Табысынан салық төлемеген әртістер енді айыппұл арқалайды. Бұл туралы Алматы қалалық кіріс департаментінің басшылары хабарлады.
Жұлдыздардың басын қосып, жиын өткізген салықшылар өнер адамдарын өз еріктерімен кәсіпкерлік ашуға шақырды. Салықшылар өнер жұлдыздарын жиып, жеке кәсіпкерлік ашуға үгіттемек болған. Алайда шақырылған 400-ден аса әртістің небәрі 30 шақтысы ғана келді. Десе де, жоспарлы жұмысты жалғастырған мамандар табысын жасырған әртістер жазасыз қалмайды деп отыр. Кімнің қанша пайда тапқанын дәлелдеу үшін алдағы уақытта тойлар мен кештерге рейд жүргізіп, фирмасы жоқ өнер иелеріне дүрсе қоймақ. "Тіркелмеген әртістерге келетін болсақ, олардың бізге аты-жөні, бәрі белгілі. Кез келген әртісті тексеруге болады. Тіркелген-тіркелмегенін кез келген инспектор тексере алады. Егер әртіс кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, оларға әкімшілік айыппұл салынады",- деді Алматы қалалық кіріс департаментінің бөлім басшысы Еділ Әзімшайық. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша кіріс департаментіне 1 мың 29 өнер адамы кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Өткен жылы соның 650-і ғана табысынан 45 миллон теңге салық құйса, 35 пайызы кіріске көк тиын да төлемеген. Осыны сөз еткен басшылар әрбір әртіс айына "миллондап табыс табады" дегеннен жаңылмай отыр.