Елдес Омарұлының шығармалары. Тіл заңын бұзбау керек

/uploads/thumbnail/20170710011037086_small.jpg

(Жалғасы, басы өткен санда)

Қазақша жазу жайы

  Төңкерістен бұрын қазақ тілінде жазу болған жоқ. Біздің оқыған азаматтарымыз әуелде бастап оқығанда, иә орысша оқыған да, иә арабша оқыған. Олар араб, орыс тілінің заңдарын да, жазуын да жақсы біледі. Жазғанда көбіне сол тілдермен жазады, арабша, орысша жазған кітаптарды оқиды. Оқығандарымыздың қазақ тілін, қазақша жазуы керек қылатындары санаулы. Бұлардың көбі қазақ тілін шұғылданып тексерген емес, тек анда-санда басқа жұмыстардан қолы босаған кезде ғана ермек қылады. Бұлардың қазақ тілін керек қылуы бекзада, байлардың бұқараға жаны ашығаны сықылды, Лонд Жорждың бұқарашылдығы сықылды.   

Бұл сын әсіресе орысша оқығандарға  дәл келеді. Орысша оқығандардың көбі орыс тілін жақсы біледі. Орысша сөйлей білуі артықшылық деп түсінеді, қазақ тілін менсінбейді.

Қазақша жазу ережелері төңкерістен бұрын “Оқу құралы”, “Тіл – құрал” болып зерттеліп шығып еді. Ол ережелерді мінсіз деуге болмайды. Сүйтсе де жоқтан артық, үйретуге жеңіл еді. Жеңілдік жағынан басқа елдердің жазу ережелерінің қайсысымен де таласуға жарайтын еді, орысша жазу ережелерінен анағұрлым жеңіл еді. Біздің оқығандарымыз осы күнге шейін сол жеңіл ережелерді де алған жоқ. Жалпы оқығандарымыз қазақ тілін – қазақ тілін керек қылмайтындар түгел (оларға не қылса да, рауа ғой) қазақша бала оқытатын мұғалымдарымыз, қазақша кітап жазатын жазушыларымыздың да көбі сол ережелерді жете білмей, қазақша жазуды қатасыз жаза алмайтын еді. Мұны ереженің жеңіл болмағанынан көріп, қазақша білім кеңесі сол ережелерді тағы да жеңілдетіп шығарды. Бірақ оқығандар оны да үйрене алатын емес. Оны да бір түрлі қиын көреді. Жазуды тағы да жеңілдету керек деп, әркім әртүрлі жобалар ұсынады. Дұрысы: ереже жеңіл орысша жазу ережелерінен қазақша жазу ережелері  бес есе жеңіл. Оны ешкімнің үйрене алмай отырғаны: ешкімнің оны үйренгісі келмейді, ешкім қазақ тілін менсінбейді.

Орысша жазу ережелерін жақсы біліп, орысша жазуды қатасыз жазатын болу үшін бірнеше жыл оқу керек. қазақша жазу ережелерін бастауыш мектепте бірнеше ай оқыған жеті-сегіз жасар балалар да жақсы біледі, қазақша жазуды қатасыз жазды.

Сүйтсе де, біздің жазу ережелеріміз мінсіз деуге болмайды. Жазу ережелерінің жеңілдік жағынан да, мағына (қазақ тілінің негізгі қасиеттеріне келу-келмеу) жағынан да кемшіліктер жоқ емес.

Ол кемшіліктердің біреуі Жүсіпбек айтқан сүйеу таяқ. Сүйеу таяқтың бес тиынға да керегі жоқ. Сүйеу таяқ жоғалса, жазу жеңілденеді. Бұған ешкім таласпас деп, мұны Жүсіпбек те көп сөз қылмаған екен. Біз де осы түрде қысқартайық.

Жазу ережесінің тағы бір кемшілігі – “ы” туралы ереже, “ы”-ның ашық буында ғана жазылып, бітеу буында жазылмауы. Бұл – үлкен кемшілік. Қазақ тілінде “ы”, “ұ” деген орыста да, арабта да жоқ. Дауысты дыбыстар бар. Бұл дыбыстар орыс тілінде жоқ болған себепті, орысша оқыған азаматтарымызға біртүрлі ерсі көрінеді. Орысша “благоство” деген сөздің “б”, “т” дыбыстарының артында да сондай “л” дыбысы сықылды дыбыс бар. Бірақ орыстар оны жазбайды. Ол дыбыс үшін арналған әрпі жоқ. Сондықтан олай көмескі етілетін дыбыстарды біздің де жазбауымыз керек екен. Орыс тілін жақсы білетін азаматтар осылай дейді. Жүсіпбек те дәл осылай демегенмен, осыған жақыдатқан. “Ы” бұрынғысынша ашық буындарға ғана жазылып, бітеу буындарда жазылмайтын болсын, бірақ ол туралы өз алдына ереже болмасын, – дейді. “Ы”-ның тұрлаусыз, көмескі дыбыс екенін ыспаттау үшін “қасық” деген сөз бен “мұрт” деген сөзді салыстырып, “қасық” та “ы” бар екені анық естіледі де, “мұрт” деген сөзде (“р” мен “т”-ның арасында) “ы” анық естілмейді, – дейді. Жүсіпбектің мұнысы: орысша оқығандығына барып, қазақ тіліндегі “ы” дыбысын орыстың “благо” деген сөзінде “б”-дан соң естілетін дыбыс сықылды деп жоруынан және жалпы оқығандардың салтына түсіп, қазақ тілін жете тексеруге менсінбей, тек ермек қылып, кезі келгенде ғана соғып өтетін болғандығынан.

Қазақ тілі ермек емес, ғылым жөнімен тексеруге жарайтын тіл. Қазақ тілінің өзіне ғана меншікті қасиеттері бар, заңдары бар, өзгеше дыбыстары бар. “Ы” деген дыбыс – қазақ тілінің негізгі дыбыстарының бірі. Қазақ тілінде сол “ы”-дан көп айтылатын дыбыс жоқ. “Жылқы”, “түлкі”, “тары”, “сары” деген сөздерде келетін “ы” орыстың “окно”, “корова”, “девочка” сықылды сөздерінде естілетін “о” дыбысынан анағұрлым анық естіледі. “Қасық” деген сөздегі “ы” да анық. “Мұрт” деген сөзде “ы” дыбысы естілмейді емес, мүлде жоқ. “Мұрт”-тағы “ы” анық естілмейді деп, “ы”-ға өкпелеу: “ы” дыбысын менсінбей, дұрыс тексермегеннен болған орынсыз өкпе. Бітеу буында “ы” дыбысы бар екенін сезу үшін құлақтың артықша сезгіш болуы керек емес, қазақ құлағы болуы керек. “Жарқ  етті”, “ай жарық” деген қазақша сөздерде келетін алғашқы “жарқ” та (жарқ етті) “ы” дыбыс жоқ. соңғы “жарық”-та  ап-анық естілетін “ы” дыбысы бар екенін қазақ құлағының қандайы болса да сезбей қалмайды. “Ы” бітеу буында жазылмасын деген ереже болған соң ап-анық естілетін “ы” дыбысы “р” мен “қ”-тың арасында тұрғандықтан жазылмайды да, “жарық” деген сөз онан басқаша айтылып, басқаша естілетін “жарқ” деген сөзге ұқсап жазылады.

“Жорыт” (түсты жорыту) деген сөз де солай. Өзіне басқаша естілетін “жорт” (аттың жортуы) деген сөзге ұқсап жазылады.

“Ы” бітеу буында жазылмасын деген ереже әуелде орысша оқығандардың көңілін аулау үшін шығарылған ереже болуға керек. Бірақ онымен орысша оқығандардың көңілі тынған жоқ, орыс тілінде жоқ дыбысты орысша оқығандар бәрібір жатырқамай қоймайды. “Ы” дыбысының сонан басқа түк жазығы жоқ. Сондықтан оны бітеу буында жазбай тастап кету – үлкен кемшілік.

Қант, кент, кілт, құрт, сарқ-сұрқ, жалп-жұлп, құнт, бүлт, қарт, қарқ, тарс-тұрс сықылды толып жатқан сөздер бар. Бұларда екі дауыссыз дыбыс “ы”-сыз жалғанған. “Ы” бітеу буында жазылмайды деген ереже болғандықтан, бұл сөздерді қаныт, кенқт, бұлыт деп бұзып оқуға болмайды. Бітеу буын ережесінше дәл “ы”-сыз сөздерге ұқсап жазылатын “желік” (желігудің түбірі), бүлік (бүлігі делініп өзгерілетін “бүлік”), “арыз” (арбаның арысы), “қарық” (қарғудың түбірі), тұрыс (отырыс-тұрыс), қарыт (қартудың түбірі) сықылды сөздер де толып жатыр. Бұл сөздерден “желк” (желк-желк етіп желкілдеу), “бүлк” (бүлкілдеген болатын бүлк), “арс” (иттің арсылы), “қарқ” (қарқ етті), “тұрс” (тарс-тұрс), “қарт” (қарт кісі) сықылды ішінде “ы” дыбысы жоқ сөздерді бітеу буын ережесінше, ішінде “ы” бар деп бұзып оқуға болады. Бұл – үлкен кемшілік. Бітеу буын ережесін жоғалту керек. “Ы”-ны бітеу буында да қалдырмай жазып отыру керек. Сонда Жүсіпбек айтқандарды сүйеу таяқсыз, ынта, ысқын, ықтын, ырғыз деп жазуға болады. “Тарығу”-дың түбірі “тарық”-ды “тарқ-тұрқ”-қа ұқсатпай, “тарық” деп “орыстың қойы сарық”-ты сарқудың түбірі “сарқ”-қа ұқсатпай, “сарық” деп жазуға болады.

Бұл жазу ережелерін керек қылмайтын оқығандарға жазуды жеңілдеткенмен, бастауыш мектептерде оқитын балаларды түсініксіз қиын ережеден құтқарып, хат тану, жазуға үйрету жұмысын көп жеңілдетеді.

Қазақ тілінде а, о, е, ұ, ы деген дауысты дыбыстар бар, б, т, п, р сықылды дауыссыз дыбыстар бар. Және жарты дауысты атанған сау, екеу, қой, үй деген сөздердің аяғында естілетін “у” мен “и” бар.

Дауысты дыбыстарды жеке күйінде айтуға болады, дауыссыз дыбыстарды дауысты дыбыспен қосып қана айтуға болады. Онысыз жеке күйінде айтылмайды. “У” мен “и” да солай, тек дауысты дыбыстармен қосып айтылады да, жеке күйінде айтылмайды. Сондықтан бұларды да дауыссыз дыбыс деуге болады.

Қазақ тілінің кейбір дауысты дыбыстары түрлі есептермен өзгеріп, екінші түрлі дауысты дыбыс болып айтылады. Мәселен “сауда” деген сөздің аяғында “а” жұмсақ айтылатын “гер” деген жұрнақпен жалғанып, “е” болып өзгереді. “Сауда+гер=болады”. “Бел” деген сөзбен “бау” деген сөз қосылып, “белбеу” болған. “Бау”-дың “а”-сы өзгеріп “е” болған. Дауысты дыбыс өзгеріп, екінші түрлі дауысты дыбыс бола алады, бірақ дауыссыз дыбыс болып өзгере алмайды.

Қазақ тілінің кейбір дауысты дыбыстары да солай өзгеріп, басқа бір дауыссыз дыбыс болып шығады: “қ” өзгеріп “ғ” болады, “к” өзгеріп “г” болады. “Тарақ” – “тарағы” болады, “керек” – “керегі” болады. Солай кейде “қ” өзгеріп, “к” болады, “п” – “б” болып өзгереді. Бірақ дауыссыз дыбыс өзгеріп, дауысты дыбыс бола алмайды.

Қазақ тілінде “қап”, “теп”, “кеп”, “тап”, “жап” сықылды түбір сөздер бар. Бұларды өзгертіп, “қабады”, “тебеді”, “кебеді”, “табады”, “жабады” деуге болады. Бұл сөздерді көсемше қылып өзгертсек, “қауып, теуіп, кеуіп, тауып, жауып” болады. Дауыссыз “п” дауыссыз “у” болып өзгереді.

Басқа түрік тілдерінде “ғ” болып айтылатын дауыссыз дыбыс қазақ тілінде “у”, “и” болып өзгерген: “тағ” өзгеріп “тау” болған, “ғдай” өзгеріп, “ бидай” болған, “бұғаздау” өзгеріп, “бауыздау” болған.

“И” мен “у” қай жағынан тексерсең де, дауысты дыбыс деуге болмайды, екеуі де п, ғ, р дыбыстары сықылды дауыссыз болып шығады. “А” – дауысты дыбыс, “б” – дауыссыз дыбыс:

 а+б=аб болады.        

б+а=ба болады.

“И” мен “у” да солай дауысты дыбыстармен ғана қосып айтуға болады:

а+у=ау

у+а=уа

е+и=еи

и+е=ие

у+ы=уы

и+ы=иы

“И”, “у” дауысты дыбыстармен осылай жалғана алатынына (екеуінің де дауыссыз екеніне) ешкім таласпас. Сүйтсе де бұл екі дыбыстың “ы” мен “ұ”-ға жалғана алатынына Жүсіпбек сенбейтін сықылды:

е+у=еу болатыны сықылды:

ұ+у=ұу болады,

ы+и=ыи болады,

ы+у=ыу болады.

“Ұу” мен “ыу” орыстың “у” сықылды, “и” орысша “и” сықылды болып айтылады. Орыстың у мен и – дауысты дыбыс және әрқайсысы өз алдына бір дыбыс. Сондықтан Жүсіпбек біздің “ұ” мен “у”-дың, “ы” мен “у”-дың қосылғанынан шығатын екі дыбысты буындарды да бір дыбыс деп, оған өз алдына бір белгі керек дейді. Дауыссыз “у»    “  ” әрпімен белгіленсін де, “ұу” мен “ыу” буындары орыстың “у” сықылды дауысты дыбыс делініп,         әрпімен белгіленсін дейді. Дауыссыз “и”-ды олай тексеруге Жүсіпбектің қолы тимеген. Құдай болса (және қазақ тілін сол жөнмен ермек қылудан Жүсіпбектің өзі де қашпайтын болса), Жүсіпбек “ай”, “ой” сықылды буындарда айтылатын дауыссыз “и” өз алдына        иә        болып белгіленсін де, “іи” деген екі дыбысты буын әрпімен белгіленсін деп тағы бір жоба ұсынады – ау деймін.

Бұл екі жобаның негізі бір, мұның екеуі де – жат тілдің заңына, жат дыбыстарға әуес, жат дыбыстарды бұлжытпай айта алатын, мұндай дыбыстары жоқ тілді ерсі көретін, жат тілде оқып тәрбиеленген қазақ азаматтарының санасына үйлесе кететін жоба. Сондықтан бұл екі жобаны бірінен бірін айырмай, екеуін қатар тексеру керек.

Жүсіпбек “сұу” деген сөздің аяғындағы “ұ” мен “у”-ды орыстың “у” сықылды бір дыбыс деп, оны “у” әрпімен белгілемекші. “Оқыу” деген сөздің аяғындағы “ы” мен “у”-ды да бір дыбыс деп, оны да “у” әрпімен белгілемекші. “Сұу”-ды “су” деп жазып, “сұуы” деген сөзді “суы” деп, “жазыуы” деген сөзді “жазуы” деп жазбақшы. Жүсіпбектің айтып үлгере алмаған жазбасынша: “сыйы” деген сөз “сиы” болып, “мыйы” деген “миы” болып жазылуға керек. Бұл “суы”, “жазуы”, “сиы”, “миы” деген сөздерді Жүсіпбек “су-ы”, “жазу-ы”, “си-ы”, “ми-ы” деп буындайды. Мұның аты – буынсыз жерге пышақ салған. Олай болғанда, “жазуы” деген сөзді “жаз-у-ы” деп буындауға да болса керек. Бірақ қазақ баласы қазақ сөзін олай буындай алмайды. Буындаудың да жолы бар. Сөздің қатар екі буынының бұрын айтылатынын алғашқы буын деп, артынан айтылатынын жалғас буын десек, алғашқы буын бітеу иә тұйық болғанда (соңғы дыбысы дауыссыз болғанда), оған жалғас буын дауысты дыбыспен бастала алмайды. “Жас” деген бітеу буынға дауысты дыбыспен басталатын “ар”-ды қоссақ, “жасар” болады. “Жасар-ды” “жас-ар” деп буындауға болмайды, “жа-сар” деп ғана буындауға болады.

“Ас”-қа “а” қоссақ, “аса” болады. “Аса”-ны “ас-а” деп буындауға болмайды, “а-са” деп қана буындауға болады. “Сау”+“ық”=“сауық” (бітеу буындағы “ы” әдейі жазылған). “Сауық”-ты “сау-ық” деп буындауға болмайды, “са-уық” деп қана буындауға болады. “Сұуық” – “сұу-ық” болып буындалмайды, “сұ-уық” болып қана буындалады.

Жүсіпбек “сұуы” деген сөзді “суы” деп жазып, “су-ы” деп буындайтын болған соң, “сұуық”-ты “суқ” деп жазып, бір буынды деп таласуы да мүмкін. Бірақ оның тіпті қисыны келмейді.

Дауысты дыбыстардың дауыссыз дыбыстардан басқаша бір қасиеті – екі дауысты дыбыс қатарынан бір жерге сыймайды. Қазақ тілінің сондай заңы бар. Ол заңға бағынбайтын қазақ тілінде жалғыз да сөз жоқ. Қазақ тілінде “ыу” дейтін жұрнақ бар. Бұл жұрнақ етістік түбіріне қосылса, етістік зат есім болып өзгереді. “Ал”, “ас”, “тап”, “тат” деген етістік түбірлеріне сол “ыу” қосылса, ол етістіктер “алыу”, “асыу”, “табыу”, “татыу” (бітеу буындағы “ы” әдейі жазылған) деген зат есім болып шығады. Түбір сөздің соңғы дыбысы дауысты болса, дауысты дыбыстың екеуі бір жерге сыймайтын болған соң және тілдің түбірі өзгермеуі себепті (бұл да қазақ тілінің негізгі заңдарының бірі) түбір сөздің аяғындағы дыбыс аман қалады да, жұрнақтағы “ы” жоғалып, жалғыз “у” қалады. “Қара”-ға “ыу” қосылса, “қарау” болады; “деме”+“қу”=“демеу”, “күре”+“қу”=“күреу”, “оқы”+“ыу”=“оқыу”, “қасы”+“ыу”=“қасыу” (бітеу буындағы “ы” әдейі жазылған).

Қазақ тілінде “ым”, “ық”, “ік” сықылды дауысты дыбыспен басталатын жұрнақтардың бәрі де түбір сөзбен жалғанғанда, “ыу” жұрнағына ұқсап, түбір сөздің соңғы дыбысы дауысты болса, жұрнақтың “ы”-сы жоғалып кетеді: іш – ішім, шақыр – шақырым, жаз – жазық, тол – толық, біл – білік (бітеу буындардағы жұрнақтың ы-лары әдейі жазылған) болады. Ол жұрнақтарды соңғы дыбысы дауысты “байла”, “же”, “тара”, “ойна”, “күре” сықылды сөздерге жалғасақ, жұрнақтың “ы”-лары жоғалып, “байлам”, “жем”, “тарақ”, “ойнақ”, “күрек” болады.

“Алу” деген сөздің түбірінде “ы” жоқ екені рас. Бірақ онан “алу”-дың өзінде де “ы” жоқ деуге болмайды. “Алу” – “ай”+“ыу”, “ал”-да “ы” жоқ. Сондықтан “алу”-да да “ы” жоқ деген – “ал”-да “у” жоқ, сондықтан “алу”-да да “у” жоқ деген сықылды қисынсыз болады.

“Қарауы” деген сөзді “қар-ау-ы” деп буындауға болмайтын болса, “алыуы” деген сөзді “алуы” деп жазып, “алу-ы” деп буындауға да болмайды, “а-лы-уы” деп қана буындауға болады.      

“Сыйыр”, “қыйын”, “қойын”, “біле”, “қына” деген сөздердің ішіндегі “и”, “еи”, “сила”, “қи”, “қина” деген сөздер естілетін “и” сықылды дауысты дыбыс. Ол сөздердің ішінде бірнеше дауысты дыбыс біріне бірі тура жалғанған. Екі дауысты дыбыс бір жерге сыймайтын болса, бұл не? деп дауласудың тіпті жөні жоқ.

“Сиыр”, “қиын”, “қойан”, “қыйна”-лардың ішіндегі “и” (дауысты болмағанмен), “си”, “қи”-лардың ішіндегі “и” (бұл “и” де дауысты емес) сықылды деген дұрыс. Бірақ Жүсіпбек ол дұрысты қаталасып дұрыстап отыр. Жүсіпбек қазақ тілін менсінбеуді қойып, сол бағытымен тексеріп ақтап шықса, қазақ тілінде дауыссыз “и” дауыссыз да, “қи”-дағы “и” – дауысты деп екеуіне екі белгі ұсынар еді. Оны істеп үлгере алмаған соң, қатадан екеуіндегі “и”-ды бір “и” деп отыр. “Қоиан”-ды “қо-иан” деп буындасақ та иә Жүсіпбекшелеп “қой-ан” деп буындасаң  да, ондағы “и” дауысты бола алмайды. “Қи”-дың “и”-н Жүсіпбек түбінде де дауысты деп дауласуға тиіс. Дұрысы: “қойан”-ның “и”-ы мен “қи”-дың “и”-і – бір “и”. Мұның екеуі де – дауыссыз. “Қойан-ды” қалай буындап тексерсек те, оның “и”-н дауысты деуге болмайды. “Қи” – бір буынды сөз. Оған “ады” жалғауын қоссақ “қой+ады” болады. Ол “қы-на-ды” болып буындалады (Оны “қи-а-ды” деп буындау – “барады”-ны “бар-а-ды” деп буындаған сықылды қисынсыз болады). Мұнан “қи” деген сөздің дауысты дыбыс бітеу буында болған соң, жазылмай қалған “ы”, онда орыстың “и”-іне ұқсап естілетін дыбыс “бір дыбыс емес, дауысты “ы” мен дауыссыз “и”-дың тізбегі екені көрініп тұр.

Қалай өзгерткенмен де, ішіндегі дауысты “ы” м ен дауыссыз “и” бірінен-бірі айырылып, екеуі екі буынға шықпайтын “ит”, “бит” сықылды сөздер бар, Бұл сөздердің ішіндегі дауысты дыбыстарды да орыстың “и” сықылды бір дыбыс деуге болмайды. Қазақ тілінде сын есімдердің бас буындағы дауысты дыбысына “п” қосып, сөздің алдына келтіріп айтуға болады. “Қара”-ның алдына “қап” деп қосып, “қап-қара” дейміз. “Қысқа-ға” алдына “қып” қосып, “қып-қысқа” дейміз. “Ит”-ті сын есім мағынасында айтқанда, оған да солай дауысты дыбысына “п” қосып, іп – ит деуге болады. “Бит-ке” “тей” деген жұрнақ қосып, “биттей” деуге болады. “Биттей-ді” “біп-биттей” қылуға болады. “Іп-ит” деп те, “бит-бит” деп те қазақтың баласы айтпайды. Мұнан “ит”, “бит”-тердің ішіндегі дауысты дыбыстар да орыстың “и” емес, қазақтың “ы”, “і”-сі екені (“і”-нің өзі бітеу буында болған соң жазылмаған) дыбыс дауыссыз “и” екені ыспатталады.

Қазақ тілінде орыстың “и” мен “у” сықылды дауысты дыбыс жоқ, дауыссыз “и” мен дауыссыз “у” бар. Қазақ тілінде орыстың “и”-іне ұқсап естілетін дыбыс, бір дыбыс емес, екі дыбыс, дауысты “ы” мен дауыссыз “и”, орыстың “у”-ына ұқсап естілетін де екі дыбыс: дауысты “ұ” мен дауыссыз “у” иә дауысты “ы” мен дауыссыз “у”. Мұны бастауыш мектепте жақсы мұғалімнен бірнеше ай оқып, хат танитын болып үйренген 7-8 жасар бала жақсы түсінеді. “а”+“у”=“ау”; “е”+“у” =“еу”; “о”+“и”=“ой”, “ү”+“и”=“үй” екенін түсінген балаға: дауысты “ұ”-ға “тау” деген сөздің аяғында естілетін дауыссыз “у”-ды қос десе, “ұу” деп қосып береді. Дауысты “ы”-ға дауысты “у”-ды қосқанда да діл сондай болып естілетін “ыу” болатына да шек келтірмейді. Дауысты “ы”-ға дауыссыз “и” қосса, “ыи” болады, – дейді. “Ы” бітеу буында жазылмайды деген ереже жоғалып, “жазу”, “оқу”, “келу” деген сөздер дұрысынша: “жазыу”, “оқыу”, “кешу” делініп жазылатын болса, “ыу”-дың не екені балаға онан да оңай түсінікті болады.

“Ыу”, “ұу”, “ін”-лерді түсіне алмайтын – тек орысша оқығандар. Қазақ тілінде орыстың тілінде жоқ дауыссыз “у”-дың болуы да, орыста бар дауысты “и”, “у” дыбыстарының қазақ тілінде болмауы да – орыс тілінде тәрбиеленген санаға үйлеспейді. Орысша оқығандарға әсіресе ерсі болып көрінетін – “сұу”, “бұу”, “тұу”, “жұу” деген сөздердің аяғындағы дауысты “ұ” мен дауыссыз “у”-дың тізбегі де, “қосыу”, “табыу”, “жатыу”, “алжыу” деген сөздердің аяғындағы дауысты “ы” мен дауыссыз “у”-дың тізбегі де бірдей естіле тұрып, екі түрлі жазылады. Бұл ұқсастық қазақтың “ы” мен “ұ” дыбыстарының ұқсастығынан болып отыр. Ондай ұқсас дыбыстар орыс тілінде де бар: “Окно” деген сөздің басындағы “о”-ның “а”-ға ұқсастығы біздің “ы” мен “ұ”-нікінен кем емес. Ондай дыбыстар көмескі естіліп, басқа дыбысқа ұқсап кетсе де, оны орысша жазу қай тілде де бар. Орыстарда “окно”-сын “а”.мен жазбай, “о”-мен жазады. Себеп: соңғы буындағы дауысты дыбыс көмескі, оны “ы” деуге де болады, “ұ” деуге де болады (“ұу” мен “ыу”-дың айтылуы да, естілуі де бірдей). “Алжыу”-ды үшінші жақтық қылып өзгертсек, “алжұуы” болмайды, “алжыуы” болады. Және: “алжыу” деген сөздің түбірі “алжұ” емес, “алжы”. Сондықтан “алжыу”-ды дұрысынша (бітеу буын ережесі болмаса), “алжыу” деп жазу керек. “Жұу”-ды өзгертіп “жұуады” десек, бұл буындағы дауысты дыбыс “ы” емес, “ұ” екені ашылады. Сондықтан оны дұрысынша “жұу” деп жазармыз.

Орыс тілінде “у” деген дауысты дыбыс бар, сондықтан ол дыбыс бізде де болу керек. Біздің екі дыбыстан құралып болатын “ыу”, “ұу” сықылды буындарымызды бір дыбыс деп біліп оған өз алдына әріп шығару керек десек тыуаймаж елінің “ай”, “иұ”, “еу”, “уа” деген дауысты дыбыстары бар. Ол дыбыстар бізде де бар. “Ұйысу”, “үйілу” деген сөздерде естілетін “иі” – дәл сол тыуаймаж елнің “иұ” дыбысы сықылды “бай”, “тай”, “сай”-лардың аяғында естілетін дыбыс тыйуаймаждың “ай”-ны, “екеу”, “демеу”-лердің аяғындағы “еу” де екі дыбыс емес, бір дыбыс тыуаймаж елінің дауысты дыбысы. “Жауар”, “сауар” (күн жауар, бие сауар) дегендер естілетін “уа” да екі дыбыс емес, бір дыбыс тыуаймаждың дауысты “уа”-сы. Сондықтан бұлардың да әрқайсысын жеке-жеке бір дыбыс деп, бұларға да өз алдына бір-бір әріп белгілеу керек деп дауласуға да болады. “Ұу”, “ыу”, “іи” сықылды сөз буындарын бір-бір дыбыс деп білудің қисыны тыуаймажшылап “ай”, “иұ”, “еу”, “уа”-лар да әрқайсысы өз алдына бір дыбыс деген сықылды болады.

“Тілде тастай қатып қалған заң болмасқа тиіс”. Онда          заң болса, тілді өңдеп байытуға бөгет болады. Оқудың өнер-білімнің ілгерілеуіне кесірі тиеді, деген дұрыс-ақ шығар. Бірақ тілдің заңын бірден бұзып жіберуге болмайды. Қазақ тілінде біріне-бірі ұқсас “ы”, “ұ” дыбыстары болуы жазуды қиындататыны рас та болар. “Жүйірк”, “күйіну”, “бұйым” десек сқздердің ішіндегі “ы”-ларды “ұ”-дан айырып алу қиын екені рас. Абпаз “құдай-ай” дегенді “қыдай-ай” дейді. “Ұ” мен “ы”-ның біріне-бірі ұқсап кететін орындары толып жатыр. Бірақ онымен екеуін бір дыбыс деп, біреуінің орнына екіншісін алуға болмайды. “Баратұн”, “келетүн”, “көретүн” деген сөздердің аяғында естілетін дауысты “ұ”-ны Абпазшылап “ы” қылып айтушылар бар екені рас. Бірақ оның дұрысы “ұ” болған соң, сол дұрысын жазған дұрыс. Ағылшынның атышулы Бокл деген данышпаны немістің мәдениетін, өнер-білімін өз елімен салыстырып, тексере келіп: немістің ғылымы ағылшыннан артық. Бірақ немістің ғылым тілі бұқарасының ғылым тілінен басқа. Сондықтан немістің оқымысты данышпандары жазып шығарған кітаптарын жазушының өзіндей оқымысты неміс болмаса, жалпылама неміс оқып түсіне алмайды. Ондай кітапты жоғарғы дәреже оқуы бар немістің түсінуі де қиын. Ағылшын тілінде жазылған кітаптардың  бәрі де жалпы жұртқа түсінікті. Ағылшын зор ғалымдары өз білгенін жалпы бұқараға үйрете алады, – дейді.

Тілдің заңы өзгеріп, тіл бұзылып, ғылым тілі жалпы елдің тілінен басқаланып кетсе, ғылым жалпы жұрттың қолы жетпейтін дарияның ар жағындағы бірдеме болып шықпақшы. Сондықтан тілдің заңын бұзбау керек. Тілді қолдан келгенше таза сақтап бағу керек. Тілдің өзінде бар дыбыстарды жоғалтпау керек. Өзінде жоқ дыбыстармен тілді былғамау да керек. Ғылымға керек пән сөздерді өнерлі елдің тілінен алып кіргізе беруге болады. Бірақ ол жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде таза қазақ сөзіне ұқсатып, жат дыбыстардан шығарып, орнына қазақ дыбыстарын қондырып, қазақ тілінің негізгі заңдарына үйлестіріп, тізіп алу керек.

Орыстың “сатсиализм”, “сатсиалист”, “сатсиални” еген сөздері – жалпы жұртқа ортақ сөз. Оны қазақ тіліне кіргізуге да болады. Бірақ оны алғанда, тек түбірін ғана алып, “изм”, “ист”, “ни” сыөылды жұрнақтарын шығарып тастау керек. Олардың орнына қазақ тілінің жұрнақтарын қосу керек. Жұрнаққа қазақ тілінен бай тіл кемде-кем-ақ болар. Өзіңде үйір-үйір жұрнақ бола тұрып, жат жұрнаққа жармасудың тіл бұзудан басқа түк пайдасы болмайды. Оны істемей, жат сөздердің, жат жұрнақтарын да, жат дыбыстарын да талғамай, қабылдай берсек, енді бір 20–30 жылдан соң қазақша кітап тілімен бұқараның тілі біріне-бірі қытай мен орыстың тілі сықылды жат болып шығуға тиіс. Олай болатын болса, тілді күйттеуде де мағына жоқ. Тілді олай бұзып, әуре болғаннан да даяр тұрған орыс тілі, неміс тілі сықылды бай тілдердің біреуін қабылдап, қазақ тілін мүлде тастау керек. Тілді бұзбай күйттеу үшін тілдің негізгі заңдарын аман сақтау керек. Қазақ тілінің өзінде жоқ, орыстың “и”, “у”-лары сықылды жат дыбыстарға жоламау керек. Қазақтың өзінде бар “ы” сықылды дыбыстарды бітеу буын ережесі сықылды қолайсыз ережелерден құтақарып, қалдырмай жазып отыратын болу керек. Және:    -------------         сықылды қазақ тіліне қатадан кіріп кеткен жат дыбыстарды айдап шығу керек. Бұл дыбыстарды оқығанда бұлжытпай айта алады, бірақ оған бұқараның тілі келмейді. “Пауа”, “шариф”, “хасиет” деп жазылған сөздерді бұқара ішке теуіп сабасаң да, сол күйінде бұзбай оқи алмайды. “Ауа”, “шәріп”, “кәсиет” иә “қасиет” дейді. Қазақ тіліне бұл дыбыстарды кіргізген соң манағы айтылған тыуаймаж елінің “иұ”, “еу”, “ай”, “уа” сықылды дыбыстарын кіргізбеймін деп таласуға тіпті болмайды. Бұл дыбыстар қазақ тілінде бар, оларды бұқара бұзбай айта да алады. Болмаса бұл төрт дыбыстың қазаққа төрт тиынға да керегі жоқ.

 

Елдес

Жарты дауысты дыбыстар

(“Дұрысы қайсыға” жауап)

 

Дауыссыз дыбыстардың бір тобы жарты дайысты аталады. Жарты дауысты дыбыстар төртеу: р, л, у, й. Бұлардың өзге дыбыстардан өзгеше бір қасиеті сол: бұлар сөздің басында айтылмайды – сөздің бас буынында жарты дауысты дыбыс болса, оның алдында ылғи бір дауысты дыбыс болады. Жарты дауысты дыбыстардың мұндай қасиеті бар екені 1924-інші жылы болған білімпаздар сиезінде де тексеріліп еді, бірақ оның анығы ашылмаған соң (басында жарты дауысты дыбыс естілетін сөздердің барлығы түгелімен тексеріліп болмаған соң) сиез ол туралы ештеме ашып айтқан жоқ. Сиез кемесиесі: жарты дауысты дыбыстар дауысты дыбыстарға жалғаса айтылады, дауысты екі дыбыстың ортасында да айтылады деп (сиез мәжіліс қатында 44-45 беті) көмескілеу қаулы шығарған. Бұл мәселе онан бері жете тексеріліп шешіле қойған жоқ. Сүйтсе де, мысалға алып тексерген сөздердің қай-қайсысы да жарты дауысты дыбыстардың сөз басында айтылмайтынын ыспаттайды.

Мәселен: “ылас” деген сөздің басындағы дыбыс “л” емес, ы: басындағы дыбыс “л” болса “өте ылас” деудің орнына (қап-қара, қып-қызыл дегенге ұқсатып) лап-лас дер едік, дұрысында олай демейміз. – ып-лас дейміз. Сондықтан “ылас”-ты осылай ы-мен бастап жазған дұрыс болады. Сол қалыпты ып-ырас, іп-іретті дейтін болған соң – ол сөздерді де ірет, ырас деп жазу керек.

Радлов қазақ әдебиеті тақырыпты жазған кітебінде (Радлов, том ІІІ. стр. ХХІІ) ұрыуымды сұрасаң, Бағаналы деген өлеңді мысалға келтіріп “ұрыуымды” деген сөзді орысша “румду” деп жазған да, төрт буынды сөзді екі буынды деп, қазақша өлеңнің буындары кейде осылай тиісті санынан кем де болып шығды, –деген. Радлов ол сөздің басында р-ның алдында дауысты ұ бар екенін, сөзбенен жана р-дан кейінгі ы, у, м үшеуін бір-бір дыбыс деп түсінген. Дұрысында әнге салып айтуға келетін қазақша өлеңнің буын саны кәтесіз болады. Жаңағы өлеңді әндетіп айтқанда, ұрыу деген сөздің барлық дыбыстары да анық естіліп, “р”-ның алдындағы ұ өз алдына бір буын болып шығады. Сондықтан ұрыу-ды да (рұу иә рыу демей) осылай ұрыу деп жазған дұрыс болады. Жарты дауысты р, л, у дыбыстары бар сөздердің қай-қайсысын да осылай тексерсек: олардың бәрі де сөздің басында айтылмайтынын, алдында дауысты ы, ұ сықылды дыбыс болатынын білеміз.

 

Елдес

Тіл заңын бұзбау керек

 

Сөйлем ішіндегі бастауыш, толықтауыш сықылды мүшелердің сынын, сипатын көрсететін қосар мүше анықтауыш аталады. “Қысқа жіб күрмеуге келмейді”, “Мырқымбайдың асығы түгел” деген сөйлемдердегі «қысқа», «Мырқымбайдың» деген сөздер анықтауыш болады, «қысқа» деген сөз «жіп»-ті анықтайды, «Мырқымбайдың» деген сөз «асығы» деген сөзді анықтайды.

Қазақша дұрыс сөйлейтүн кісі қай күнде де, қай жерде де анықтауышты анықталатұн сөздің алдына салыб сөйлейді. Үйтбей, мәселен, асығы Мырқымбайдың түгел деб, анықтауышты анықталатұн сөздің артына келтіріб айтсақ, ол сөйлемнің тізілуі қазақша болмайды.

Кейде сөйлемді ықшамдаб айту үшін анықтауыш айтылмай да қалады. Мәселен, Мырқымбайдың асығы түгел деудің орнына ол асық Мырқымбайдікі екені айтбаса да белгілі болатұн болса, “асық түгел” деуге болады.

Бірақ «Мырқымбайдың түгел» деб анықталатұн сөзді қоя беріб, оның орнына анықтауышты ғана айтуға болмайды.

«Күшікбайұлы Мырқымбайдың асығы түгел» деген сөйлемде “Күшікбай ұлы” деген сөз Мырқымбайдың ғана анықтауышы болады. Сондықтан Мырқымбайдың деу қандай ерсі болса, «Күшікбай ұлы Мырқымбайды» «Мырқымбай Күшікбай ұлы» деб, анықталатұн сөзді анықтауышының алдына салыб сөйлеуде сондай ерсі болады.

Мырқымбайдың асығы түгел деген сөйлемді ықшамдаб “асық түгел” дей аламыз, – бірақ «Мырқымбайдың түгел» деуге болмайды. Сол қалыбты «Күшікбай ұлы Мырқымбайдың асығы түгел» деген сөйлемді де ықшамдап «Күшікбай ұлы» деген анықтауышын қоя беріб,  «Мырқымбайдың асығы түгел» де дей аламыз, бірақ ол анықтауыштың анықтайтұн сөзі Мырқымбайдыңды қоя беріб, оның орнына анықтауышты ғана айтатұн болсақ:

«Күшікбай ұлының асығы түгел” десек, ондай сөйлем, “Мырқымбайдың түгел” иә «қысқа күрмеуге келмейді» деген сықылды қазақша дұрыс болмайды.

Газет жүзінде де, іс қағаздарында да осы кезде «Мырқымбай» сыз «Күшікбай ұлы»лар көбейіб кетті. Мәселен, «Күшікбай ұлы Мырқымбай жолдас Үйшіктен Текеге жүріб кетті» деудің орнына «Үйшіктен жолдас Күшікбай ұлы Текеге жүріб кетті» деб жазылады. «Үйшік» де, «Теке» де қаланың аты екенін білмейтүн кісі мұның екеуін де кісі аты деб түсінбек. Сондықтан (Мырқымбай Үйшіктен Текеге жүріб кетті) мәнісінде жазылған сөзді «Үйшіктен атты бір кісі Күшікбайұлы Теке деген біреуге жолығуға кеткен екен» деб түсінбей амалы жоқ.

Тілдің бадырайған заңын елең қылмай, орысшаға ойланбай еліктеб, кісінің өз атын әкесінің атынан бұрын жазу, иә өз атын жазбай, «бәленше ұлы» деб әкесінің атымен ғана жазу: жазылған сөзді осындай сорақы қылыб шығарады. Сондықтан жазылған сөз жалпыға түсінікті болу үшін ол әдетті тастау керек, кісінің әкесінің атын өз атының алдына келтіріб жазу керек; сөйлемді ықшамдаб екеуінің біреуін ғана жазу керек болса, әкесін қоя беріб өз атын ғана жазу керек.

Елдес

(Жалғасы бар)

Қатысты Мақалалар