Алматыда халықаралық «Mural Fest» стрит-арт фестивалі басталды

/uploads/thumbnail/20180829124923864_small.jpg

Бүгін Алматыда Қала күніне орай ІІІ Халықаралық «Mural Fest» фестивалі шымылдығын ашады. Әлемнің он шақты елінен келген кіл мықты суретшілер мегаполис­тегі  бірқатар көпқабатты үйлердің қасбетіне сурет салудан өзара бақ сынасады. Бұл байқау Алматыда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы фестивальге Оңтүстік Шығыс Азияның атақты суретшісі Kenjі Chaі қатысады. Ол 87,1 метрге жететін ең биік суреттің авторы атанып,  Малайзия елінің ұлттық рекордын орнатқан екен. Суретші Әуезов ауданындағы «Мамыр- 3» ықшамауданында орналасқан 9 қабатты үйге сурет салып, өз қолтанбасын қалдырмақшы.

– Бұл өте қызықты фестиваль болмақ. Өз басым мүмкіндіктерімді осы фестивальде барынша көрсеткім келеді. Алматы – үлкен әрі өте әдемі мегаполис екен. Жұмыстарым арқылы алма шаhарын тағы бір көрікті ғимарат тарту етсем деймін, – дейді Kenjі Chaі.

Бұдан өзге, Украина елінің суретшісі Андрей Кравченко Бостандық ауданы Тимирязев пен Жароков көшелерінің қиылысында ғимараттың қасбеттерін суреттерімен безендіреді. Ресейлік «ZukClub» тобының, сондай-ақ Түркия, Ұлыбритания елінен келген суретшілердің жұмыстары да осы байқауда көрініс табады.

Сонымен қатар, қала көшелерінде қоғам қайраткері, лингвист, әдебиеттанушы, түрколог, аудармашы А.Байтұрсыновтың, қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың портреттері де пайда болмақ.

Жалпы, фестиваль аясында Алматының әр ауданындағы 10 үйдің қабырғаларына суреттер салынады. Соңғы екі жылдың ішінде Алматыда 17 үй осылай әрленген екен.

Бір кездері мегаполистегі үйлердің, ғимараттардың қабырғаларында қаптап кеткен сиқысыз суреттерді, бояумен жағыл­ған түсініксіз сөздерді бұзақылыққа жатқызған едік. Мұны қазіргі жастардың әдепсіздігі, деліқұлы дерт деп айтқандар да болды. Ал қазір бұл жабайылықтың көрінісі емес, керісінше, бейнелеу өнерінің заманауи үлгісі ретінде қабылдануда. Әрине,  көпқа­батты тұрғын үй қабырғаларындағы қарын аштырар суреттер, қияли көріністер, ұят бояулар әлі де бар. Тәртіп бұзғандар заңмен қудаланбаса, олар болатын да шығар. Стрит-арт бағыты елімізде кең етек жаймаса да, Алматыда осы өнерді ермек ретінде ғана емес, кәсіби деңгейде алып жүрген екі жігіт бар. Олар – Ержан Танаев пен Аққали Зәкіров. Көпшілікке «Tіgrohaud Crew» деген атпен таныс бұл топ 2007 жылы құрылыпты. 

Елімізге стрит-арт өнерін әкеліп, дамытып жүрген Ержан Танаев пен Аққали Зәкіров  Алматыдағы Орал Таңсықбаев сәндік-қолданбалы өнер колледжін, кейіннен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдаған. Суретшілер одағының мүшелері.

Жігіттердің стрит-арт өнерімен «таныс­тығы» 2007 жылы Алматыда өткен «Snіckers UrbanиЯ» фестивалінде болады. Көше өнерінің бар бағытын біріктірген шарада граффити бойынша байқау болады. Сондағы граффитишілердің жұмысы жігіттерді шабыттандырады. Кейіннен аталған фестивальге өздері де қатысып, жеңімпаздар қатарынан орын алады. Біраз жылдан кейін жас суретшілер мурал, яғни қабырғаға үлкен көлемде сурет салу өнерімен шұғылдана бастайды.

–  «Мурал» сөзі ағылшын тілінен аудар­ғанда – «қабырғадағы сурет» деген мағы­наны білдіреді. Мурал-арт суреттері кез-келген жерге бояу жағып кету, сиқысыз суреттер салу емес. Бұл өнер граффитиге ұқсас келгенімен, мурал биік ғимарат­тардың қабырғаларына арнайы рұқсатпен сурет салуды көздейді. Бұл өнерді дұрыс пайдаланса, онымен үйдің сыртын да, ішін де көріктендіріп жіберуге болады, – дейді Ержан Танаев.

Суретшілердің ең алғашқы мурал бағы­тындағы жұмыстары Талдықорған қала­сында пайда болыпты.  Олар: «Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығына» арналған мурал,  ғарышкер Айдын Айымбетов пен боксшы Геннадий Головкиннің порт­реттері.

Ержанның айтуынша, стрит-арт көше­дегі сурет болғанымен, бұл қарапайым адамды өнерге біртабан  жақындауына үлес қосады екен. Сонымен қатар, тұрғын үй қабырғасына салынған әдемі суреттердің адам өміріне өзгеріс әкеліп,  адамның көңілін жайландыратынына сенімді.

«Кенепке салынған сурет музейде, жеке адамның үйінде тұрады. Адамдар музейге арнайы барып оны тамашаламаса, ол сол күйі тұрады. Ал далада, үйдің қабырғасына салынған суретті өткен-кеткеннің бәрі көреді, – дейді суретші.

– Өнердің бұл түрін онша қабылдамай, түсінгісі келмейтін, тіпті, еріккеннің ермегі деп санайтындар бар. Мен үшін қабырғаға сурет салу өнері – хобби, әрі кәсіп. Менің досым да, отбасым да, саяхатым да, қы­зығу­шылығым да осы, – деп жалғастырды сөзін біздің кейіпкер.

Бұл суретшілермен жұмыс істегісі келетін адамдар көп екен. Олар еліміздің көптеген аймақтарына тапсырыспен барып сурет салады. Жігіттердің жұмыстарын Ақтау, Ақтөбе, Астана, Қостанай қала­ларында көруге болады.

Ал Алматыда «Tіgrohaud Crew» тобының үш жұмысы бар. Бірі – «Мамыр» ықшамауданындағы «Спутник» ойын-сауық орталығының маңындағы үйде. Екіншісі, «Құлагер» ықшамауданында  және Назарбаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында тұр.

Айтуларынша, суретшілер әлеуметтік тақырыптағы суреттерді салмайды.

– Кәсіби суретші болғаннан шығар, кез-келген туындыдан әуелі іздейтініміз көркемдік, әдемілік. Жұмыстарымызда түс пен форма үйлесім тапса екен дейміз. Әлеу­меттік тақырыпта жасайтын сурет­шілер визуалды әдемілікті іздемейді, олардың басты мақсаты – қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістерге адамдардың я биліктің назарын аудару, – дейді Е.Танаев.

Бұл жұмыста кедергілер де жоқ емес көрінеді.

– Стрит-арт та кез-келген өнер түрі сияқты мінезді талап етеді. Оған қоса, көшеде сурет салғаннан кейін көптеген кедергілер болады. Ауа-райы да күнде қолайлы бола бермейді. Бірде суық, бірде ыстық. Ол жұмыстың астына күн ыстық болып, жұмысымды аяқтай алмайм дей алмайсың. Сенің қандай жағдайда жұмыс жасағаның ешкімді қызықтырмайды. Бәрі тек нәтижені көргісі келеді. Сондықтан бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу маңызды.

Шеберханада жұмыс жасап үйренген адам далада өзін басқаша сезінуі мүмкін. Адамдардың көзқарасынан, сөзінен ұялатын болса, ол сурет сала алмайды. Оның үстіне биікке көтерілуің керек. Биіктіктен қорқып, қолың дірілдейтін болса, тағы ештеңе шықпайды. Сол себепті, барлық қорқынышты ұмытып, кез-келген жағдайға үйрену қажет. Ал ең бастысы, өз ісіңді жақсы көруің керек. Тек сол арқылы жақсы туынды жасауға болады, – дейді біздің кейіпкерлер.

Суретшілердің айтуларынша, Алматы­ның бүгінгі келбеті бұрынғыдан да құлпыра түскенімен, әр аудандарда әлі де болса сүреңсіз, қабырғалары қаңыраған ғима­раттар бар.

– Мәселен, сол шаңы шыққан қабырға­ларға қазақтың батырлары мен ақындары­ның, билерінің суреттерін салып, жаңар­туға болады. Тіпті, қарауға да тұрмайтын бірқатар үйлердің қабырғалары әп-сәтте қажеттілікке айналып, жан-дүниемізге жылу сыйлай кетеді, – дейді А.Зәкіров.

Ең бастысы, суретшілердің айтуларын­ша, бұл өнерді ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында тиімді пайдалануды үйренуіміз керек екен.

Расымен, суретшілердің жұмыстары көне баспаналарды түбегейлі өзгерткені соншалықты, үй сыртына салынған сурет­терді көргенде, мүлде басқа қалаға кел­гендей әсерде қаласыз. Сондықтан қала­ның, көшенің көркіне, сәулеттік келбетіне көрік қосатын осындай жақсы бастамалар керек-ақ.

Қатысты Мақалалар