Президенттіке үміткер Жарылқап Қалыбай туралы "жұлдыздар" не дейді?

/uploads/thumbnail/20170708172022897_small.jpg

Ақбота КЕРІМБЕКОВА, әнші:

– Жарылқап Қалыбайды өз ісінің майталманы ретінде жақсы білемін. Бұл сайлауда Елбасының өзі сайланатыны белгілі ғой, дегенмен сайлауға қатысуға кім-кімнің де хақысы бар деп ойлаймын. Жарылқап ағаның билікке ел-жұрттың проблемасын жеткіземін деуі – құптарлық іс-ақ. Елдің қамын ойлайтын азаматтардың билік басына келгеніне шын қуанамыз.

Саят МЕДЕУОВ, әнші: – Мен Жарылқап Қалыбайдың Президенттікке үміткер болуына қарсы емесіпін. Мұны «дұрыс емес» деп қабылдаудың қажеті жоқ. Әркім өз шамасын біледі ғой. Мысалы, мен өзімді Президенттікке ұсына алмас едім деген секілді. Жарылқап ағаның білімі, өрісі жетіп, «ұлттың талап-тілегін билікке жеткіземін» деп тұрса, онда неге өзін Президенттікке ұсынбасқа?

Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші: – Жарылқап Қалыбайдың президентікке үміткерлікке сайлауға қатысып жатқанын қолдаймын. Өйткені Жарылқап Қалыбай – елімізге танымал азамат. Екіншіден, өте мықты, сауатты журналист. Журналистер – халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір. Егер журналист қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жанайқайын билікке жеткізбесе, кім жеткізеді?! «Төртінші билік өкілдері» деп журналистерді айтады ғой. Қазір, өкінішке қарай, ұсақ-түйек, өсек-аяң жазғыш журналистер көбейіп кетті. Жарылқап аға – бұрынғы аға буын журналистердің бірі. Сондықтан оның президенттікке үміткер ретінде тіркеліп, халықтың мұң-мұқтажын жеткіземін дегені жас журналистерге үлгі болуы керек. Осы орайда ол кісінің бастамасын қолдаймын!

Алтынай ЖОРАБАЕВА, әнші: – Халықты ойлаған әрбір азаматтың «елім» деп соққан жүрегінен айналып кетесің ғой. Өйткені ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша күресіп алып қалған жерін көркейтіп, ұрпақтың өсіп-өнуіне кішкене болса да ықпалы тигені жақсы. Жарылқап ағайдың президенттікке үміткер ретінде тіркелгенін басында түсінбей қалдым. Сөйтсем, ол кісінің көздегені халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру екен ғой. Әрине, ондай азаматтардың барына қуанамыз.

Жазира БАЙЫРБЕКОВА, әнші: – Біздің елде халықтың сөзін сөйлейтін азаматтар өте аз. Сондықтан Жарылқап Қалыбайдың «осы сайлауды пайдаланып, халықтың әлеуметтік жағдайын, талап-тілегін, мұң-мұқтажын билікке жеткізсем» деген ойы маған ұнады. Сол себептен ол кісіні қолдаймыз. Ұлтын, елін сүйетін азаматтардың бас көтергені, шынында да, бізді қуантады.

Мақсат БАЗАРБАЕВ, әнші: – Шынын айтқанда, біз саясатқа мүлдем араласпаймыз. Сондықтан Жарылқап Қалыбайдың сайлауға қатысатыны туралы пікірімді айтпай-ақ қояйыншы. Себебі бізге «звонок» келді. Алдын ала ескерту жасалды.

Гүлмира АҚҮРПЕКОВА, әнші: – Мен саясатқа араласқанды ұнатпаймын. Әр азаматтың өзін кандидаттыққа ұсынуына құқы бар ғой. Жарылқап аға емтиханнан өткенін жаңалықтардан естідім. Әртістерді халық «өте бай, жағдайы жақсы» деп ойлайды. Үнемі көмек сұрайды. Сондықтан Жарылқап аға осы сайлау додасы арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын көтергенін қалаймын. Президенттің де негізгі мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту ғой, сол жолда жұмыс істеп жатыр. Жалпы, халқын ойлайтын азаматтардың көп болғанын қалаймын.

Тамара АСАР, әнші: – Ж.Қалыбай – өте іскер адам. Ол кісі – жоқтан бар жасаушы, ұлтшыл азамат. Әрине, президенттікке қол жеткізу қиын, бірақ бұл мақсаты құптарлық іс.

Топтастырған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар