Шілде айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 0,8 млрд.теңге көлемінде жарна (аударымдар) түсті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы бүгін ҚР үкіметінде Ұлт жоспарының 80-ші қадамын іске асыру шеңберінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» мәселелеріне арналған брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хабарлады.
Ведомство басшысының айтуынша, 2017 жылы 23 млрд. теңге көлемінде міндетті сақтандыру жарнасы түсуі тиіс. Оның 95% жұмыс берушілердің аударымдары болса, 5% жарналарға тиесілі болмақ.
Сонымен қатар, министр қазіргі таңда мүдделі мемлекеттік органдармен, Медициналық сақтандыру қорымен және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірлесіп ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру шаралары атқарылып жатқанын хабарлады. Оған қоса, электронды денсаулық паспортын әзірлеу, жергілікті медициналық ақпараттық жүйелерді қалыптастыру жұмыстары да жалғасын тауып жатыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, 2017 жылдың шілдесінде жүйеге түскен қаржы көлемі 800 млн. теңгеге жуықтаған. Түсімдердің басым бөлігі яғни, 44% биылғы жылдың екінші жартысы үшін аванс түрінде төленген төлемдер болып табылады.
Аударымдар мен жарналарды төлеу жағынан көш басында еліміздің 4 өңірі тұр. Олар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары.
«Бүгінгі күнге дейін жасалған аударымдар көлемі 2017 жылға жасалған болжамдармен сәйкес келеді. Алдағы тамыз айында қорға түсетін түсімдердің көлемі артуы тиіс. Себебі шілде айының төлемдерін аудару мерзімі тамыз айының 25-інде аяқталады», -деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Басқарма төрағасы Елена Бахмутова.
Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған болатын. Биыл аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар төлейді.
Осы нормаға сәйкес, жұмыс беруші ай сайын қарамағындағы жұмыскер жалақысының 1% көлемінде аударым аударады. Бірақ аударым сомасы 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс (бұл – 15 төменгі айлық жалақының 1%).
Жеке кәсіпкерлер мен осы санатқа жатқызылған жеке меншік адвокаттар және нотариустар, кәсіби медиаторлар да жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап аударады. Бұл санаттағылар жарнасы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 2017 жыл үшін 2445,9 теңгені құрамақ. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударады.
Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін жұмыскерлер де жарна аударуға міндетті. Бұл топ тапқан табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударады. Дегенмен аталған санаттағы азаматтардың жарна есептелетін табысының ең жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан аспауы тиіс. Жарналар мен аударымдардың нақты сомасын Қордың fms.kz сайты арқылы есептеп білуге болады. Төлеушілерге арналған нұсқаулық пен жарна есептейтін калькулятор сайттың басты бетінде орналасқан.
Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы 10 млн. азамат үшін жарна төлейді. Олардың қатарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, зейнеткерлер, балалар т.б. бар. Ал, жұмыскерлер жарнаны 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап аударады. Төленетін жарна мөлшері: 2019 жылы – жалақының 1 пайызын, 2020 жылы – 2 пайызын құрамақ.
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдан бастап пайдалана алады. Cебебі жеке меншік клиникалармен және мемлекеттік емдеу мекемелерімен медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар сол кезге дейін бекітіліп бітуі тиіс. Сондай-ақ, еліміздің барлық тұрғындары әлеуметтік маңызы бар ауруларға қоса, жедел жәрдем, шұғыл көмек, санитарлық авиация шығындарын жабатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін пайдалана алады.
Алдағы 2 жылда (2018-2019 жж.) сақтандырылмағандар үшін жеңілдік мерзімі қарастырылған. Жарна төлемеген азаматтар амбулаторлық көмек пен шұғыл жағдайлар туындағанда көрсетілетін стационарлық көмекті тегін пайдаланады.
Пікір қалдыру