Солтүстік Қазақстан өңірінің бірнеше кәсіпорны сараланған тарифтің алынып тасталғанына наразы. Әсіресе, бұл шаруасын осы тарифке ыңғайластырып, түнгі уақытқа бейімделген өндіріс ошақтарының шығындарын арттырыпты.
Ел көлемінде ұсынылған осындай бастаманы әу баста қолдаған кәсіпорындардың бірі - Петропавл нан-тоқаш комбинаты. Айына 600 тоннадай өнім шығаратын комбинат нан мен тоқаштардың бір бөлігін түнде илеп, пісіреді де, таңертеңгісін саудаға шығарады. Сараланған тариф саясаты күшін жойғалы, кәсіпорынның ай сайын электр қуатына кететін шығыны 4 млн теңгеге артыпты. Былтыр олар дәл осы көлемдегі қуат үшін 9 млн. теңге төлеп келген.
Сараланған тарифтің аз ғана уақыттың ішінде солтүстікқазақстандықтарға ғана емес, жалпы ел көлеміндегі тұтынушыларға берген шарапаты аз болмады. Мәселен, СҚО кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Александр Казанцевтің сөзінше, дифференциалды тариф кешкі уақыттағы электр желілеліріне түсетін ауыртпалықты кемітуге септесіп, энергетика жүйесінің қуаты артты. Өз кезегінде, осы энергияны шығаруға жұмсалатын жанар-жағармай көлемі азайыпты. Осының нәтижесінде қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтар көлемі де әжептәуір төмендеген. Электр қуаты үнемделіп қана қомай, олардың желілер бойында жоғалуы қысқарды дейді мамандар. Бастысы, тұтынушы тарап коммуналдық қызметтерге кететін шығындарын біраз қысқарта алған. Мәселен, 2016 жылғы қаңтардың 1-інен сараланған тарифтің негізінде «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушыларына, оның ішінде, жеке тұлғаларға түнгі уақытта электр энергиясы үшін күндізгіден 4 есеге дейін арзанырақ төлеу мүмкіндігін берді. Осылайша, сараланған тарифке көшкендер кешкі 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін сағатына қолданылған 1 кВТ қуат үшін 3,89 теңгеден есеп айырысса, өзге уақытта қосымша құн салығымен қоса есептегенде, жарықтың бір кВт-ы үшін 16,82 теңгеден төлейтін. Ал заңды тұлғалар үшін сараланған тариф тіпті үш кезеңге бөлінді. «Севказэнергосбыт» кәсіпорны кешкі уақытта беретін электр қуатын ең қымбатқа бағалаған. Сөйтіп, 19.00 мен 23.00-дің арасылығында тұтынылған энергия үшін іскер жандар 34,22 теңгеден төлеуі тиіс болатын. Күндізгісі 15,51 теңгеден айналса, ең арзаны – түнгі тариф, 4,66 теңгеге бағаланған-ды. Аққайыңдар өлкесінің тұрғындары ғана емес, күллі ел халқы осылайша, қысқа мерзімнің ішінде, электр энергиясына 3 млрд теңге үнемдепті. Бұл 248 млн. кВт-сағат электр энергиясы. Бұдан бөлек, мамандар, сараланған тарифтің көмегімен 2020 жылға қарай негізгі жабдықтардың тозуын қазіргі 65-70 пайыздан 45-50 пайызға дейін азайтамыз деген орындалмас болмжамдарын жасап та қойған еді.
Алайда, өткен жылғы шілденің 11-інде заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай Солтүстік Қазақстан өңірінде де сараланған тариф күшін жойып, осыған дейінгі тәртіпке еті үйреніп, шығындарын біршама қысқартқан бизнесмендер мен баспана иелері санын соғып қалды.
Бір қызығы, электр энергиясымен қамтушы тарап – Севказэнергосбыт, бұл сараланған тарифтің кесірінен шаш-етектен қарызға баттық деп базыналарын айтуда. Тіпті, «тиімсіз» бағдарламаның аясында халық пен бизнесті тәуліктік аймақтар бойынша электр энергиясымен қамтуға кеткен шығындарының есебін қайтармақшы. Ол үшін жылдың басынан өз қызметтерінің құнын қымбаттатып жіберді. Монополияға қарсы комитеттің облыстық департаментіне айтқан уәждерінің бірі - осы сараланған тариф. Осылайша, жығылғанға жұдырық демекші, тәулік кезеңдеріне қарай оңтайландырылған тарифтен жұрдай болған өңір тұрғындарына ендігі кезекте, электр энергиясы үшін тағы 5 пайызға артқан шығынды қалтадан шығаруға тура келеді.
Бастапқыда электр желілелеріне түсетін ауыртпалықты тәуліктің уақытына қарай тұрақтандырып, қуат үнемдеуге бағытталған игі іс сөйтіп, араға шамалы уақыт салып, құрдымға кетті. Айту керек, сараланған тариф алынып тасталғанда, бұл бастаманың ел көлеміндегі нәтижесі шамалы, оған көшкендер санаулы деген сылтау айтылған-ды. Көкейді мазалаған сауал – бұл жоба шынымен-ақ пайдасыз болды ма? Олай болса, қай маман сансыз шығынды есептеп, түсіндіріп берді? Әлде ол бәз біреулерге тиімсіз болды ма? Оны халық қолдамаса, мүмкін түсіндіру жұмыстары аз болған шығар? Қалай болғанда, да, өңірлерді аралап шыққан ҚР Парламентінің депуттаттары алдағы уақытта Үкімет басшысына солтүстікқазақстандықтардың сәлемдемелерін жеткізіліп, арнайы сауалдарын жолдайтын болды.
Гүлмира Шоқтыбаева
Пікір қалдыру