» тарихи драмасы Қазақ радиосының алтын қорына қабылданды. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында оның «Таза бұлақ» және «Шоқанның шері» деп аталатын спектакльдері, Қостанай облыстық орыс драма театрында «Ыбырайдың өсиеті» драмасы қойылды. Аталған пьеса 2014 жылдың ең үздік драмасы атанып, автор «Алтын қалам» жүлдесін алды.

Ақын сөздеріне жазылған отыз шақты ән бар. Солардың ішінде Заттыбек Көпбосыновтың орындауында «Әдемі» (әнін шығарған Ержан Серікбаев), Арыстан Құрмановтың орындауындағы «Қостанай» (әнін шығарған Дәмір Қалқаев) әндеріне бейнебаян түсірілген. Ақын сөздеріне Тоқтар Серіков, Бейбіт Орал, Қалибек Деріпсалдин, Ғұсман Наурызбаев, Бақытжан Мұқашев, Дмитрий Гусинцов секілді композиторлар ән шығарған.

Қамшыгер: Нұрғали НҰРТАЙ.

***


АРАБ ТАҢБАСЫ – АҚАҢ «ӘЛІПБИІНІҢ» НЕГІЗІ

Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін оқып жатқан бүгінгі ұрпақ, сөз жоқ, бақытты. Мен Ахметтің есімін ең алғаш бұдан елу жыл бұрын  әкемнің аузынан естіген едім. Сол кезде мұғалім болып қызмет атқарған әкеміз: «Біз балаларға бас қатыратын шана, щаңғы деген сөздерін жаттатып, үйретіп жүрсек, Ахмет мектепте сабақ бергенде тақтаға «ш» әрпінің араб таңбасын салып, оның жанына шал мен шабақтың жөне қасқырдың суретін бейнелеп:

«Балалар, қараңдар!

Бұл – аш шал!

Бойынаназар сал!

Сақал-шашы ақ,

Қайраты қайтқан шақ.

Ауқаты – шабақ,

Сусыны – шалап,

Қатқан аш, арық, 

Бұл сондай шатақ шал!» –дейтін. Содан кейін бұл әріптіешбір шәкірт өмірі ұмытпайтын», –дейтін. Бұл шумақта ұстаз ақынның тапқырлығымен бірге ұрпаққа айтқан тағылымы да жатыр. «Шал неге шабақ жейді? Неге аш? Қазақтың төрт түлік малы тұрғанда, шабақты қайтеді?»–деген сауал туады. Сол тұстағы аштықты, қазаққа деген қастықты Ахмет Байтұрсынұлы емеурінмен білдіріп тұр ғой» – деуші еді.«Ауыз біреу, қол екеу,Ол неліктен бұлай?!Көп істеуші, аз жеуші,Жаратқаны ол солай» – деген жолдар да балалар әдебиетінің озық үлгісі емес пе?!

              Ахмет Байтұрсынұлы өз «Әліппесін» неге араб жазуы негізінде жасады деген сауалға жауап іздесек, бұл жазудың біріншіден төл тарихымызбен, Ислам мәдениетімен тығыз байланысты екенін, екіншіден, оның қазақ балаларының хат тануына өте жеңіл екенін аңғарамыз.

              «Латын жүйелі әріппен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің жүретін бағдарына қарсы келіп отырады, – дейді А0аң. Сол ыңғайына қарай жазу жолы да солдан оңға қарай жүреді. Ал араб әрпімен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің бағдарымен бірыңғай келіп отырады. Сол ыңғайыңа қарай жазу оңнан солға қарай жүреді. Машина айналдырған жұмыскерге, қол машинамен тіккен елдерге қарап тұрсақ, бәрі сағат тілінің бағдарымен айналдырады. Қалай да, қолмен айналдыра - үйірілдіре қайта-қайта істелетін жұмыстардың бәрі де, мәселен, инемен тігу, арқан есу сағат тілінің бағдарымен істеледі, оңнан солға қарай жүреді. Оның бұлай істелетіні қол талмау үшін. Қайта-қайта көп рет қимылдағанда ыңғайсыз жағына қимылдаса, қол тез талады. Мәселен, орысша жазғанда қолдың талғаны білінеді, қазақша жазғанда білінбейді. Ойлап қараңдаршы, қарды жаюдан жыю жеңілірек».

          Ақаң екі әріптің қайсысы баспа ісіне қолайлы, кайсысын үйрету оңай, барлығына жан-жақты тоқталып, латын әрпінен енетін үлкен пайда түгіл кішкене де пайда жоқ, ендеше, бұл сияқты мәселені көтеріп, уақытын шығын қылып жүргендер болса, оны еріккен адамдардың ермегі есебіндегі құр қиял деп білемін деп өз шешімін кесіп айтады.

              Ақанның жан серігі болған Алаш ардақтысы Елдес Омарұлы «Араб таңбасы» туралы еңбегінде «ескішілдік деген не?» деген сауал қойып алып, іле-шала: «Ескішілдік деген бұрыннан үйреншікті болып, бойына сіңіп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйреніп қалған қазақ жігіттері қазақша жаза алмайды. Пішіндемеде кездесетін түрлі атауларды қазақ әрпімен белгілесек, олар бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үріккеніндей осқырынып қарайды... Міне, ескішілдік деген осы. Өзінің үйреніп қалғанынан басқаға осқыра қарайтындық», – дейді. Осынау сөздер күні бүгін де мағынасын жоймаған, біздің қазақ қауымына арнап айтылған сөз секілді әсер етеді. Кезінде қазақ зиялылары осындай сөздерге құлақ қоймағаны өкінішті, әрине!

          Қазақша жазу туралы жаңа ережелерді де Елдес Омарұлы дайындап, оған Қазақстан Республикасының сол тұстағы оқу комиссары Нұғыман Балаұлы,қазақ комиссиясының  бастығы Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ комиссиясының жаршысы (секретарь) Елдес Омарұлы қолдарын қойған.        1926 жылы Баку шаһарында өткен түркішілердің бірінші құрылтайына қазақ елінен Ахмет Байтұрсынұлы, Әзиз Байсейітұлы, Біләл Сүлейұлы және Елдестің өзі, сонымен бірге Мәскеуден Нәзір Төреқұлұлы арнайы шақырылып, әлемге әйгілі академиктер Бартольд, Ольденбург, Малов, Яковлев, Ашмарин, Ибрагимов тағы басқа білгір мамандар алдында Ахмет пен Елдес те мінбеге бірнеше рет шығып, қазақ тілінің ғылыми зерттелуі, оның түркі халықтары тілдері арасында алатын орны туралы өз қисынын баяндаған.

              «Латын әрпін аламыз деу тек сыртына қызыққандық. Біз латынның әрпін аламыз дегенше Иауропаның  мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Мәдениетсіз біреудің іші қуыс тонын киюден пайда шамалы. Біз не нәрсенің де сәніне қызықпай, дәніне қызығуымыз керек. Латын әрпіне ентелегенше, біз қазіргі қолданып келе жатқан әріптерімізді түзетіп, баспахана қызметкерлеріміз – әріп түзеушілерді даярлап, баспа істерімізді жөндеуге кірісуіміз керек.  Нәзір айтқандай, басқа түріктер 25 жылдан бері жазу машинасын  дұрыстай алмай жүрген болса, біз қазір оны жасап, жазып та отырмыз.  Әлде болса да орынсыз латыншаны ортаға салғанша өз әріптеріміздің кемшілігін толықтыралық, соны қолданалық. Бізді мәдениетке жеткізбей, бөгеп жүрген түрік әліпбиі емес, сондықтан оны жазықсыз құрбан қылудың орны жоқ» – деген Елдес  уәжі саналы адамдар санасына сәуле түсіргендей еді.

              «Ақаң әрпін түзетуге көп ақша шықты деу дұрыс емес. Шығын болмай іс бола ма? Ақаң әрпін түзетуге көп пұл шықса, бүгін соның арқасында әрпіміз түзеліп отыр. Енді түзелген әріпті тастай беріп, әзірбайжан алды, пәлен алды, түген алды деп латын әрпіне көшсе, тағы шығын шықпай ма? Әлде латын әрпі тегін келіп, біздің латын әрпімен қайта басылатын толып жатқан кітаптарымыз тегін басыла ма? Мұны да ойлау керек қой. Әзірбайжанда «оқығандар табы» деген тап бар. Олар ақсүйектер, бұқарадан артық болғысы келетіндер. Латын әрпін алып отырған, алдырып отырған сол елден жырылып кеткен оқығандар. Оларға біз еліктемеуіміз керек. Латын әрпі қазақ әрпінен артық емес. Сондықтан қазақ еліне оның керегі жоқ!»

          Елдес Омарұлы қазақтар араб жазуын қолданғаны дұрыс па, әлде латын әрпіне көшуі қажет пе деген пікірталаста сөйлеген сөзінде араб таңбасының артықшылығын ғылыми тұрғыда дәлелдейді: «Тағы да жазуға келгенде, біздің оңнан солға жазуымыз әбден дұрыс, – деп жазады ғалым, – өйткені, адамның табиғаты жаратылысында солай. Мәселен, жіп иіргенде қазақтың әйелдері оңнан солға қарай иіреді. Солдан оңға қарай иіруге олардың табиғаттары көнбейді, ыңғайлары келмейді. Жазу да осы сияқты. Тек біздің орысша жазып үйреніп қалғандарымыз ғана оңнан жаза алмайды. Сонан соң солдан жазуды мақтап, жорта жылдам жазылады деп, тәжірибесіз демагогтікке салынады».

              Елдес Омарұлы: «Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен қай ұлттан боласың деп сұрасаң, қазақпын деуге арланып, жапонмын дейді», – дей келіп: «Бұл не?! Қазақтан жиренгендік. Ақылы соған өлшенгендік. Латын әрпін аламыз деушілер де қазақтың қазіргі әрпінен жиренеді. Ол олардың орысша үйреніп қалған әдеттерінен шыға алмай, сырты сұлуға еліктегенінен шыққан әдет» – деген қорытынды жасайды.

              Елдес: «Біз латынның әрпін аламыз дегенше Иауропаның (Европа дегені) мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Мәдениетсіз біреудің іші қуыс тонын киюден пайда шамалы. Біз не нәрсенің де сәніне қызықпай, дәніне қызығуымыз керек... Орынсыз латыншаны ортаға салғанша өз әріптеріміздің кемшілігін толықтыралық, соны қолданалық. Бізді мәдениетке жеткізбей жүрген түрік әліпбиі емес, сондықтан оны жазықсыз құрбан қылудың орны жоқ.»

          «Латын әрпін алғаш шығарған латын елі осы күні мүлде жоқ. Латын бұл кезде жоғалған ел. Осы күнгі Еуропа елі әуелде өзі бастап өздерінің надан кезінде әріпті арабтан үйренген. Олар қазіргі қолданып отырған әріптерінің негізін арабтан алып, бертін келе, мәдениеті өсе келе, араб әрпін өзгертіп алған.Мәдениетті ел өнерді, табиғатты өздеріне икемдеп, сыртқы түрлерін өз ыңғайларына қарап өзгертіп алады. Біз сияқты мәдениетсіз бейшара елдер оны білмейді. Өнерді, мәдениетті, техниканы өз тұрмысына ыңғайлаңдырып, өзгертіп алудың орнына өнерге, табиғатқа өлшеп, өздерін өзгертеміз деп әуреленеді. Егер бұлай болса, бара-бара қазақтың тілін де өзгертеміз дер.Еңді сөзімді басқа ойға бытыратуды осымен тоқтатып, Әбдірахманның баяндамасына келейін. Әбдірахман: «басқа күншығыс елдерінің бәрі де латын әрпіне көшті. Біздің олардан қалып қоюымызға болмайды», – дейді. Басқа: әзірбайжан, қырғыз, өзбек сияқты елдердің латын әрпіне көшеміз деп дайындалып жатқаны рас. Бірақ, олар көшті деп, біздің ойламай, ауыр мен жеңілді салыстырмай көшуіміздің керегі жоқ. Әуелі сол  латын әрпін алған елдер неге алып отыр? Алуларына қандай себептер болды? Олардағы себеп бізде бар ма? Міне, осы мәселелерді шешуіміз керек»  деген Елдес сөзі Ақаң ойымен сабақтас, өзектес.

Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» деп аталатын кітабында  «Айқап» журналының алғашқы шығарушысы Мұхаметжан Серәлин ролін ерекше бағалайды. «Журнал шығарудағы мақсатымыз тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді» - деген Серәлин сөзін кейін Ахмет Байтұрсынов іліп алып кеткенін білеміз.

Қазақ басылымдары арасында ұлт ұйтқысы болуға талпыныс жасаған және діттеген мақсатына жеткен басылым «Қазақ» газеті болатын. Орынбордағы қазақ шәкірттері ынтасымен және қолдауымен жарық көрген газеттің ыстығына күйіп, суығына тонған Ақаң болған. «Қазақ» газеті жабылып қалар қысылтаяң сәт туғанда айыбын төлеп, Ақаңды абақтыдан құтқарып қалған қазақ оқығандарының іс-әрекеті олардың Ахмет Байтұрсыновтың жеке тұлғасына деген құрметін ғана емес, сонымен бірге газетке деген сүйіспеншілігін де көрсетсе керек.

«Біздің газетіміздің таңбасы «Қазақ», яғни қазақтығымызды сақтау Қазақтық әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Бұл айтқанымыз русша (орысша), я басқаша оқымасын деген емес, русша тілін де білу керек. Бірақ өз тілінен жиренбеске керек деген сөз. Тұтынбаған нәрсе жоғалады. Он жыл, он бес жыл еңбек етіп, қиналып рус яки әдеби тілдерді үйренгендерге өз тілімен жазуды үйрену қиын деп ешкім айта алмас» деген Ақан сөзі тағы ойға оралады. Қостанайлық Уәлиолла Халили «Айқап» журналында жарық көрген «Тіл сақтаушылық» деген мақаласында: « Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы Ахмет Байтұрсынов секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады» - деп жазады.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1931 ж. 24 шілдедегі санында Бахтияр деген ақын «Жаңа әліп жолында» деген өлеңінде:«Арабшы, жаңа әліпші Екі жақ боп тартысты. Ахмет,Елдес, Мұхтарлар Арабқа жұмсап бар күшті» – деп жазғанында да сол кездегі саясат пен уақыттың табы бар.

Біләл Асфандияров  өзінің  естелігінде  ағарту мекемелерінің ашылуы туралы айта келіп: «Бәрінен де қазақ мектептері көп қиындық көрді. Ол баяу қалыптасып, қателер де жіберіп отырды. Қазақ мектептерінің көптеген мұғалімдері тек ескі араб жазуын ғана білетін. Қазақ тілінде реформа жасалып, ескі араб жазуының жаңа араб таңбасымен, одан кейін латын таңбасымен ауыстырылуы мектептерді жұмысты басынан бастауға, ал мұғалімдерді әліппені оқытудың методикасын іздеуге мәжбүр етті. Оқулық пен көрнекі құралдар шығарып үлгіру қиын болды. Оның үстіне көптеген мектеп жабдықтары мен оқу құралдары жетіспеді. Бұл кезде политехникалық білім беруді ойлаудың өзіне мүмкіндік жоқ-ты» – деп жазған болатын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, араб таңбасы – Ақаң «Әліпбиінің» негізі, төте жазу сол кездегі қазақ баласының сауатын ашуда тура жол болды. Бұл жазуды келешекте пайдалана білу ешуақыт маңызын жоймақ емес.

          Елдес шығармаларын жарыққа шығару келешектің міндеті. Оның кезінде Міржақып Дулатовқа телініп кеткен еңбектерін де авторға қайтаратын мезгіл жетті. Екі тілдің шешені болған Елдес шығармаларын жариялау биылғы жылы  жүзеге  асса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, биылғы жылы Алаш арысының туғанына 125 жыл толып отыр.

Ақылбек Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар