Түркияда 18 мыңнан аса мемлекеттік қызметші жұмыссыз қалды

/uploads/thumbnail/20180708161240092_small.jpg

Түркияда түрлі министрліктер мен ведомстволардағы мемлекеттік қызметтен "ұлттық қауіпсіздікке қарсы іс-әрекет" күдігіне іліккен 18 мыңнан астам адам босатылған. Бұл туралы жексенбі күні "Ресми газета" басылымында жарияланған "заңды күші бар жарлықта" айтылған.

Шілденің 8-інде жарық көрген жарлыққа сәйкес, елде 12 ассоциация, үш газет және телеарна жабылады. Ең көп адам – 9 мыңға жуық қызметкер Бас қауіпсіздік басқармасынан жұмыстан босатылады. Сонымен бірге ғылыми институттарда еңбек еткен 199 адам жұмыссыз қалды. Жұмыстан босағандардың барлығы мемлекеттік қызметшіге тиесілі жеңілдіктен айрылды, оларға мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге тыйым салынған.

Осыдан екі жыл бұрын іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетінен кейін елде жарияланған төтенше жағдай тәртібі осы айда аяқталады деп хабарланған.

Түркия үкіметі 2016 жылғы шілденің 16-сында 250 адамның қазасына себеп болған мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты деп АҚШ-та тұратын түрік діни қайраткері Фетхулла Гүленді айыптайды, Гүлен өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар