Жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі

/uploads/thumbnail/20180914145958902_small.jpg

Автомобиль жолдары комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің бұрынғы директоры, қазір зейнеткер Бағлан Баймағамбетов өзінің Елбасымен кездескенін күні бүгінгі оқиғадай ерекше ықыласпен  әңгімелеп берді.

  - Ең бастысы, - дейді ол, Елбасының көреген саясатының арқасында жүзеге асып жатқан бүкілхалықтық іске қолымнан келгенше үлес қосып, әлемде жаңа бір мемлекет құру қадамына атсалысқанымды тағдырдың сыйы, өмірімнің жауапты сәттері деп есептеп, мақтан тұтамын. Әлем мойындаған кемеңгер тұлға, қазақтың бақытына жаралған біртуар азаматы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен өткен ғасырдың соңғы онжылдығынан бері кездесіп келемін. Облыс, ел көлемінде оның стратегиялық саясатын қолдап, содан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға қолдан келгенше атсалысып келемін. 1998 жылдың қазан айында еліміздің бірқатар облыстарындағы ірі кәсіпорындардың басшылары Ақтөбе облысының әкімі Аслан Мусинге Ақтөбе қаласында Қазақстан Азаматтық партиясының құрылтай съезін өткізу туралы ұсыныс жасап, ол қабылданған болатын.

Назарбаев

Азаматтық партиясының құрылтай съезінде

Сол жылдың 17 қарашасы күні «Қоныс» спорт сарайында өткен құрылтай съезіне еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардан сайланған 2826 делегаттың 2786 қатысты. Осы съезді сол кездері Ақтөбе мемлекеттік азық-түлік корпорациясының президенті, ынталы топтың жетекшісі болған өзім жүргізіп отыру абыройына ие болдым. Президенттік сайлауға түскен Нұрсұлтан Әбішұлы осы басқосуда сөз сөйлеп, съезд жұмысына оң баға беріп,  ризашылығын білдірді. Бұл біздің еңбегімізге берілген ең жоғары баға болып табылған-ды. Бұл саяси шара туралы кезінде еліміздің БАҚ түгелдей жазып, хабарлаған болатын. Уақыт талабына сай кейінгі жылдары «Нұр Отан» партиясына қосылған Азаматтық партия ел саясатына өзінің салмақты үлесін қосты. Ақтөбелік Парламент депутаттары Амангелді Айталы, Сәния Қалдығұлова мен Болат Әбішевтер саясат төріне біздің қолдауымызбен шығып, ел тәуелсіздігін нығайту жолында халық сөзін сөйледі  десек, шындықтан аттамаймыз. «Нұр Отан» партиясы айқындаған мақсаттар мен міндеттер менің де қызмет барысындағы бағдарламаға айналды.

Кейінгі жылдары да Ақтөбе өңіріне іс-сапарлары кезінде Елбасымен әлденеше жүздесіп, тілдесу сәті түскен болатын. Осындай күндердің бірінде мен Үлкен Адамға оның Теміртаудағы жастық жалынды күндерінде бір бөлмеде жатып еңбектес болған, қара нанды қақ бөліп, жастық шағын бірге өткізген Темірболат Құбашев менің бокстан бапкер ұстазым екенін, ал өзім ұлттық ат спортын өңірімізде барынша дамытуға үлесімді қосып келе жатқанымды жеткіздім. Елбасымыз мені мұқият тыңдап, оң қабақ танытты. Себебі ол да атқұмар, қазақы мінезді жан екен, жанары жайнап қоя берді, өзінің жақсы көретін көк жорғасы бар екенін де жасырған жоқ. Сөйтіп ол менің бұл істі тоқтатпай, жалғастыра беруім керектігін де ескертті. Жалпы Елбасы қандай да бір сыйлықтан бас тартса да, қазаққа қасиетті жылқы малын сыйға ұсынғанда қарсылық білдірмейді екен. Бұл іске өте маңызды ықылас қойып, өзі де жылқыны баптап-өсіретін орын салдырған.

          Нұрсұлтан Әбішұлының жылқы малына деген көзқарасы, атбегілігі бөлек әңгіме. Президенттің ер үстінде қазықтай қадалып отырғанына сүйсініп, бала күнінен ат жалында ойнап өскен шопан ұлына тән қасиеті мол екен деп тұжырымдадым ішімнен.

          Нұрсұлтан Әбішұлының  сәйгүлікті  бір қарағаннан байқайтын, мал танитын қасиеті де бар екен. Мұны келесі бір кездесу – 2001 жылдың 2 маусымында байқадық. Елбасының осы бір атқұмарлық қазақи қалпын байқаған біз оған 2000 жылы салынып біткен ипподромда Ақтөбе сәйгүліктерімен таныстыруды ұсынып едік, уақытының тарлығына қарамастан Президент аз да болса бұл іс-шараға өзінің алтын уақытын бөлді.

Уақыттың тығыздығына байланысты Елбасы ипподромға соқпауы да мүмкін, - деген болжамға атбегілер сенген жоқ. «Жүйрік аттың жолында жанын беретін қазақтың баласы тұлпар тұяғының дүбірін естіп тұрып мойын бұрмауы мүмкін емес, қалай да уақыт табады» деген-ді олар.

          Сейістердің сенімі алдаған жоқ. Есет батыр атындағы полиция мектебінен шыққан Президенттің көлігі ипподромға тұмсық тіреді. Ширақ қимылдап, трибунаға көтерілген ол «қазір ұшқыр аттар жарысы болады» дей бергенде, «әй, мынау тайпалған жорға ғой» деді алаңда сар желіп бара жатқан топ аттың ішінен бір сәйгүлікті нұсқап, - әттең, бірақ ұзақ шабысқа шыдамайды екен, - деді.

          Қырағы көздің қапы кетпегенін кейін атбегілер де мойындады.

          Ипподром қазір тек қана жарыс алаңы емес, аттарды баптайтын да орын. Президенттің келу салтанатына 70 ат әзірленіпті. Олардың қатарында Есет батыр атындағы әскери-полиция мектебінің, Қандағаш қаласының «Владимир» ЖШС-нің, Алға ауданы, Есет ата әулие атындағы ӨК-нің, Хромтау ауданының «Айнұр» шаруа қожалығының, Қарғалы ауданы «Табиғат» ЖШС-нің, Ақтөбе қаласының «Нұрдәулет» ЖШС-нің аттары бар.

          5 минут шамасындағы уақытта ұйымдастырушылар желіс және ұшқыр аттар жарысын көрсетіп қана үлгерді. Соңғысында «Владимир» ЖШС-нің «Файзи» атты сәйгүлігіне мінген Нәсенов Нұрхан есімді бозбала «ақтаңгерлеп» ұран салып мәре сызығын кесіп өте бергенде Елбасы да орнынан тұра кетті.

          Қазақ пен жылқы егіз ұғым деген рас екен ғой.

          Ипподромды көріп, ризашылығын білдірген Елбасы ат спортын әрі қарай дамыту жөнінде маған тапсырмалар беріп жатты.

          2008 жылдың 22 қыркүйегінде Ақтөбеде Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы болып өткені белгілі. Оған Ресей Президенті Д.Медведев бастаған көршілес елдің бір топ губернаторлары да қатысқан болатын. Облыс басшылығының сыйлы қонаққа ат мінгізіп, шапан жабу ата салты ғой, Д.Медведевке  асыл тұқымды арғымақ тарту етейік деп шешіп, осы шаруаны маған жүктеді. Осылайша, көптің көмегімен сонау Венгриядан бір ауқатты жанның ат сарайынан генефонды (ата тегі) жылдар бойы жазылып келе жатқан араб арғымағын алдыруға қолымыз жетті. Бұл енді ұлы Абай «Аттың сынында» айтқан:

          Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

          Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

          Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

          Ой желке, үңірейген болса сағақ

сөздерінің иесі бола алатын, сұлулығына көз тоймайтын, асылдың асылы еді. Енді осы «арабымыз» Президент Д.Медведевке табыс ету сәтінде мінез көрсетіп, асаулығын еске алғаны...

Назарбаев

          Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы «асауға» жақындап, оқыс үнмен бір жекіргені бар. Белгілі бір қасиеті бар адам қандай да болса, асаудың мысын басады дегенге осы жолы көзіміз жетті, арғымақ жас баладай жуаси қалды. Елбасы оны еркелетіп кекілінен, жалынан, иілген мойынынан сипап өзіне сендіріп алды да, тізгінінен ұстап Д.Медведевке жақындап, оған табыс етті.

- Вот это красавец! – деп сүйсінді.  Ризашылық танытқан Д.Медведев дегенмен біздің Елбасындай жылқының кекілінен сипай қойған жоқ...

          Кезінде Елбасының бірнеше инаугурациясына қатысу бақытына ие болдық, биылғы маусымдағы Президент инаугурациясына да қатыстым, - деп аяқтады әңгімесін Бағлан Баймағамбетов.

Балнияз Ажниязов, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар