Облыстық әкімдіктің отырысында мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі СҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Қазір облыстағы мектептердің 87 % кең жолақты интернетке қосылған. Петропавл мен аудан орталықтарында бұл көрсеткіш 100 %, ауыл мектептерінде 85 % құрайды. Жыл соңына дейін тағы 41 мектепке ғаламтор жетеді. Сөйтіп, жыл соңында мектептердің 94 % кең жолақты интернетке қосылса, интернетпен қамтасыз ету 100 % жетеді. Дегенмен, облыс әкімі облыстағы мектептердің тек 70 % ғана WI-FI желісіне қосылған дейді.

«Интернет бар, WI-FI жоқ. Бұл да қиындықтар туғызады. Әсіресе, үлкен мектептерге. Қызылжар ауданында барлық мектептер интернетке қосылған, алайда WI-FI желісіне тек 25 % қосылған. Аудан әкімдері келесі жылы бұл бағытқа бюджеттен қаражат қарастырсын»,- деді Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы бұл мәселені облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімоваға өз бақылауына алуды тапсырды.
Айта кету керек, жыл соңында солтүстікқазақстандық оқушылардың 95 % «Күнделік.KZ» бірыңғай ақпараттық жүйесінде жұмыс істей алады. Қала мектептерінде «SMART балабақша» және «SMART мектеп» атты пилоттық жобалар жүзеге асып жатыр.