Маңғыстау облысында ірі шенеунік ұрылармен сыбайлас болған (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709233615111_small.PNG

Қамшы» поштасына төмендегідей мақала келіп түсті. Мақалада қылмыскерлермен жең ұшынан астасқан шенеунік туралы дерек келтіріліп, мәселе көтеріледі. Істің ақ-қарасын құзырлы орындар тергеп-тексереді деген сеніммен материалды жазу стилін бұзбай қаз-қалпында жариялауды жөн санадық.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың,

ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың,

ҚР премьер министрі Бағытжан Сағынтаевтың,

Қасымов пен Мәсімовтың,

Маңғыстау облысының жаңа тағайындалған әкімі, т.с.с құзыретті билік басындағылардың барлығының назарына!

Маңғыстаудағы конокрадтардың «крышасы» СБ басшысы подполковник Дегениязов Еркін болып шықты

Маңғыстау аймағы Шетпе елді мекенінен Ақшымырауға жүретін тас жолының шамамен 25 ші шақырымында (Қаражан әулиенің тұсында), 2017, наурыздың 3 ші жұлдызында, кешкі сағат 9 дар шамасында түсі ақ «Нива» автокөлігін мінген конокрад, баукеспе ұрылар ұсталды. Көліктен қыруар оқ-дәрісімен қос ауыз аңшы мылтығы, мал соятын қанжар пышақтары, ет шабатын балталары, мал ұстауға арналған арқан-жіптері, ет астына жаятын картон жаялғылары, қайрақ-пайрақтары секілді ұры-қарыға тән барлық құрал-саймандары шықты. Онысы ертеңгі күнге дәлел ретінде бейнетаспаға түсірілді. Қолға түскен ұрылар дәл сол жерде өздерінің ұры екендерін, осы уақытқа дейін ұрлық жасап келгендерін, дәл сол уақытта ұрлап жатқандарын толық мойындады. Ұрыны құрықтағандар ауылдың намысты жастары еді. Бұған дейін ІІ Бөлімі сияқты құзырлы орындарға хабарласатын, арызданатын, ендігі ол орындардан түк нәтиже болмайтындарына халықтың әбден көздері жеткен. Бар болғаны арызың шаң басқан күйінде архивте сақталады. Құзырлы орындар халықпен жұмыс жасай алмай отыр. Әркім өз шаруасын өзі шешсе, онда ІІ Бөлімінің халық үшін қандай қажеттілігі бар? Шүкір, қазір елдің көзі ашылып намысы оянып келеді. Бұрынғыдай жоғарыға қарап телмірмейді. Қазақта: «Балық басынан шіриді; сенген қойым сен болсаң, жусағаныңды пәленше етейін» деген сөз бар. Қайтсін енді, «сабырда сарқылады; шыдамның да шегі бар; қорғанбасаң қорланасың» дегендей, әрекетсіз берекеттің келмейтінін түсінген намысты жастар «аңдыған алмай қоймайды» деп, әліптің артын бағып жүрген болатын. «Көп асқанға – бір тосқан; біреуге ор қазба – өзің түсесің; ұрының арты қуыс; ұрлық – түбі қорлық; ұры жалтақ келеді; ұрының қатыны өзіне сай; ұры мен жарқанат түнді сүйеді; өтірік – ұрының аузымен атқаратын қылмысы» дегені секілді сом тәжірибеден өткен қазақ мақалдарын ұмытқан баукеспелер өз қақпандарына өздері түсті. «Сәлемнің де сәті бар, сабақты ине сәтімен» деген осы болды. Мынау деген сұмдық, масқара ғой! Бір қазақ бір қазақтың малына қырғидай шүйлігіп жауша тиген деген. Бөрі шапса бір сәрі, бермеген зекеттің төлеуі ғой дейтіндей. Бірін бірі жеп, онысына опынудың орнына, қалмақ қырғандай  қуану опасыздықтың белгісі емес пе? Не істеу қалды бізге? Түздің малын үй қамаққа алайық па? Елде ұрлық басылатын емес, ұрлық азаятын емес, ұрлық керісінше шырайланып жандануда. Неге? Бұл – қоғамның дерті! Бұның себебін ізденген мамандар болды ме екен, сірә?! Бұл ұрлық дегендер неге тоқтамайды? Ұрылар мықты ма әлде Қазақстанда «ұрылар мектебі» бар ма? Бәлкім, біз білмейтін жасырын оқу орыны болып, бұлар соның алтынмен бітірген түлектері болар? Сонда ұрлатушылардың бәрі дерлік әлсіз, қатын-баласы, мал-жанына ие бола алмайтын намыссыз ез, ынжық, қорқақ, сорлы болғандары ма? Әлде басқадай да жағдаяттар бар ма екен арада? Өз мүлкін, өз малын, өз жанұясын қорғай алмайтын еркектер ертеңгі күні басымызға бір нәубет туса туған жерін қалай қорғамақ? «Бұға берсең – сұға береді» демекші, мүмкін ұрылардың «сүйенгені» мықты болар? Несімен мықты болуы мүмкін? Мүмкін мылтығы, қанжары, көлігі, беделі, физикалық шапшаң күш-қуаты, ережесіз жекпе-жектің майталманы, воровской мир, вор закон, жаргон-паргон, пахан, смотрящий, строгач, авторитеті, ұшқыр ойы мен кез-келген жерден арашалап қалатын суырып салма сүйір тілі болар? Болмаса жоғары жақта күркіреп отырған «бәке-сәке» дөкей көкелері бар болар? Қазіргі «екіжүзділік» сән-салтанат құрып тұрған кезеңде біреудің аузымен орақ орып, қолымен от көсеу қалыпты жағдайға айналды ғой. Құласа кранмен көтеріп, жыласа балмұздақ жалатып, алдын бульдозермен күреп, артынан тегачпен тіреп отыратын, іс насырға шапса пара-марамен қонжита қоятын Щвецария банкісінде мол қаржысы, шетелде вилалары, қара теңізде кемелері, сахарада ұшақтары бар мафия, кланнан құрылған «крышалары» бар ма екен? Заманға сай «Сыбайласы күштінің – сыйы зор; парақорлар – шаруақор; кенеуі кеткен – жемқор ауруына ұшырайды; алымқор – салымқордың асқазаны» дегендей мақалдар легі дүниеге келе бастады. Соңғы кезде газет-жұрнал оқысаңда, теледидар, радионы қоссаңда, ВК, инстаграм, фейсбук, БАҚ, қандай да бір интернет желілерін қарасаңда қолға түсіп парамен ұсталып жатқандардың бәрі лауазымды шенеуніктер, яғни, халық сенген, біз сенген шенділер. Сонда билік, қоғамға не болып кетті? Айдың аманында, мынандай беймарал, мамыражай бейбіт заманда не күн туды басымызға? Түлен түртіп қара халықтың билікке деген сенімі өшті. Бұл жақсы нәрсе емес, және де қараптан-қарап емес.  Бұның арты небір келеңсіздіктерге, бітпес дауға, арты шулы жантүршігерлік трагедияларға, қантөгіс майдандарға, алапат сойқанға алып келе жатыр. Құзырлы орын қызметкерлеріне дейін өздерін қорғауда заңды қалқалап, ал өзіне дегенде лауазымы мен жұмысын асыра пайдалануды сәнге айналдырып алған. Ендігі айтайын деп отырғаным жаңағы қолға түскен ұрылар мінген автокөлікте. Ұрылар мінген (мемлекеттік нөмірі 577 АКА 12) «Нива» автокөлігі Маңғыстау облысы, МАИ да СБ басшысы подполковник Дегениязов Еркіндікі болып шықты. Ешкім құрықтай алмайтын, керісінше жанынан өткенде МАЙ қызметкерлеріне иіліп сәлем еткізетін, беделді, қасиетті көлікті мінген ұрылар еш қиналмастан, еш шімірікпестен өз ұрлықтарын осы уақытқа шейін  еш күмәнсіз мейілінше жалғастыра берген. Әрине, мұндай көлік иесінің аузы үш есе майлы екенін кім білмейді. Демек, бұл жерде ұрылардың әбден еркінсуіне, бой алуына, бұл көлікті ешкім тоқтатып тексермейтініне, ұрлығын қиналмастан батыл жасауына, ешкімнің ұстамайтынына, тіпті арнайы тапсырыспен жоғарыдан ұстаған жағдайда да кешірім не айыппұлмен құтылатынына, ұрлық арқылы мол байлыққа жететініне 100 пайыз сенім қалыптастырған себепші – СБ басшысы подполковник Дегениязов Еркін! Бұл жерде Дегениязов Еркін – ұрылардың дегенін жасап, еркін тайраңдауына күш беруші механизм! Оған ұрыларға мінгізіп қойған автокөлігі дәлел. Шені, лауазымы мен жұмысын асыра пайдаланушы, ұрыларға дем, рух беруші, ұрылармен қоян-қолтық араласқан сыбайлас, ұры-қарақшылардан топ құрып, оларды ұрлыққа итермелеп, күнәға жұмсап, оларды «крышевать» етіп қорғап отырған, осы мақаланың жарыққа шығуына себеп болған, лауазым мен шені бар барлық құзырлы орын иелеріне, басшыларының беделдеріне, іскерліктеріне, ар-намыс, абыройларына, тіпті киелі Маңғыстау өлкесі атағына, түгел Қазақстан еліне күйе жағып нұқсан келтірген, жасырын-ашық түрде қылмыс жасаған, күнәхар подполковник Дегениязов Еркін ұсталған ұрыларымен қоса заң алдында өте қатаң түрде жазалансын! Харамнан жиған мүлкі тәркіленіп, үйі кәмпескеленіп үкіметке өткізілсін! Шенінен айырылсын, ендігі бұл салада мүлдем қызмет етпейтіндей аластатылсын!  Көз қысты, бармақ басты, таныс-тамыр арқасында саңылау тауып жеңіл ескертпемен сытылып кетулеріне жол бермеулеріңді, өте сақ болуыларыңызды сұраймыз! Егер, «шенді-крышалар» дер кезінде жазаланбаса арты ылаңға алып келуі әбден ықтимал! Солай болған күнде де Маңғыстау намыстылары   амалсыздан топ құрып, қаруланып, істі өз қолдарына алуларына тура келеді. Бұл қоқан-лоқы емес, бұл ескертпе алдын алудың алғаш қадамы, бірінші баспалдағы болып табылады. Сондықтанда, біздер әдіс бойынша алдарыңнан өтіп, қолдан келгенше шырылдап дабыл қағып, өзекті өртеп, іштегі шоқ болып бықсыған жан-айқайымызды, эмоциямызды жеңіл түрде қарапайым мақала қылып жеткізіп отырған жайымыз бар. «Қорқа-қорқа батыр болдық» дегендей, енді артқа шегінуге, мәймөңдеп бұқпайлауға, лауазымды ұрылардың құрбаны болуға еш негіз жоқ. Қыруар малымыз есепсіз жоғалып қолды болды. Осындай шенділер мен ұрылардың кесірінен қара халықтың қолына мал құтаймады. Кәсіпкерлікті қолдау кәсіпкерлерді қорлауға айналып барады. Өз халал өніміміз өз аузымызға бұйырмайтындай, өзге елдің егілген құсын жегізетіндей не жаздық біз өкіметке? Міне, енді ұры иесімен қолға түсті және де қолдарыңа тапсырылды. Ендігі кезек, ендігі ерік пен билік өздеріңде. Дегениязов Еркін сияқтылар өмір бойы өз дегенін еркін жасап жүре беру керек пе? Ұрыларға бағдаршамның жасылын, момын халыққа қызылын жағып қойған Дегенияз тұқымының құрық тимеген басы ноқталансын! Бас бостандығынан айрылып тұтқындалсын! Не нәтиже шығатынын аңдысын аңдып көрейік? Жалпы сөзге жомарт іске сараң жайбасар едік қой, сондада сенгіш момын қазақ болғасын әділдік болады деп сенеміз, немен аяқталатынын жіті бақылауда ұстап отырамыз. Амалсыз қалам тербеткеннен кейін, болған жәйттердің, атқарылып жатқан іс-шаралардың, т.с.с хабарлардың бәрін жарыққа шығарып, халық назарларына ұсынып, халықпен бөлісіп отырамыз! Ішінде наразылығы мен күдігі бар, өкпе-реніші мен ыза-кегі бар, арыз-шағымы мен түсіндірме жан-айқайы бар, ескертпелері мен алдын алып, алдынан өтуі бар, күмәні мен үміті бар ойсалма мақала Маңғыстаудың көздері ашық, көкіректері ояу, намысты, ызалы шаруалары, жамандықпен, қылмыспен күресуші парасатты жастары атынан жазылды!    

19.03.2017.     Маңғыстау намысты жастары!

,

Қатысты Мақалалар