ҚАЗАҚ КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ ӘЛЕМДІК АРЕНАҒА ШЫҒУЫНА НЕ КЕДЕРГІ?

/uploads/thumbnail/20170710122055046_small.jpg

Көркем әдебиет - адамның тәрбиешісі. Өткен ғасырдың көрнекті өкілдерінің көшін бастап тұрған Абай қара өлең мен қара сөзді өз биігіне көтере білгені көзі қарақты жандардың барлығына  белгілі. Бүгінгі күнде де өз дәмін жоғалтпаған  Абайдың мұрасы бірнеше шет тілдерге аударылған.

Ал бүгінде көркем шығармалардың шет тілге аударылуы жайлы  аз естиміз. Оның басты себебі не? Жарнамасы аз ба, әлде қалай? Төл туындыларымыздың шет тілдерде сөйлеуіне мемлекет қандай жағдай жасап отыр деген сынды сан сауал әдебиетте жүрген әрбір азаматтың көкейінде болуы мүмкін. Ендеше, осы сұрақтардың жауабын іздеп көрелік!

 Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлейтінін айтқан болатын. Сонымен қатар, аударма бюросын құру мәселесі де көтерілген-ді.

Мемлекеттен қолдау көрсетілгелі жатқанын білдік. Ал қандай өзгерістер орын алуда? Әлемдік аренаға қандай шығармалар енуі керек?  Қамшы ақпарат агенттігінің журналисі Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар Қасымхан Бегманов, Бексұлтан Нұржекеұлымен және аударма саласында алғашқы қадамын басып жатқан жас ақын Еділбек Дүйсеновпен  бүгінгі аударманың деңгейі аясында сұхбат жүргізген болатын.

Қасымхан Бегманов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қазіргі көркем әдебиеттің шет тілдерге аударылу қандай дәрежеде? Шығармалардың шет тілдерге аз аударылуының басты себебі неде?

Аударманың дәрежесіне келер болсақ, оны бірнеше бөлікке бөліп қарауға болады. Біріншіден,  аударма жасайтын адамның ақындығында. Егер аударма жасаған адамның өлеңге, қара сөзге еш қатысы жоқ  болса, сөз қадірін түсінбейді. Сөзді белгілі дәрежесінде өрнектей алмайды.  Екіншіден, сөзбе – сөз аударма жасаған адамның өлеңнің табиғатын аша алмауында. Қаламгердің әрбір сөзінің астарында терең бір мағына, ой  жатады. Оны біреу түсінеді, енді біреу астарына үңілместен ең жеңіл деген баламасын қолданады. Мағынасын дұрыс жеткізе алмайды. Үшіншіден, шығарманың авторы мен аудармашының деңгейлес болмауында. 

Аударма саласындағы ең өзекті мәселе қайсы?

Аударма саласында тағы бір өзекті мәселе бар. Аударылатын шығарманың авторының жасы да ескеріледі. Қанша жерден жастарға жағдай жасамыз десек те , орта толқынды ұмыт қалдырып жатамыз. Аға толқын бір бөлек, жастар бір бөлек. Соңғы саясат жастарға жағдай жасаймыз деп сапасыз дүниелерді нарыққа шығарып жатады. Тіпті адамның жасына шектеу қоюда. Аударма жасауға 35-тен 40 жасқа дейінгі тұлға болу керек деп жатады. Ол дұрыс емес. Шығарма аударылу үшін әуелі қазақты мойындату керек. Халық мойындаған еңбектерді өзге ұлтқа да ұялмастан көрсете аламыз.

Басқа шет елдің жас қаламгерлерінің шығармалары әлемдік аренаға тез еніп жатады. Өзге тілдерге тез арада аударылып, оқырманға ұсынылады. Әлемдік дәрежедегі бестселлер деп танылып жатады. Отандық қаламгерлердің шығармалары неліктен дәл солай насихатталмайды?

Ал мемлекет тарапынан көркем шығармалардың аударылуына қандай жағдай жасалған?

Дәл осы сұрақ аясында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, ақын Жанарбек Садықанұлы Әшімжанмен «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі сұхбаттасқан болатын.

Жанарбек Садықұлы: «Соңғы жылдары жазушыларға билік тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Әйткенімен, әдеби аудармаға мемлекеттен тікелей қаржы бөлінбесе, оның жүзеге асуы қиын. Кеңес Одағы тұсында әдеби аудармаға мемлекеттен арнайы қаржы бөлінетін. Соның арқасында даңқты классиктеріміз: Әуезов, Мүсірепов, Соқпақпаевтар өзге тілдерге аударылды.

 Қазір жекелеген жазушылар өз таныстары немесе жеке қаржы мүмкіндіктерін пайдаланып, аударттырып жатыр. Мысалы, Түркияда Бексұлтан Нұржекеев, Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдаулет, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Жұмабай Шаштай, Мархабат Байғұт, Рахымжан Отарбаев, Берік Шаханов секілді қаламгерлердің шығармалары түрік тіліне аударылып, басылды, таратылды. Бұған негізінен қолдау көрсеткен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және «ТҮРКСОЙ» ұйымы болатын. Көбіне, елшіліктер арқылы жұмыс жасалды.

Соңғы уақыттары мысалы, 2015 жылы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері қытай тіліне аударылды» , - деп мемлекеттен аударма саласына қаржы бөлінетінін айтып өтті.

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы.

Қазіргі таңдағы аударма саласына қандай баға берер едіңіз?

Әдебиет пен өнер мемлекеттің ұлттық көрсеткіші. Ал ұлттық көрсеткішімізді мемлекет танытуға ат салысу керек. Өз-өзімізді экономикалық жағынан, басқа жағынан  дамыдық деп қайта-қайта айта беру дұрыс емес. Әр ел өзінің әдебиеті мен өнері негізінде танылады. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында аудармаға жағдай жасалып отыр. Бұл бастама көп нәрседен үмітті етеді. Біздің мемлекетті өзге елдердің тануы- әдебиет пен мәдениеттен басталды. Шығармаларымыз өзге тілде жарық көргенде ғана, біздің елді танушылардың саны артады.

Ал аудармаға келер болсақ, осы салада тер төгіп жүргендер бар. Алайда көп уақыт керек. Бәрі бір күнде бола салмайды. Аударма - бір халықты келесі халыққа таныстыратын көпір. Ал сол көпірдің құрылысына ұзақ уақыт талмай ету керек.

Ал аудармашылардың деңгейіне қандай баға бересіз?

Негізінен Кеңес үкіметі кезінде аудармашылар тек қазақ тіліне орыс тіліне аударумен ғана айналысты. Тікелей ағылшын, француз, қытай тіліне аударатындар кемде-кем еді. Қазіргі кезде де жоқтың қасы. Қазіргі кезде бар, бірақ олар жолма-жол аударушылар ғана.  Алайда шығарманың мән-мағынасын толық жеткізе алатын  көркем аудармашылар әлі қалыптасқан жоқ. Бүгінде аударма редакциялары бар деп естиміз, бірақ аудармадан кітап оқыдым дегенді естімеппін. Бұдан бөлек өзі қалыптасқан аудармашылар да бар. Мысалы, Ж.Оразбай парсы тілінен тікелей аударады. Қалыптасып келе жатқан аудармашыларға жағдай жасау керек.

Өзіңіздің шет тілде жарық көрген қандай шығармаларыңыз бар?

Америкада «Күтумен кешкен ғұмыр» романым, ал Түркияда «Бір өкініш, бір үміт» романым аударылды. Мені арнайы шақырып, аударманың тұсаукесері өтті. Түркияда жарық көруіне қолғабыс еткен елшілікте отырған Жансейіт Түймебев болды. Жалғыз менің ғана емес жиырма шақты автордың кітаптары түрік тіліне аударылды. Түркия жұрты туыстас халық болғандықтан ол жақта оқылуы салыстырмалы түрде жоғарғы деңгейде.

Ал аударма екі елде де 1000 данамен жарық көрді. Бұл деген мені бүкіл Америка немесе Түркия түгелімен танып кетті деген сөз емес. Алайда аз да болса үлкен істің басы болып отыр.   Бұдан бөлек бірнеше әңгіме, повестерім шет тілге аударылып жүр. Оларды аударма деп санамаймын. Өзім басқа тілге аударма жасау дегенге қатты қызыға бермеймін. Мені қазақ оқыса маған сол жеткілікті.

Осы орайда аударма саласына бет бұрып,  Бодлердің өлеңдерін орыс тілінен қазақ тіліне аударып жүрген жас ақын Еділбек Дүйсеновпен байланысқа шықтық.

Еділбек Дүйсенов, жас ақын.

Қазіргі аударманың деңгейі қандай? Аудармашылар түпнұсқадағы ойды дәл жеткізе алады ма?

Кіммен пікірлесіңіз, мейлі қай ортадағы əдебиет хақындағы айғайлы-шулы əңгіменің арасында болыңыз, дәл қазір əдебиеттегілер мен əдебиетте жүрмін деп есептейтін екінің бірі аударма мәселесін сөз қылады. Қара аспанды төндіреді, тілі жеткенді қарғайды, өзі қазақ əдебиеті түгілі оқырман ойының қарға адым жерге алға жылжуына титімдей де үлесін қосуға ниетті бола тұрмаса да. Əрине, осындай ортадағы əңгімелер БАҚ беттеріне дәл соламайымен қотарылып жатқаны бар. Олай болған да, бола беретін де шығар. Бірнеше ай бұрын Тоқтарəлі аға Таңжарықтың "Жас əдебиетшілерді "эмиграцияға" жіберу керек" деген мақаласы "Əдебиет порталында" жарық көрді. Біз көксеген мұрат пен бізді толғандырған біраз шетін мәселенің шешімін айтып өткен өткір мақала болды. Сұраққа көшсек. Аударманың деңгейін дәл қазір анықтау қиын. Олай дейтін себебім, менің айналамдағы энергиясы өлең жазудан да басқа дүниелерге жетіп артылатын қыз-жігіттер шама-шарқы, қадари-хəлдерінше аударма жасап жатыр. Бірақ олар əлі  жарыққа шығып жатырған жоқ, демек аға буындар одан бейхабар болуы да тиісті. Алдағы уақытта биліктегілер аударма мəселесін шешеміз деп уәде үстіне уәде беріп жатыр. Əрине, мұндай жаңалықты естіп көрмеген тəуелсіздікте туған біздер үшін бұл қуаныш. Дегенмен, ол да ең басты дүниені шешіп бере алады деп ойламаймын. Тақырыптың сапа жөнінде екенін өзің де шамалап отырсың.

Бір елдің екінші елге мәдениетін танытатын аударма саласы туралы аз да болса ой қозғап көрдік. Біреу мемлекеттен қолдау күтсе, енді бірі өз бетінше қолынан келгенін жасап бағуда. Бір пікірлер қазіргі көп еңбектің сапасыздығына нұсқайды. Соныме қоса, халық арасында қошеметке бөленіп, мемлекеттік сыйлықты алып жатқан шығармалардың өзі бір шеңбер аясынан шыға алмай отырғаны да қынжылтады.

 Өткен ғасырмен салыстырғанда аударма жұмыстары аз жүргізілуде деп жатамыз. Ал шын мәнінде біріміз біліп, бірімізге беймәлім болып қалып жатқан еңбектер қаншама...Оның себебі жарнаманың жасалмауы мен халыққа дұрыс насихатталмауынан ба деген ой туады. Кітап оқудың дәурені өтіп кетті, ешкім кітапты алып оқымайды деген қалыптасқан стереотиптен арылатын мезгіл жеткен секілді.

Төл туындыларымызды әлемдік аренаға шығарудың бір арнасын қалыптастыру үшін осы бағытта жұмыс істейтін аудармашы мамандар даярлау керек. Қазақстанның айтулы ЖОО өзінде көркем әдебиетті аударуға даярлайтын мамандықтар жоқ.

Жылына басылып шығатын кітаптардың саны мен аудармаға жіберіліп жатқан шығармалар туралы мәлімет алу үшін Жазушылар Одағымен байланысқа шықтық. Жазушылар одағы Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда шыққан кітаптар мен баспаға жіберілетін кітаптардың санынан бейхабар болып шықты. Дәл осы сауал аясында Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне қоңырау шалып, кітаптардың баспадан шығуы жайында статистикалық мәлімет сұрадық. Мәдениет министрлігі тек «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттер» жобасы аясындағы кітаптар жайында ғана мәліме бере алатынын жеткізді.

Қазақстанда жүздеген баспа үйлері бар. Ал жылына жарық көріп жатқан сан тарау кітаптардың саны мен сапасына жауап беретін мекеме болмай шықты.

Жүсіп Баласағұн  «Тіл – сенің есігіңді күзеткен арыстаның, қарасаң – сені бағады, қарамасаң – өзіңе шабады» деген. Өз тілімізді құрметтеп, өзге ұлтқа тіл байлығымызды танытып, тамыры терең тарих пен мерейі үстем мәдениетімізден хабардар ететін шығармалар шетелдік аренаға шығып жатса  құба-құп болушы еді.

Қамшыгер: Айгерім ТАУБАЙ

Қатысты Мақалалар