Ұл өскен соң құдандалық жайымен небір елге ат басын тірейді екенсің. Қайсы күні Қызылордадағы немере ініміздің баласы Талдықорғанның бойжеткенін ұнатып, құдалыққа мені де шақырды. Жиынып, терініп бардық. Жастығымыз ба, болашақ келіннің ру, тайпасын сұрамаппыз. Жайғасып отырып, танысу басталғанда біздің тама екенімізді естіп, құдамыздың дегбірі қашты. «Жалайыр Шежіресі» деген жуан кітапты алып, парақтап та тастады. Өзіміз қатарлы жігіт болған соң, себебін сұрадық. Құдамыз жауап қатар, қатпасын білмей бірқыдыру уақыт отырды. Сонан соң ғана тілге келді.
- Біз жалайыр ішіндегі Орақты атты руданбыз, жалайырдың ноқта ағасымыз. Жалайырға кейін келіп қосылған, түп тамырымыз тама екенін қарттарымыз атап айтып отыратын. Жаңа сіздердің де тама екендеріңізді білген соң арамызға жеті ата түсті ме, жоқ па, соны санап жатқаным ғой. Он атадан асыппыз. Зәрем қалмап еді.
Осы әңгімені Алматыдағы тамалар ұзақ әңгіме жасаған. Тамадан шыққан Орақты батыр ертеректе құрамында жалайыр да бар үлкен атты жасақты басқарыпты. Жалайырлармен әбден араласып, қыздарына үйленіпті. Енді елге қайтамыз дегенде жалайырлар шылбырына жармасып, жалайыр ішінде қалуды, ноқта аға болуды өтініпті. Келіншегі де қиғылықтап, ақыры, Орақты батыр атамыз ендігіәрі жалайырдың қолын бастап, қала беріпті. Құдамен осы әңгімені бөлістім.
- Негізі, дұрыс. Былайғыда жалайыр дегенімен бұлар іштеріндегі мырза, арық-тыным, қалпе, орақтыны жеме-жемге келгенде бөліп тастайды. «Шеттібай» атайды. Қазір, әйтеуір, көнені білетін шалдар азайып, бүгінгі жастар ар жағымызды ұмыта бастады. Бірақ, өз басым, ұл-қыздарыма ескертіп қойғанмын.
Құдамыздан негізінде бүкілісі білетіні бар, жиын ашып шындарына неге көшпейтіндерін сұрадым.
- Болған ондай ой. Бір жорналшы ағамыз бар еді, оншақты жыл бұрын бетімізден қайтарды, өзі дүниеден өтті. Балаларды сіңбе етпейік деген сөз айтқан соң тоқтағанбыз. Қу бала үшін неге көнбейсің. Негізінде осында жалайырдың екі-үш ақсақалы бар, әсіре рушыл. Мына найманмен күндес таласпайтын күні жоқ. Ал найманда ол қылық жоқ. Сонда да найманды өздерінші ұнатпайды. Керісінше найман ұнатпаса керек еді.
Құдамыз үй шаруасымен айналысып кеткен кезді пайдаланып, Жалайыр шежіресін алдым. Мәссаған! Таманың Орақты батырын жалайыр еткені ойыншық екен! Бар таманы орақтымен қосып, жалайырдан таратып тастапты. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де солай. Тама түп-түгел жалайырдан шығыпты! Құдай-ау, өтірік айтудың да шегі, ыңғайы болмаушы ма еді? Мыналары тым артық!
Құдама ренішімді айттым. Ол не десін? Кітап басылғалы он бес жыл. Шежірені құраған ақсақалдың ұлы ол кезде министр екен. Жазғанды жалпағынан басып жіберген ғой. Бір тәуірі одан бері қайыра басылмапты. Қызығы-министр жалайырымыздың өзі «шеттібай»-мырза, қыздың баласы-жиен екен. Ол да жалайыр екені дәлелдеу үшін тыраштанған-ау!
Жалайырға сіңген тама-орақты бауырларымызды тауып-бір қуанып, ақсақалдардың сонша өтірік айтатынына бір ренжіп құдалықтан қайттық. Жарайды, сіңген ел-сіңіп кетті. Бірақ барлық таманы жалайыр жасағандары
ұятты ұмыту емес пе? Осындай дарақы рушылдықты қайтсек қоямыз? Түптің-түбінде осы құдалықтағыдай ашылып қалады ғой.
Сәулебек Қосай