Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары хирург-рентгенолог Дмитрий Тё мен Игорь Левин обыр дертінің алдын алуға арналған мобильдік қосымша ойлап тапты деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды .
«Әзірге бұл пилоттық жоба. Сондықтан әлі де түзетуді қажет етеді», – дейді мамандар.
Олар «Онкоскрин» деп аталатын бағдарламаны қыркүйек айына дейін толықтай іске асыруды жоспарлап отыр. Кейін қосымшаны кез келген адам қалта телефонға жүктеп алады.
Арнайы сауалнамаларға жауап беру арқылы қосымша сүт және қуықалды безді, жатыр мойынын, асқазан мен ішектегі ауруларды ерте баста анықтауға мүмкіндік береді. Мұнымен қатар науқастар онкологиялық диспансер мамандарымен онлайн режимде сұхбаттаса алады.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы елімізде қатерлі ісік ауруы бойынша көш бастап тұр. Биылдың өзінде өңірде 900-ге жуық адамнан обыр дерті анықталған.
Дмитрий Тё, жоба авторы:
– Мобильдік қосымша азаматтарға тек ұсыныс жасайды. Яғни тесттің қорытындысы бойынша аурудың алғышарттары анықталса, скринингтен өтуге немесе дәрігерге қаралуына кеңес береді. Сондай-ақ мұнда еліміздегі онкологиялық диспансерлердің барлық тізімі болады.
Игорь Левин, жобаны әзірлеуші:
– Дайын болған бағдарламаны біз Playmarket пен Аppstore-да жариялаймыз. Ол кез келген гаджетте жұмыс жасай береді. Қазір жобаны қарапайым, яғни азаматтарға түсінікті болу үшін барынша жағдай жасап жатырмыз. Алдағы уақытта оны қазақ тіліне аударуды да жоспарлап отырмыз.
Пікір қалдыру