Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес плюсы мен бес минусы. Қысқа әрі нұсқа. Экспромт. Алдымен "әттегенай"-дан бастасақ. 1. Президент ширек ғасырда ұлттық мемлекет құра алмады. Былайынша айтқанда, Алланың өзі берген зор мүмкіндікті дер кезінде пайдалана алған жоқ. Ұлттың рухани тұтастығын сақтауға, ұлттық мүддені қорғауға, ұлттық сананы көтеруге, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, жалпы ұлтқа қызмет ету негіздерін қамтитын - ұлттық идеология әдірем қалды. Оның орнына, Халықтар Ассамблеясын құрдық. Әлемге татулық лабораториясымыз деп жар салдық. Өзімізді жарылқап алмай, елдегі шағын ұлт пен ұлыстарға табындық. Сөйтіп жалаулатып жүргенде өз туғандарымыз, сари оранып, Иегово куәгерлері атанды, бала-шағамыз құранит, суанит, салафит-малафит боп, қолға мылтық алып, Сирия аттанып кете барды. 2.Бізде байлық та көп, шайлыққа жарымай отырғандар да көп. Құдайдың қалауымен осы жердің иесі болған қазақ, энергетикалық ресурстардың қызығын өз деңгейінде көре алмады. Майлы-құнарлының барлығын өзгелер сорып жатыр. Шикізатқа тәуелді болмаймыз, экономиканы әртараптандырамыз деп, қыруар қаржы бөліп, аты белгілі-белгісіз зауыттарды ашқанымызбен, біздің бюджет мұнайдың сан құбылған әлемдік бағасына бәрібір тәуелді. Сосын ішім удай ашитын тағы бір мәселе бар. Израиль, Еуропаның бірқатар елдерінде, тіпті мынау тұрған Белоруссияда ауылшаруашылығын өркендету арқылы зор пайдаға кенеліп отыр. Ал бізде ауыл әлі құлазып тұр.Көкініс пен жеміс-жидек Қытай, Өзбекстаннан, ет-сүт-май тағы сырттан, ал өзіміздің құрт-ірімшік, қымыз бен шұбаттың бағасы удай... 3. Еуразиялық экономикалық Одақ. Бұрыңғы тарих. Қазіргі Ресей. Путин. Украина. Санкция. Ар жағы түсінікті шығар. 4. Түйені түгімен жұтқандардың дәурені озып тұр... Бюджет қаржысы аяусыз ұрланады, жеке қалталар байып жатыр. Бақылау аз, жауапкершілік жоқ. Қоғамды жемқорлық дендеді. 5. Отбасы-ошақ қасы... Мемлекеттік істерге оның отбасы араласа бастады. Қызы депутат, інілері бизнесмен-генералдар, күйеу балдары Форбстың тізіміне енді. Бір ғана Рахаттан қанша халық зардап шекті, кісі өлімі, мемлекеттік рэкет... Бұ қазақтың көрмегені жоқ одан. Сол бір"күйеуден" сабақ алуға болушы еді...Әттең. Қызы Парламент төрінде сайрауды шығарды. Мұның арты жақсы болмайды.
Президенттің артықшылықтары: 1. Қартайды, қайғы ойлады, ұлғайды арман... 75-ке толды. Оңай жас емес. Осыған қарамастан, елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. 25 жыл ешкімді тырп еткізген жоқ. Бұл - жай адамның қолынан келе бермейтін шаруа. 2. Саяси кеңістік... Қасымыздағы Өзбекстан мен Ресейге қарап отырып, шүкіршілік айтам. Салыстырмалы түрде бізде бәрібір жаппай репрессия жоқ. Бер жақтағы шабармандар қара аспанды қапылтып, біреулердің ізіне түсіп, ол кісіге басқаша жеткізіп тағы бірдеңе істеуі мүмкін енді. Бірақ, Назарбаев Аллаға шүкір, Кәрімов те, Путин де емес. Ол елдерге қарағанда, бәрібір бізде орысша айтқанда "свободнее дышится". 3. Әлемдегі беделі... Бір адамның кесірі 250 млн халыққа зиянын тигізгеніне куә болдық. Абыройының тас-талқаны шыққан талай лидерлерді көрдік. 25 жылда әйтеуір Президенттің халықаралық аренадағы абыройы артпаса, кеміген жоқ. Елге инвестицияның тартылуы көп жағдайда мемлекет басқарып отырған тұлғаға, оның ұстанымына тікелей байланысты. Бұл ретте Президенттің ықпалы зор. Инновация мен жасыл экономиканы дамытуға, индустриялық революция жасауға талпыныс бар. Бұл жақсы нышан. 4.Астана - жауһар қала! Бұл шын мәнінде ерлік, толағай еңбек, болашақ үшін жасалған үлкен қадам. Қалада жүріп кейде кеудемді мақтаныш кернейді. Президенттің өскелең ұрпаққа қалдырған ғажап ескерткіші. 5. Мінез - адамның өмірі... Кешірімшіл, кекшіл емес, жұмсақ әрі мейірімді дейді білетіндер. Талай адамның сатқындығын кешіргенін білем. Бұл Мемлекет басшысы үшін үлкен қасиет.Құдай бетін әрі қылсын, алда билікке нағыз деспот келіп, Назарбаевтың қадірін сол кезде түсініп, аһ ұрып жүрмейміз бе деген ой ара-тұра мазалап қоятынын жасырмаймын.
Барлық аспекті қамтылған жоқ. Асығыс жазылды.
Әділет айту бізден, төрелік көптің қақы...
Dina Tulekova, Facebook парақшасынан
Сурет Болатбек Мұхтаров