Дастан Шалтабаев: Әркімнен бала тапқандардың денсаулығына жауап бермейміз

/uploads/thumbnail/20180413105234632_small.jpg

Денсаулық саласының өткен жылғы жұмысын қорытындылаған алқа өтті. Оған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар басшылық етті. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ сөз алды.

– 2017 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 82,8 млрд. теңгені құрады. Оның 74,7 млрд. теңгесі республикалық, 8,1 млрд. теңгесі жергілікті бюджет қоржынынан бөлінген, – деді ол. Ана өлімі жиі орын алған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев орнынан тұрғызылды. Ол бірден жаланы о дүниелік болып кеткен ананың өзіне жапты.

– Ол бұл баланы некесіз таппақ болған. Біздің жақта бір адаммен азаматтық некеде тұрған. Әр жерден келіп, әркімнен бала тапқандардың денсаулығына неге біз жауап беруіміз керек. Ол басқа жақтың адамы. Әркіммен әржерде жүріп жүкті болғандардың өліміне бізді кінәлайсыздар. Бұл мәселені министрліктің алдына қою керек, – деп қолын сермеп, мінез көрсетті. Сөзді соңына дейін тыңдаған Жақсылық Мұқашұлы мемлекеттік қызметкердің мына қылығына ашуын жасыра алмады.

– Сіздің адам тағдырына деген көзқарасыңыз дұрыс емес. Оның кімнен бала тапқанында шаруаңыз қанша? Ол оның тағдыры! Дүниеге ұрпақ әкелгісі келді. Өсіп-өніп, демографияға атсалыспақшы болды. Қайдан келсе де медицина көмек көрсетуі тиіс. Ол біздің қандасымыз. Жүкті әйелге мемлекетімізде барлық жағдай жасалады. Екіқабат әйелдің ағзасында ауыр сырқаты бар екенін біліп тұрып, немқұрайлы қарағансыздар. Күштеп болса да емделуіне жәрдемдесулеріңіз керек еді. Енді жауапкершіліктен қашып, уқит-суқит деп құтылудың амалын ойлап отырсыз, – деп көптің көкейіндегі ойын дөп басты.

Сонда дейміз-ау, ана мен балаға қамқор болады деген билік басындағылардың айтып тұрғаны мынау?! Сөзі мен пайымдауының өзі мемлекеттік қызметкердің әдебіне жатпайды. Басқаны білмеймін, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бір-бірімізге қарасып, мына сөзге ішіміздің қара қазандай қайнағанын байқаттық. Қазақ атам өмірден өткендер жайлы ғайбат сөз айтпаушы еді. Мына кісінікі қай сасқаны?

Жиында облысқа дәрігерлер тарту, мекемені басқара алмайтын басшыларды ауыстыру, мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті нығайту, қайырымдылық қорларымен ынтымақтастық орнату, мерекелерде бас дәрігерлердің емдеу орнында болуы жайлы сөз болды. Бірақ, көкейде кептеліп тұрып алғаны Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Тұрарбекұлының аналар жайлы айтқан ауыр сөзі еді.

«Жетісу» газеті

Қатысты Мақалалар