Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында талқыланды. Бағдарламаның жүзеге асырылуы және 8 айдағы жетістіктер жайында ҚР инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтып берді.
Құрылыс бойынша жоспар 64 процентке орындалды
«Нұрлы жер» аясында жыл басталғалы 7,7 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй эксплуатацияға берілді. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, биыл 7,7 млн шаршы метрді құрайтын пәтер эксплуатацияға беріліп, жылдық жоспардың 64 пайызы орындалды.
Көппәтерлі тұрғын үй құрылысының өсімі
Спикердің сөзіне қарағанда, тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мен несиелеу бойынша жеңілдіктер ұсыну арқылы тұрғын үй құрылысы инвестициясының өсімі байқалады.
«8 айдың қорытындысына сәйкес, 702 млрд теңге қаражат жұмсалды. Былтырғы көрсеткіштен 31 процентке артты. Республика бойынша 67 055 тұрғын үй берілді, сонымен қатар 26 665 жеке үй де бар», - деді Жеңіс Қасымбек.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін кредиттік тұрғын үй
2 жылға толар-толмас уақытта 18 500 пәтер берілді, бұған қоса биылғы жылдың 8 айында 1970 пәтер өткен.
«Әкімдіктер салып жатқан құрылыс кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімді болуын ниет етті. Бір шаршы метрі 140-180 мың теңге болатын болады. Сатып алушылар тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне салымшы болып табылады. Олардың жартысы – әкімдіктердегі төлем жасауға мүмкіндігі бар кезекте тұрған азаматтар. Бұл механизм қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие – алғашқы төлемнің төмен бағасы, минималды үстеме бағалар. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тиісті қаражаттың 50 процентін жинаған уақытта несие жылдық 4 процент үстемемен беріледі, бұл тиісінше қолжетімді. Сонымен қатар алдын-ала және аралық қарыздарда да қарастырылған», - деді министр.
Министрдің сөзіне сенсек, бүгінде жинақ мөлшері 30 пайызға азайған, ал табысы тұрақты біздің бюджеттіктер, мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер құрылыс жинақ банкі арқылы пәтерге қол жеткізе алатын мүмкіндікке ие болды.
Биыл 8 айдың ішінде «Нұрлы жер» жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында 922 пәтер берілді.
Жалдамалы пәтерлердің саны артқан
Сатып алуға болмайтын жалдамалы пәтерлердің құрылысы – «Нұрлы жер» бағдарламасының 4 бағытының бірі.
«Небәрі 2 жылда 6182 жалдамалы пәтерді өткізу жоспарланған. Бүгінгі күні 3542 пәтер берілді, 8 айда 922 пәтер өткіздік», - деді Жеңіс Қасымбек.
Рекорд жаңартқан ең төменгі бағалар
Бір шаршы метрі 120 мың теңге тұратын ең арзан бағадағы тұрғын үй – 14 облыста да жүзеге асырылуы тиіс алдағы жоспар.
«Бірыңғай архитектуралық стильдегі пәтерлерді тұрғызу бойынша пилоттық жоспарды жүзеге асыру жалғасып келеді. Бір шаршы метрі – 120 мың теңге. Айта кету керек, құрылыс барысында отандық құрылыс материалдары қолданылады. Жалпы пилоттық үйлердің саны 2 мыңға жуық, 2017 жылы 184 үй берілді», - деді даму және инвестиция министрі.
Министрдің айтуынша, пилоттық үйлердің 353-і Ақтөбе облысында, 200-і Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай облысында 219, Жамбылда 565, Алматыда 202 және ОҚО-да 166 үй бар.
Түйін
Сөзін қорытындылай келе, Жеңіс Қасымбек Елбасының Жолдауы барысында айтқан тапсырмасын еске салып өтті. Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолауында 2030 жылға дейін бір адам 30 шаршы метр пәтермен қамтамасыз етілетіндей дәрежеге жеткізу керектігін тапсырды.
Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысамын деген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беруі қажет. Одан кейін әкімдіктің кезегіне тұрады.
Баяғдарлама аясында соғыс ардагерлеріне, жетімдерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға және мемлекеттік қызметкерлерге басымдық беріледі. Олар да өтініш жазып, кезекке тұруы тиіс.
Аталған санаттағы адамға жатсаңыз да, «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана алу үшін бірнеше талапқа сай келуіңіз шарт.
Біріншіден, соңғы бес жылда атыңызда баспана болмауы керек. Екіншіден, Астана мен Алматыда ең кемі екі-үш жыл тіркеуде тұрған болуыңыз қажет.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй жылдық мөлшерлемесі 10 пайыз жеңілдікпен беріледі. Ол үшін мынадай кезеңдерден өтесіз:
Бірінші қадам: Банкке қарыз жөніндегі құжатты және субсидия алу үшін жазған арызыңызды көрсетесіз. Қажетті құжат тізімін банктен біле аласыз.
Екінші қадам: Банк кепілдемеңіз мен төлем жүргізу қабілетіңізді тексереді.
Үшінші қадам: Егер Банк сіздің өтінішіңізді қабыл етсе, 3 жұмыс күні ішінде Қазақстан ипотекалық компаниясына субсидияны беру туралы қолдаухатын (ходатайство) жібереді.
Төртінші қадам: Қазақстан ипотекалық компаниясы 5 жұмыс күні ішінде құжаттарыңызды тексереді.
Бесінші қадам: Қазақстан ипотекалық компаниясы 5 жұмыс күні ішінде Банкке қабылдаған шешімі жөнінде жазбаша жауап жібереді.
Алтыншы қадам: Банк Қазақстан ипотекалық компаниясының қабылдаған шешімі негізінде сізбен келісімшартқа отырады, ипотекалық келісім, төлем кестесі құрылады, екі тарап субсидиялау келісіміне қол қояды да, оны Қазақстан ипотекалық компаниясына жөнелтеді. Келісімшартқа қол қойғаннан кейін Қазақстан ипотекалық компаниясы 2 жұмыс күні ішінде Банкке келісімшарттың екі данасын жібереді. Оның бірін Банк сізге береді.
Жетінші қадам: Келісімшарт қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Сіз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен ипотека аласыз.
Нұрлы жер» бағдарламасы негізгі 5 міндетті іске асыру арқылы халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешуге бағытталған:
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру.
Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу.
Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру.
Ипотекалық кредит берудің қолжетімдігін арттыру.
Пікір қалдыру