ЕҢСЕСІ БИІК ЕЛОРДАЛАР

/uploads/thumbnail/20170708170542804_small.jpg

"Қазақ хандығына – 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне

Қазақта қала болған ба? Толғандыратын сұрақ. Біз осыған дейін: «Көшіп-қонып жүріп, өркениет ауылынан алыста қалған адамдармыз», – деген пікірге өзімізді сендіріп келдік. Басқаларды да соған еріксіз қосылуға жетеледік. Қазір осы жолдарды оқып отырған сіздің де жүрегіңізде күмәндану тұрғанын жоққа шағармаймын. Үңіліп көретін болсақ, ата-бабаларымыз әлемдегі қала мәдениетінің негізін қалаған тұлғалар деуге негіз жеткілікті. Ең бастысы, біз әлемнің ұлы астаналары бабаларымыздың парасатынан нәр алған жобалар бойынша салынғанын мақтаныш етуге тиістіміз. Ал Еуропалық қала мәдениетін Еділ патшаның алға жылжытқанын ескерсек, Америка құрлығындағы әлем өркениетінің орталығы болған ірі қалалар баяғы Мая мәдениетін жаратқан ділі де, тілі де, жаны да, тарихы да қазақпен қабысып жататын үндістердің ақыл-парасатының ұшқыны екенін жоққа шығаруға болмайды.

Осы ойымыздың шынайылығын білу үшін мына бір жайды айта кету орынды шығар. Қазір әлем жұрты Ресей астанасы Мәскеудің кезіндегі Алтын орданың астанасы Сарайшық қаласының үлгісі бойынша жобаланып, салынғанын біледі. Кейін орыс отаршылдары Сарайшық қаласын жұртымен қосып, жермен-жексен етіп қиратты. Бірақ, шетел саяхатшыларының жазбалары арқылы бізге жеткен ақиқатты өшіріп тастауға дәрменсіз болды. Ендеше, Қытай астанасы Бейжіңнің (Пекин) іргетасын ханның бір кездері ойрандалған Отырар қаласының үлгісі бойынша  Құбылай ханның Жарлығымен қыпшақ Елқыдыр бабамыздың қалағанын біреу білсе, енді біреу білмейтіні өкінішті. Әрине, бұл ойымызды ширата берсек, тарихтың көптеген ақтаңдағын анықтауға болар еді. Бірақ, бұл жолы біз қаптаған қаланың кешегісі мен бүгінгісін қоя тұрып, тек қана ел астанасы болған іргелі қалаларға ғана тоқталғанды жөн көрдік.

Несін жасырайық, осы күнге дейін қазақ мемлекеттігінің тарихын толығымен тұрақтастыра алмай келе жатқанымыз анық. Бұл жайлы тарихшы ғалымдар сан-саққа бөлініп, таласып-тартысып келеді. Басқасын айтпағанның өзінде, бес ғасырдың алдындағы Қазақ хандығы туралы сан сұрақ басымызда өріп жүр. Сондықтан  бағзы замандағы скифтерден бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасына дейінгі хандық пен мемлекеттің астанасы болған қалаларды анықтау оңай болған жоқ. Бірақ, осы міндетті алғашқы адымда бір жүйеге келтіруді мақсат еткендіктен талмай ізденуге тура келді. Әлбетте, төменде келтіретін деректерді толығымен дұрыс деп айтудан аулақпын. Десе де, «Көш жүре түзеледі» демекші, артық-ауыс тұстары болса, осы жазбаға көз салған сыншыл қауым ой мен пайымын білдіре жатар. Бірақ, еңсесі биік елордалар тарихын жазу үшін көне қытай  жылнамалары «Ши-цзи» («Тарихи белгілеулер»), Ли-Юданың «Ля ұдысының құжаттары», «Тундянь шежіресі», Елю-дашидың «Батысқа жасаған жорық», «Жол қатынас тарихының күнделігі», Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жиынтығы», «Моңғұлдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», «Шыңғыс хан тарихы», «Қытай тарихындағы ғұн, түрік баяндары», «Үйсін туралы зерттеу», «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (1, 2, 3-том),  Лев Гумилев «Қиял патшалығын іздеу», Су Би Хай «Қазақ мәдениетінің тарихы» және «Қазақ тарихының дамуы» атты еңбектері, «Қазақтың қысқаша тарихы», Ханғали Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ фольклорының тарихы», Ислам Қабышұлының «Тұран әлемі» және орта мектептерге арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарынан, сондай-ақ, тәуелсіздіктен кейін жарияланған қазақ тарихы жайлы жазылған зерттеу еңбектерінен іздестіріп, қазақ мемлекеттігінің сонау сақ дәуірінен бүгінгі елордамыз Астанаға дейінгі астаналар тізбесін жазып шығуға күш салдық. Сонымен менің пайымымша қазақ мемлекеттігінің астанасы былай өріледі.

Сонау Сақтар кезіндегі Яксарт, Ғұндар кезіндегі Ордос, Үйсіндер тұсындағы Шекүк (Чигунь), Түріктер кезіндегі Еркіне-көн, Өтекін, Суяб, Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі 5 ғасырда қаланды. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болды. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) 7 ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалымы әл-Мақдиси (10 ғасыр) өте көне астана деп атайды. ІХ – ХІ ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы болды.  Найман мемлекетінің орталығы – Орхон өзені бойындағы «Хара балғысын» («Қарабалық») қаласы, Орхон өзенінен 109 шақырымаралық тастап, қатарласа ағатын Тамыр өзенінің бойындағы Би-төбе қаласы Найман мемлекетімен бір мезгілде өмір сүрген Керей мемлекетінің астанасы болды. Би-Төбеден елу шақырым жерде мәңгілік мұра болып бізге жеткен Тоныкөк ескерткіші тұр. Ал Найман мемлекетінің астанасы болған Қарабалықтан 29 шақырым жерде Шыңғыс хан іргесін қалаған Қарақорым қаласының жұрты жатыр. Орхон өзені Қарақорым қаласын екі жарып ағады. Кейін Шыңғыс ханның немересі Құбылай Қытайды толығымен жаулап алғаннан кейін «Юан» мемлекетін құрып, астанаға Ханбалық (Бүгінгі Қытайдың астанасы Бейжің қаласы) қаласын тұрғызды. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ (Сунақата) әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Кейін, 1226 жылы Жошының ұлысынан Орда Ежен Ақ Ордаға хан болғанда Сығанақты өз ұлысының ордасы етті. Көк Орданың астанасы Шаңғы-Тара (бүгінгі Тюмень) қаласы болды. Қазақ хандығын Алтын Орда империясының бірден-бір мұрагері деп ұғатын болсақ, 1242 жылы Бату ханның Еділ бойына салдырған Сарай Бату қаласы да Қазақтың байырғы астанасы саналады. Одан кейінгі Берке ханның тұсындағы Сарай Берке, Жәнібек пен Едіге бидің тұсындағы Сарайшық көне астаналарымыз болып табылады.  Тарихи деректерде Мәскеу князы Иван Калита Кремльдің үлгісін Сарайшық қаласынан алғандығы айтылады.

Белгілі тарихшы-археолог М. Елеуовтің пікірінше, 1456  – 1457 жылдары Керей мен Жәнібек хан Қозыбасы өңіріне көшіп барғаннан кейін, мұнда Шар (шаһар) деген қала салдырған. Бұл қаланың орны бүгінде Жамбыл облысы, Шу қаласының төңірегінде. Керей мен Жәнібек ханның салдырған Шар қаласы қаладан гөрі, үлкен бекініске ұқсайды. Алайда, біз «Шипагерлік баяндағы» деректерге сүйене отырып, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Баласағұн (Қазіргі Тараз) қаласы болғанын білдік. «Шипагерлік Баяндағы»: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бин ұлұ иүз бин Зарман бин Албан бин Әл-Құзорда».., «Ордадан оңаша, арнаулы сыйласырдан жайлы орын бергесін, миыма тоқығаным мен қайта еске жазғандарымды, ойға жиғандарымды жазуға кірістім» деген дерек бойынша Керей мен Жәнібектің  Шу өзені бойындағы Құзорданы ең алғашқы астана еткенін білдік.  Ендеше, бұндағы Құзорда қазіргі қай қала деген сұрақтың туатындығы анық. ХІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Жүсіп Баласағұн: «Болған талай қалалар да халық та, уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа» дегендей, есімі ескі тарихтан белгілі  Құзорда жайлы деректі іздестіріп жүріп, Қарахан әулеті мен Қарақытай (Қытан) хандығының саяси орталығы болғанын білдік. ХІ ғасырда Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұн (Құз-Орда) шаһары мәдениет, ғылым-білім саласында басқа қалаларымен салыстырғанда оқ бойы озық тұрған.  Оған дәлел ретінде Махмуд Қашқари «Диуани луғат ат-түрк» (1072 – 1074) сөздігі мен Жамал Қаршидың «Мүлхакат ул Сурах» (1230 – 1305) шығармаларындағы дәлелдерді айтсақ та жеткілікті. «Қараханилар елінің екі орталығы болды. Оның бірі Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласы, яғни Құзорда, енді бірі Қашқар қаласы» («Қазақтың қысқаша тарихы», ШҰАР халық баспасы, 209-бет,  1986 жыл). «1133 жылы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласының қасына Қарақытай патшалығының жаңа астанасы салынды. Бұл Құзорда деп аталды» (Бұл да сонда). Халидовтың айтуынша: «Бала» – көрікті қашалған тас, «Сағұн» – қала деген моңғұл сөзі. Көрікті тас қала деген ұғым береді, – дейді» (Құрбанғали Халидов. Тауарих хамса, Қазан, 1911, 681-бет). Осы дәлелдердің өзінен-ақ Құзорданың Баласағұн қаласының  екінші бір атауы екендігіне көз жеткіземіз. Сонда Қазақ хандығының алғашқы астанасы Баласағұн қаласы деуге негіз жеткілікті. Ал 1480 жылы Бұрындық хан Қазақ тағына отырып, Сыр бойындағы қалалар үшін Шайбаниттермен күрес жүргізіп, нәтижесінде Мұхаммед Шайбаниден Сығанақ қаласын тартып алып, оны астана етті. Сығанақтан кейінгі астанасы Ақжайықтың жағасындағы Сарайшық қаласы болды. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы Сібірдегі Ұбай-Сұбайра болды деген де тарихи деректің бар екенін жоққа шығармауға тиістіміз. Қасым ханның дәуірінде Қазақ хандығының саяси орталығы Сарайшықтан бұрын Ұбай-Сұбайра қаласы болған, яғни сол шақта Қазақ мемлекеттілігінің теріскей шекарасы Сібір жұртын да қамтыған деген сөз. 1513 жылы Қасым хан астананы Сығанақтан Сарайшыққа көшірді. 1523 жылы Қасым хан өлгеннен кейін ұлдары Мамаш, Бұйдаш, Таһир хандар өзара талас-тартыста қаза тапты. Бұл кезде Қазақтың астанасы қандай қала болғандығы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Тарихи деректерде Қазақ хандығының қайта етек-жеңін жинап, еңсесін көтерген 1538 жылы таққа отырған Хақназар ханның тұсында Қазақ хандығы Сарайшық қаласына ие бола алмады да, Сығанақ қаласы астана болды. Кейбір деректерде Хақназар ханның тұсында Созақ пен Сауран қаласы да саяси орталықтың бірі ретінде көрсетіледі. 1582 жылы таққа отырған Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы туралы нақты дерек жоқ. Деректердің жиынтығына қарап Тәуекел хан кезінде алғашқыда Созақ, кейін Ташкент, соңынан Самарқан қаласы астана болды. Себебі,  Тәуекел хан Бұхар хандығын жаулап алуға күш жұмсап, Бұхар хандығына қарасты қалаларды басып алып, ол қалаларды біртіндеп астанаға айналдырып отырды. Тәуекел ханың тұсында Қазақ хандығы алып империяға айналды. 1598 жылы Тәуекел хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына інісі Есім хан болды. Оның кезінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының астанасы еді. Тарихшылар Түркістан қаласы Есімнен кейін де екі жүз жыл Қазақ хандығының астанасы болғандығын айтады. Есім ханнан кейін Салқам Жәңгір, Тәуке хан тұсында да хандық астанасы Түркістан қаласы болды. Бір айта кетерлігі, Тәуке хан тұсында Қазақ құрылтайлары Ангрендегі Күлтөбе, Сайрамдағы Мөртөбеде жыл сайын өтіп тұрғанымен, сол кезде де және Қайып (1715-19), Болат (1719-31), Әбілмәмбет (1731 – 1771) хандарда Түркістан қаласын астана етті. Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің кіші хандары елді жеке-дара билей бастады. Ұлы жүздің орталығы Ташкентте болып Жолбарыс хан мұнда билік жүргізді. Әбілхайыр хан кіші орданың орталығын алғашқыда Түркістан, кейін Қазалы мен Хиуаға тікті. 1771 жылы Әбілмәмбет ханның өлімінен кейін Абылай хан Түркістанда үш жүздің ханы болды. Абылай ханның өлімінен кейін оның ұрпақтары әр өңірде жеке-дара билік жүргізді. Уәли хан Көкшетауды, Ғұбайдола мен Бөкей хан Қарқаралыны орталық етті. 1801 жылы Еділ мен Жайық өзенінің арасына Бөкей ордасы құрылды. 1824 жылы Бөкейдің ұлы Жәңгір хан Орда қаласын батыстық типте тұрғызып, оны Бөкей ордасының астанасы етті. Кенесары хан ұдайы Ресей отаршылдығына қарсы күрескендіктен хан ордасының тұрақты орталығы болмады. Ал 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметі астана етіп Семей қаласын таңдаса, 1920 жылы ҚазРевком құрылды. Оның астанасы басында Орынбор, кейін  Қызылорда қаласы болып бекіді. 1929 жылы Түрксіб теміржолының салынумен Алматы қаласына таңдау түседі. Сөйтіп, Алматы қаласы 1929 – 1998 жылдар аралығында қазаққа астана ғана емес, құнары мол құтты мекен бола білді. Осы жылдар аралығында Алматы қаласында қаншама тарихи оқиғалар болды. Қазақ халқы қазіргі тәуелсіздікке Алматы астана болып тұрғанда қол жеткізді.

Егемен ел болған соң 1998 жылы астана Елбасының бастамасымен Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Мемлекет басшысы  ғасырлар бойы ұлы арманға айналған, күрмеуі қиын мәселелерге батыл кірісті. Ұлттық рәміздерді біржақты шешіп алған соң енді астана жайлы ойларға ойысты. Ұлы даланың перзенті болғандықтан, туған жеріне ту тігетін тәуелсіз елінің көк байрағы еркін желбірейтін астанасын қай тұстан салатынын таразылап, ұзақ толғанды. Өйткені, астананы ауыстыру – мемлекеттік дамудың перспективаларын толықтай жүзеге асыруға саятынын бағамдады. Ақыры қуатты мемлекетінің төл астанасы қасиетті қазақ жерінің кіндігіне, Еуропа мен Азияның құшағы қауышқан Ақмола қаласында орын тебуі қажет деген шешімге тоқтады. Демек, қала тек астана ғана емес, стратегиялық орталық болғаны анық. Елбасының ел астанасын таңдағанда: «Орталық Азияның көлемінде, Ауғанстаннан Батыс Сібірдің ең қиын солтүстік шегіне дейін, Каспийден Моңғолияға дейін кең аумақта құлаш жая орналасқан жаңа астана осы аймақтағы орасан зор инвестиция легі ағылған орталыққа айналуы. Тынық мұхит жағалауынан Еуропаға дейін созылған коммуникациялық сонарлардың қиылысында орналасқандықтан, ол болашақта ірі транзиттік тораптың өткізгіш түйініне үмітті болады және келешек жүзжылдықтың көлік-коммуникациялық  дабылына айқын үндестік білдіретін болады», – деп түйіндеді. Рас, қазіргі Астананың тоғыз жолдың торабында орналасуы оның экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге икемділігін жоққа шығармайды. Бастысы, оның экологиялық  жағынан икемділігі ескерілгенінде. Алматы жел өтпейтін биік таудың етегіне орналасқандықтан өндірісі, транспорты, от жағатын үйлерінен шығаратын түтін, газбен атмосфераны былғап, тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтіретіні  жаңа астана іздеуде есте болғаны да анық.

 Қазіргі Астана қаласының төрт  жағында  да тау жоқ,  жазық дала, ендеше бір жақтан соққан жел екінші жаққа бар кір-қоқыс, түтінді айдап кетеді, ауа жаңаруына еш кедергі жоқ.  Даланың самал желіне кеудесін айқара ашқан қала ауасы таза, байтақ сахараның өмір шырынынан нәр алған тіршілік қызықтарына толы. Талай адам әлемнің біраз астанасының ауасынан Астана ауасының ғажайып өзгешелігі, осы тазалығы мен тұнықтығында деп бұл жағдайға бірден назар аударатынын Елбасының өзі мақтаныш сезіммен еске алады. Тұңғыш Президентіміз Ақмоланы (қазір Астана) астанаға айналдыруға, қала құрылысын жүргізуде әлемге әйгілі сәулетшілердің кеңесін көп тыңдады. Соның бірі, Э. Гоуард пен Ле Карбюзье XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың  отызыншы жылдарының өзінде жай қала емес, қала-бақ салуды ұсынады. Олардың ойынша мұнда қалалардағы тұрғын үй ғимараттары жасыл желек теңізіне шомылған шағын аралдар сияқты болуы тиіс. Сәулет өнерінің жауһары саналатын Астананың «Бас сәулетшісі» Нұрсұлтан Назарбаев қаланы салуда Гоуард пен Корбюзьенің ойларын ескерген. Мұны Елбасының өзі де: «Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулетті ландшафы бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы, болашаққа қол созған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көпұлтты және көпдінді халқы бар әсем де мейірлі астана... Біздің Астана сәулет өнерінің жауһар туындыларына, үздік үлгідегі ескерткіштеріне, алуан гүлдермен өрнектелген бау-бақшаға оранған, Шығыс пен Батыстың ең озық, рухани құндылықтарын талғаммен бойына жинаған жоғары мәдениетті қалаға айналды», – деп сүйсіне еске алады.

Астананы көрген кез келген эстетикалық талғам иесі қазақ деген халықтың астана да сала алатынын, «Орда» да тұрғыза алатынын жалпақ әлемге әйгіледі. Мүлдем жаңа астана салу оңайшылықпен жүзеге асатын шаруа емес, маман құрылысшы, шаш етектен қаржы қажеттігін әркім-ақ түсінеді. Оны салуға тартылған инвестиция көлемі 2 миллиард долларды құрады, соның 70 пайызы өз инвестициямыз. Дәтке қуат етеріміз, өз бас қаламызды салуды жағдайымыз көтеретін, әлем таныған беделді мемлекетке айналдық. Бүгінгі Қазақстан – әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды, қоғамдық-саяси құрылымы берік, кешегі барлық кедергіден өтіп, тұрақтылық пен ынтымақтың, бірліктің туын тіккен, әлем таныған ел. Орталықтың Астанаға көшуінің тағы бір себебі, қазақ елінің топырағы құнарлы, әсем, шаруаға жайлы, тұрмысқа қолайлы аймағы солтүстік бес облыста жатқандығында. Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының негізгі тұрғыны орыстар болғандықтан, Елбасымыз қазақтарды оңтүстік аймақтан солтүстікке өз қалауымен қоныс аударуына жол ашты. Қазір қазақтар тығыз қоныстанған Семейден Өскеменге, Жезқазғаннан Қарағандыға, Торғайдан Қостанайға, Көкшетаудан Қызылжарға, Оңтүстік облыстардан Астанаға көш түзеуде. Елбасының, міне, осындай, өзге ұлттардың құқығына қол сұқпай, өмірдің өз талабымен жүзеге асып жатқан сара жолы, ұлағатты, қайраткерлік тұлғасы, адамгершілік мұраттарына сай саясаты әркімді тәнті етпей қоймайды.

 Врезка:

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ АСТАНАСЫ

Сақ – Яксарт

Ғұн – Ордос

Үйсін – Шекүк (Чигунь)

Түрік – Еркіне-көн, Өтекін, Суяб

Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтары – Суяб

Батыс Түрік қағандығы, Қарахан және Қарақидан мемлекеті –  Баласағұн

Оғыз мемлекеті – Испиджаб (Сайрам), Отырар (Фараб), Жанкент (Янгикент

Қимақ мемлекеті – Имақия

Найман мемлекеті – Қарабалық

Керей мемлекеті – Би-төбе

Шыңғысхан империясы – Қарақорым

Дешті Қыпшақ – Орда Базар мен Женд

Ақ Орда – Сауран мен Сығанақ (Сунақата)

Көк Орда –Шаңғы-Тара (бүгінгі Тюмень)

Қазақ хандығы – Баласағұн, Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық, Ұбай-Сұбайра, Созақ, Ташкент, Түркістан

Кіші орда –  Хиуа Уәли хан – Көкшетау

Абылай хан – Түркістан

Ғұбайдола мен Бөкей хан –Қарқаралы

 Жәңгір хан – Бөкей ордасы

Алаш Орда – Семей

Каз Ревком – Орынбор

Түркістан Республикасы – Қызылорда

Қазақ ССР – Алматы қаласы

Қазақстан Республикасы – Астана.

 Untitled

Қажет АНДАС 1974 жылы 22 маусымда ҚХР, Күнес ауданында туды. ҚХР ШҰАР университетінің заң, ШҰАР пед институтының қазақ тілі мен әдебиеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің журналистика және қазақ тілі мен әдебиетіні мамандығының магистратурасын бітірген.

Қазақстан Республикасы Журналистер және Театр қайраткерлері одақтарының мүшесі. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Ілиястану» ғылыми-парактикалық орталығының кіші ғылыми қызметкері. Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы, «Парасат жолы» (2013), «Жетісу баспасөзінің тарихы» (2013),  «Жерұйық мекен» (2014), «Алты жол өлең» (2014) атты кітаптары бар.

 demeu2

Қатысты Мақалалар