Меломен тобының құрамында, сондай-ақ жеке ән шырқап жүрген танымал әнші Жігер Ауыпбаев Massaget.kz порталының «Айна» атты жобасында жан сырымен бөлісті. Елдің сүйіктісі болған Жігер өміріндегі ең үлкен сынақты бала күнінде өткеріп үлгерген. Бұл жайында есіне түсіргісі келмесе де, қойылған сұраққа жауап беруге мәжбүр болған әнші кішкентай кезін айтып отырып, көзіне еріксіз жас алды.
Тілшінің «бала кезіңізде ұйықтар алдында не ойлайтын едіңіз?» деген сұрағына Жігер Ауыпбаев өміріндегі ең қиын кездерді еріксіз еске алды.
«Расын айтайын, отбасым үлкен қиындықтарды бастан кешті. Бала кезімде қатты науқастанып, ота жасатқанмын. Өлім аузынан қалдым десе де болады. Мен ауруханада жатқан кезде, ата-анам менің дәрі-дәрмектерім үшін үйді сатып жіберген. Мен ол жайында білмедім. Ауруханадан шықсам, біздің үйіміз жоқ. Жиһаздардың бәрін әжеміздің үйіне апарып тастаған. Сол кезде ата-анамның үйімізді сатқанына мен өзімді кінәладым. Күні-түні жылайтынмын. Уайымдағаннан ұйықтай алмаған кездерім де болды.
Түнде оянып алып Аллаға жалбарынатынмын, ата-анама үй алып берші деп...».
Бала күнгі естелігін толқыныспен айтқан әншінің ауыр сезімі әр тыңдаушының жүрегіне міндетті түрде жетері анық. Бұдан бөлек, өзінің толғаныстарымен, ойларымен бөлісті. Мәселен:
Әншінің санасын селт еткізер кеңес берген адам – ата-анасы. Үлкен кеңесі – «сағың сынбасын». Өнер жолында талай кедергілерге кезіккен әнші ата-анасының сөзін әрдайым жадында ұстаған. Жүрегі қашан да жақсылықтан үміт күтіп жүреді.
Ән – Жігер Ауыпбаевтың бойындағы қуанышы да, мұңы да, өмірі.
Әнші үшін ұлы музыкант – кішкентай ғана нәресте, себебі, ол секілді ешкім ән сала алмайды.
Әрдайым толғаныста жүретін жан сырларын ешкімге тіс жарып айтқан емес, бәрі үйінде тұрған күнделіктің парақтарында жазулы.