Қазақстан Жазушылар Одағының Құрылтайы қарсаңында
Иә, Несіпбек Айтұлы бастап, бүгінгі ұлттық баспасөзіміздің бетке ұстарының бірі дерлік «Жас алаш» қостап, «Қазақстан Жазушылар Одағының құрылтайы қарсаңында» деген айдармен игілікті бір істі қолға алған екен. Оның «Құрылтай қарсаңында ортаға салар ой көп» деп басталуының өзі бүгінгі қазақ әдебиетіне қолынан келгенше азды-көпті үлес қоссам дейтін, оның қазіргі жай-күйіне алаңдайтын кім-кімді де бейжай қалдырмаса керек. Әттең, Несіпбектің «Сөз танитын көз керек» деген бұл мақаласынан бүгінгі қазақ әдебиетінің, оның қара шаңырағы Жазушылар Одағының хал-ахуалы туралы сыңар ауыз сөз таппағанымыз ғана қиын болды. Оның орнына мақала бүгінгі поэзиямызда қалай дегенде де өз орны бар ақын Аманхан Әлімұлының өлеңдеріндегі кемшілік атаулыны қаржы полициясының жемқордың жеген ақшасын жіпке тізгеніндей түгендеп-ақ шығыпты. Шындығына келсек, екінің бірі өзі оқымаса да бірінен-бірі естіп алып данышпан, көреген, ұлы ақын, бас ақын атап жүргендердің әр өлеңінен іздеген адам небір кемшілікті де, ерсілікті де оп-оңай-ақ тауып алады. Жер бетінде алтын атты асыл тастың өзі 100 пайыз таза күйінде кездеспейтіні сияқты, өлең шіркіннің де жақсысы, ортақолы (ортаңқол емес!), нашары болады. Бірақ әңгімесін «Жазушылар Құрылтайы қарсаңында ортаға солар ой көп» деп бастаған Несіпбек шынында да ордалы ой, биік парасаттың иесі болса, бұл жерде бір адамның өлеңіндегі олқылықтарды тізіп берумен шектеліп қалмас еді. Амал не өзі соңынан қалмай жүріп әзер алған аты-жөнінің астында Мемсыйлық лауреаты деген атақ ілесе жүретін бұл ақынымыздың әдебиет, әсіресе поэзияға қатысты ой-өрісінің шама-шарқы соған ғана жетіпті. Әйтпесе, бүгінгі әдебиеттің, оның ішінде поэзияның күн тәртібіне қояр проблемалары аз ба еді? Баяғыда А. Чехов беллетрист В. Тихоновқа жазған хатында «Кейінгілер бізді Чехов та, Тихонов та, Короленко да, Щеглов та демейді «сексенінші жылдардағылар» немесе «ХІХ жүзжылдықтың ақырындағылар» деп атайтын болады деген екен. Сол айтқандай, Несіпбек дос осы мақаласында бүгін ақын-жазушылар кейінгі ұрпаққа қандай поэзия қалдырып бара жатқаны, солардың ішінде әртүрлі жүлделер мен сыйлықтар, әсіресе, Мемлекеттік сыйлық лауреаты деген атақ қалай беріліп, оны кімдер қандай әдіс-тәсілдермен алып жүргені, тіпті, соны Несекеңнің өзі қалай алғаны туралы айтса «Әп, бәрекелді! Нағыз ақын осылайша Ақиқатты айтса керек еді» дер едік қой. Ақиқат демекші, В. Дальдің Сөздігі бойынша Ақиқат дегеніміз адам ақыл-ойының игілігі. Қасиетті ислам діні Ақиқатты айту адами қасиеттің ең биік шыңы деп бағалайды. Ал өзін ақынмын деп санайтын адам не жазса да өз жүрегін, жан-дүниесін шын тебіренткен өмір құбылыстарының тек Ақиқатын, Расын, Шындығын айтуы– парыз. Амал не, бүгінгі поэзиямыз лепірме жел сөздің, жалаң мадақтың, ащылау айтсақ жылпос, атаққұмар-өлеңшілердің күнкөріс жемтігіне айналды. Бүгінгі поэзиямыздың мұндай күйге түсуіне әсіресе, өлеңге деген ешқандай талап-талғам ескерілмей, шығармалар қатаң сүзгіден, мұқият талқылаудан өткізілмей, тіпті, бір күнде 40-тан астам адамға беріле салатын «Алаш» (өзі халықаралық деп аталады!) сыйлығы сияқты сыйлықтар мен жүлделер анаған да, мынаған да беріле салуы да кесірін тигізіп тұр.Әдетте, талант, дарын деген қасиеттен мақұрым адамдар атақ-даңқ, сыйлық-жүлде алу үшін жасалатын қулық-сұмдықтың, айла-шарғының түр-түріне шебер келеді. Ал осы күні Мемлекеттік сыйлық иегері атанып, ел аралап кеш өткізіп, облыс әкімдерінен қалтасын қомпайтып көлік мініп шалқып жүрген (атын ата десе атап беруге де болады!) 4-5 азаматтың ол атақты алу үшін қандай айла-шарғыға барғанын білетіндіктен соларды көрген сайын өз басым әрі күлкім келеді, әрі байғұстарға жаным ашиды. Олардың ішінде Елбасымызға аты исі қазаққа мәшһүр ақсақал Қасым Қайсеновты салып та, ракпен ауырамын, дәрігерлер 5-6 ай ғана өмірің қалды, рактан өлдім не, асылып өлдім не бәрібір, егер осы жолы (Ол осының алдында кемінде 5-6 рет лауреаттыққа таласып ала-алмаған еді) Мемсыйлық лауреаты атағын тағы да ала-алмасам асылып өлемін деп жұртты шошытып алған да, т.б. бар. Соларға қарап, адам баласы, әсіресе өзін ақынмын деп есептейтін пенде «лауреат» деген атақ үшін де ар-намысын құрбандыққа шалатын болды-ау деп көңіл шіркін құлази жөнеледі. Сосын сол көңілі түспегірді орнына түсіру үшін
Желеп-жебеп жататын
Намыс – нағыз пір-баба,
Сол намысты сататын
Сыйлық құрғыр пұл-ғана,-деп әзіл жазып өзіңді-өзің жұбатқан боласың. Несіпбек дос әлдебіреулерді Аманханды қолпаштаушы «классиктер» деп кекетіпті. Шындығына келсек, әлгіндей қулық-сұмдықпен, араға ақсақал салып, өзінде жоқ рау ауруын салып Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанып жүргендер ғана өздерін «классикпіз» деп жиын-тойларда, ас-садақада көсемсіп сөйлеп тұрады, қатын-баласымен, жегжат-жұрағатымен теледидар хабарларына қатысады.
Ал Құрылтай қарсаңында әртүрлі ой айтуға бастамашы болып отырған Несіпбек Айтұлы қалай Мемсыйлық лауреаты атанды дейсіз бе? Несіпбек достың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған «дүниелері» бір емес бірнеше мәрте бұл атаққа лайық емес болып, додадан құралақан қайтты. Әрине, алған бетінен қайтпау жанқиярлық, табандылық деген бар. Бірақ сол кездері өз басым Несіпбек көрсеткен жанқиярлықты-жанкештілік, өлермендіктің ең бір озық үлгісі екен дей жаздағаным бар. Олай дейтінім, күндердің күні болғанда ол сол кездегі «Жас Алаш» газетіне өлгеннен кейін біз де Мемлекеттік сыйлық алармыз деп еңірегенде етегі толған зарлама мақала жазды.
Шақырып үміт алда сан,
Лауреаттық жайлы төккенде ой
Сыйлыққұмарлар әрқашан
Жылауменен өткен ғой, - деп біз де қосыла жылай жаздадық.
«Оңай келген бақытқа да жылай салған пендемін» деп бір ақын айтқандай Несіпбек жыласа жылағаны айып еместе шығар. Өйткені, ақын дегеніңіз эмоцияның адамы ғой. Бірақ оның қазақ поэзиясының маңдайына біткен жарық жұлдызы, тұңғиық терең ойшыл ақын әлдеқашан бақилық болған Жұмекен Нәжімеденовке Мемсыйлық лауреаты берілуіне байланысты әлгіндей зар-мақала жазғаны адам айтқысыз ұят болды. Ал мына мақаласының басында ол Абай, Ілияс, Мағжан сияқты ақындарға «М.Мағауин мен Төлендер»-ді қосып Жұмекенді ұмыт қалдырады. Бұрынғы ақындық шама-шарқы қандай болғанын қайдам Несіпбектің сол кездегі де бүгінгі де жазған-сызғандары жасанды ұранға, лозунгілік пафосқа, науқаншылдыққа толып тасып-төгіліп жатады. Оған Мемлекеттік сыйлық әперген «дүниесі» де белгілі бір адамның ата-бабасының да атап айтсақ Наурызбайдың да ерлігін жырлауға бүйрегі бұрып тұрғанын көзі ашық адамға аңғару да аса қиын емес. Осы жерде оның Аманхан Әлімді сынай келе «ақын арзан сөзге алданбай, маржан сөзден моншақ тізуі» керек деген ғибратын өзі қалай қадірлейтініне көз тігіңізші:
Алабы Алатаудың дүбірледі,
Атағы батырлардың дүрілдеді
Даңқынан Сабалақ пен Наурызбайдың
Тізесі ата жаудың дірілдеді.
Ойратты ойран салған Тәңір атты,
Ақыры айдалада аңыратты
Атанып «Аңырақай» жердің аты
Қоңырсып жұртындағы көңі жатты.
Өлеңнің қаласа жылатып, қаласа шаттыққа шомылдыратын құдіретін түсінетін адам осындағы «дүрілдеді», «дүбірледі», «дірілдеді», «Тәңір атты», «аңыратты», «көңі жатты» деген су татыған дәмсіздікті ақындық, ақынның алпыс екі тамырын иітіп айтылған Ақиқат сөз дей қояр ма екен? Немесе
Жігіттер соңына ерген көкжал бәрі
Білінер ата көріп, оқ жонғаны.
Айқасқа асығады қаны қайнап,
Жоңғардың жанға батып жонданғаны,-деген жолдарды Несіпбектен өзге ешкім де «Арзан сөзге алданбай, маржан сөзден моншақ теру» дей қоймас, сірә. Осындай қарабайырлыққа, осындай қарадүрсіндікке тұнып тұрған дүние-сымақ жазып Мемлекеттік сыйлық лауреаты атану үшін қандай қоғамда, қандай мемлекетте өмір өткізу керек деп ойлайсыз? Міне, Несіпбек ақын Жазушылар Құрылтайы қарсаңында деп мақала жазғанда бүгінгі әдебиетімізге кесірін тигізіп отырған осындай «бармақ басты, көз қыстылық», «тамыр-таныстық» сияқты кеселдерді, ақындарға тән ар мен жан тазалығын тілге тиек етуі керек еді ғой. Бірақ ондайларды айтса таяқтың бір ұшы өзіне тиіп кетерін білеме қайдам, Несекең бұндай ауқымды мәселелерге ат ізін салудан аулақтап кетіпті.
Құрылтай қарсаңында деп сөз бастаған ақын адам бүгінгі поэзиямыздың тағы бір үлкен қасіреті бүгінгі поэзияны біреулерге, не бір адамға табыну, мен жағымпаздық жайлап алғаны туралы айтқаны абзалырақ болар еді. Рас, сонау бір кездері Ленинге, Сталинге, коммунистік партияға арнап «Алтын заң», «Күн көсем» деп өлең жазғандар болды. Бірақ бүгінгі кейбір өлеңшілеріміздің (оларды ақын деуге ауыз бармағсын осылай дедіік) осы заманның қалталылары мен байшыкештеріне арнаған өлеңдерімен салыстырғанда ол өлеңдер Ленин мен Сталинге жәй рахмет айту сияқты көрінеді екен. Ал Елбасымызға арналған шектен шыға айтылған кейбір лепіртулер мен көпіртулерді ол кісінің өзі оқыса, жатып кеп ашулануы, тіпті, «мынаған берген Мемсыйлықты қайтып алыңдар» деуі де мүмкін шығар. Иә, «Ар-намысты сататын сыйлық құрғыр пұл ғана» дегеніміздей сыйлық атаулының адамды құнықтырып жіберетін бір сиқыры бар сияқты. Және қазір Қазақстанда ана жерде де, мына жерде де өткізіліп жатқан бәйге, жүлде, фестиваль атаулыдан құрқол қайтпайтын бір топ бар. Солардың бірі осы Несекең десек, ол былтырғы «Рух» атты бәйгеден де оза шауып шыққанның бірі болды. Оның бұл жолы небір құлагер жырды құм қаптырып бәйгі алған жүйрігі «Жаңғыру жыры» деп аталады екен. Оны оқып отырып, «Құдай-ай, жер бетінде ешқашан әділдік деген әлжуаз байғұс орнай қоймас десек те поэзия деген пәкизат сұлуды бұлайша қорлап, зорлауға болмайды ғой» деп күңірене жаздадық. Сол пәкизат жанрға ғана тән сұлулықтан, көркемдіктен, шеберліктен, шынайылықтан, суреткерліктен, ең ақырында ақынға тән ақ жүрек ақиқатшылдықтан жұрдай, не бір тарихи дәлел-дәйегі жоқ сапырмай сөзден, айқай-ұйқайға толы жалаңаш ұран мен мадақ-мақтаудан, аты айтып тұрғандай құр жаңғырық сөзден тұратын поэма деп аталатын ішінде кейіпкері жоқ «поэма» жеңімпаз атанғанын көргенде «е-е, тұлпардан мәстек озған заман туған екен ғой» дегеннен басқа амалымыз қалмады. Рас, бұл дүние-сымақтың басынан бастап ең ақырына шейін Елбасының аты аталып отырады. Бұл жерде Аманханның әр сөзін жіліктеп, боршалаған Несіпбекшілемей ол поэма деп атаған бұл жазу-сызуды талдап шығу мүмкін емес. Өйткені, бұл – басынан аяғына шейін тарихымызға, тәуелсіздігімізге байланысты өткен замандардың «зобалаңы», «бір қазақ бір қазақтың көрін қазғаны», «азаттық кіндігінен жаратылған жаңа заман» «тағдырдың қатуланса қас-қабағы, қара бұлтын аспан әлі үйіруі әбден мүмкін» деген сияқты жаттанды да жалаң ұран мен судыраған сөздердің, өйтпейік те бүйтпейік дейтін арзан ақыл-кеңестердің жиынтығы ғана. Яғни, поэмаға қырық қайнаса да сорпасы қосылмайтын. Мұнда
Шаттығым нұрға бөлеп шаңырақты
Көңілдің көк аспанын жадыратты,,-деп, одан жалмажан
Асқақтап Бәйтерегім одан сайын
Жайқалып жапырағын жамыратты немесе
«Арманның көппен бірге астым белін, Берекем-ортамдағы тас діңгегім», «Баласы әкесінен туған аса, Биікке арман болмас ту қадаса» деген сияқты қитардың көздеріндей бірі-қырға, бірі-Сырға қарап тұрған, бір-біріне еш қатысы жоқ, ұйқасқа құрылған сөздердіғң жиынтығы ғана. Бүгінгі қазақ поэзиясының қадірін кетіретін мұндай құнсыз дүние жазғыштар кейінгі жылдары өте көбейіп кеткенімен тұрмай, сол дүниелерінің ішіне орынды-орынсыз Елбасының есімін тықпалайтын пасық әдет тауып алды. Бүгін біздің осы мәселелерді қозғауымызға жол ашып берген Несіпбек мырза солардың алдында сар желіп келе жатқандардың бірі екенін бұрын да байқайтынбыз. Ал ол «поэма» деп атаған мына ұраннаманы оқығанда сол ойымыз дұп-дұрыс екеніне көзіміз жете түскендей болдық. Несіпбек Айтұлы осы дүниесін «Елбасы бағдарымды айқындады, төрт бөліп түн ұйқысын таң атырған», «Болжаған Елбасымыз болашақты, Бекерге жаңартқан жоқ астананы», «Елбасы кемеңгерлік ойын айтты, Күңгіртте қолыңа шам ұстатқандай», «Сақта деп Елбасымыз елдігіңді, Құлаққа құйып отыр күнде осыны», « Елбасы жөнге салып, әй, демесе, Қайтады жатқа кеткен қайдан есе?», «Елбасы сілкінбесе тосын бүгін, Жұртым-ау жиғызады есіңді кім?» деген сияқты өзі айтқандай «маржан сөзден тізген моншақтармен» өрнектеп келіп оны 18 миллион халыққа қарап
Биіктен ұшам десең алға, сірә,
Қам жаса қанатыңның талмасына,
Қырандай дүр сілкініп қайта түлеп,
Серік бол самғағанда Елбасыға деп аяқтағанын көргенде қандай ойға кеттің дейсіз бе? Біріншіден, ең ақырғы қос жолда дүр сілкін, қайта түлеп, деп кімге айтып отыр, халыққа ма, әлде Елбасыға ма? Егер халыққа қаратып айтса самғағанда Елбасыға серік бол дегені несі? Ау, өзі дүр сілкініп, өзі қайта түлеп, өзі самған бара жатқан 18 миллион халыққа бір адамға, яғни, Елбасыға ғана серік боламыз десе, соның айналасында топырлап тұрып қалмай ма? Ал Елбасы ғана самғап бара жатса ше? Оған соншама қарақұрым халық қосыла самғап ұша ала ма? Несіпбектің өлеңдерінде қашан көрсең, бір жол қырға, бір жол Сырға қарап, біріне-бірі теріс айналып тұратыны несі дейміз, іштей. Екіншіден, егер дәл осы Несіпбекке ұқсаған біреу Ресейден табылып, Путин-президентке арнап осындай өлең не поэма жазса, бүкіл Ресейге, масқара болар еді. Оны тіпті, сол Путиннің өзі-ақ не істерін Құдай біледі. Ал Америкадан осындай бір өлеңші шығып Трампқа арнап поэма түгіл бір-екі шумақ мақтау өлең жазса оның күні не болар еді деген ой тағы да мазамызды шұқиды. Иә, ар-намысынан, ұяты мен иманынан айрылмаған және өзін ақынмын деп есептейтін адам Ақындық ешқандай сыйлықпен, өліп-талып, жылап-еңіреп немесе ақсақал салып алған лауреаттықпен өлшенбейтінін, ақындық дегеніміз – ар тазалығы, жан тазалығы екенін, намысыңды, адамдық қадір-қасиетіңді ешқандай сыйлыққа, ешқандай жүлдеге, сатудан аулақ болу екенін білуі керек. Жазушылар Құрылтайы алдында біздің айтпақ ойымыз осы. Артық кеткен жеріміз болса кешіріңіз, қаламгер қауым.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын,
ҚР Мәдениет қайраткері
Пікір қалдыру